Sputnik.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
АСТАНА, 10 сәуір – Sputnik. Президент Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузовты қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Николай Подгузов мемлекет басшысына ЕАДБ болжамын таныстырды.
"Соған сәйкес, биыл еліміздің жалпы ішкі өнімінің өсімі 5,5 пайыздан кем болмайды. Бұған инвестицияның қарқыны, ауқымды инфрақұрылымдық бағдарламалар, сондай-ақ ішкі сұраныс пен әлеуметтік көрсеткіштердің тұрақтылығы әсер етеді", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа банктің 2022-2026 жылдар аралығында жүзеге асырған стратегиясы аясында жалпы инвестиция көлемі 9,2 миллиард долларға жеткені жөнінде мәлімет берілді. Қазақстан экономикасына 5,2 миллиард доллар қаржы құйылды. Бұл – банктің өткен 15 жылда салған инвестициясымен парапар.
Атап айтқанда, 2,1 миллиард доллар өнеркәсіпті дамытуға, 1 миллиард доллар энергетика саласына, 1 миллиард доллар көлік инфрақұрылымына, 1,1 миллиард доллар қаржы секторына бағытталды. Цифрландыруды дамытуға және жасанды интеллект технологиясын енгізуге айрықша мән беріліп отыр.
Мемлекет басшысы қаржы институты қызмет көрсететін аймақтардың айтарлықтай кеңейгенін айтып, бұл жаңа бастамаларды іске асырып, өңірлік экономикалық интеграцияны нығайтуға ықпал ететінін жеткізді.