Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ерболат Омаровтың айтуынша, кейінгі 5 жыл ішінде Жылыой, Исатай, Қызылқоға және Құрманғазы аудандарының елді мекендерінде жалпы аумағы 76,5 гектар жерде құм көшкініне қарсы жұмыстар жүргізілген. Енді аудан әкімдіктерінің ұсыныстары негізінде жаңа учаскелер айқындалып, тиісті жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді.2026 жылы жұмыстардың нақты ауқымы айқындалып, мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін келесі жылы бюджеттен қаржы сұрау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Исатай ауданында Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне байланысты жағалау бойында құм көшкінін тоқтатудың жаңа әдісі қарастырылып жатыр. 100 шақырымға жуық аумақты қамтитын жобаның сметалық құжаттамасын әзірлеуге шамамен 100 млн теңге қажет. Қазір бұл мақсатқа керекті қаржы сұралып жатыр.
– Әкімдіктің және тұрғындардың ұсыныстары бойынша алдын ала нүктелер мен аймақтар белгіленіп, шамамен 100 шақырымға жуық аумақ нақтыланатын болады. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлейтін мекеме қай жерде қандай жұмыс жүргізу керектігін ғылыми тұрғыда негіздеп береді. Содан кейін нақты шешім қабылданады. Ол жерде тек ағаш егу емес, қамыстан, ағаштан немесе өзге де материалдардан арнайы кедергілер жасау мәселесі қарастырылуда. Мұндай жұмыстың өзіндік механизмі бар, - деді басқарма басшысы Ерболат Омаров.
Айта кетейік, соңғы 3 күн бойы Каспийден Атырауға шаңды дауыл соқты.