Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Оның айтуынша, қазіргі таңда елде жеңіл өнеркәсіп саласында 1450 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде 836 тігін, 489 тоқыма бұйымдарын өндіретін, ал 125 былғары және оған қатысты өнімдер шығаратын кәсіпорын.
— Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың негізгі бағыты — ішкі өңдеу үлесін арттыру және экономиканың шикізатқа тәуелділігін азайту. Бұл міндет инвестиция тарту, жаңа өндірістерді іске қосу және жүйелі қолдау шараларын жүзеге асыру арқылы кезең-кезеңімен орындалып келеді, — деді ол.
2025 жылы салада 600-ден астам жұмыс орны ашылып, 13 инвестициялық жоба іске асырылды. Олардың қатарында Ақтөбе облысындағы жүн өңдеу жобасы, Атырау облысында тоқылған полипропилен геоматасын өндіретін зауыт және Түркістан облысындағы мақта-тоқыма кешенінің бірінші кезеңі бар.
Биыл іске асырылатын жобалар саланың өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, Шымкент қаласында аралас және мақта маталарын өндіретін зауыт, Атырау облысында экструзиялық полипропилен геоторларын өндіру зауытының үшінші кезеңі және Түркістан облысында мақта-тоқыма кешенінің екінші кезеңі іске қосылады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп саласына шамамен 40 млрд теңге инвестиция салынғаны хабарланған еді.