Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
АСТАНА, 10 сәуір – Sputnik. Қазақстанда биыл үйірлі шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарының болжамды көлемі 2,2 млн гектарды құрайды, деп хабарлады ауыл шаруашылығы министрлігі.
"Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 500 мың гектарға аз. Оған мониторинг сапасының артуы, зиянкестер ошақтарын уақтылы анықтау және оларды жедел жою шараларының тиімділігін арттыру шаралары оң ықпал етті", - деп жазылған хабарламада.
Елдің оңтүстік өңірлерінде, атап айтқанда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарында және Жетісу облысында аумақтарды мониторингтеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ал солтүстік және батыс өңірлерде зерттеу жұмыстары топырақтың кебуіне қарай басталады.
Осы жылы сондай-ақ, шекара маңындағы аумақтарға ерекше көңіл бөлінеді. Жалпы өңдеу көлемінің 1,17 млн гектары Ресей Федерациясымен шектесетін өңірлерге тиесілі.
Олар: Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары. Осыған байланысты ТМД аясында және екіжақты келісімдер шеңберінде Ресей тарапымен тығыз өзара іс-қимыл жалғасады.