Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Сарапшылар халықаралық S&P агенттігінің Қазақстанның кредиттік рейтингін 2016 жылдан бері алғаш рет "Тұрақты" болжамымен BBB деңгейіне көтеру туралы шешіміне пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Саяси шолушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, Қазақстанға берілген бұл рейтинг - ТМД кеңістігіндегі серіктес елдер арасында ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Ол шамамен Үндістан мен Индонезия деңгейінде, ал Венгрия, Румыния және Сербиядан жоғары.
"Бұл - қазіргі үкімет тұсында Қазақстанның халықаралық рейтингінің екінші рет көтерілуі. Бұған дейін Moody’s агенттігі 2024 жылы Қазақстанның рейтингін Baa1 деңгейіне дейін көтеріп, 2025 жылы сол көрсеткішті растаған еді", - дейді ол.
Әбішевтің пікірінше, рейтингтің өсуі бірнеше факторды көрсетеді.
Әбішевтің пікірінше, рейтингтің көтерілуіне бірнеше фактор әсер еткен.
"Бектенов басқаратын қазіргі үкімет бірқатар күрделі шешім үшін жауапкершілікті өз мойнына алды: салық реформасы, шығындарды қысқарту, өңдеу салаларын дамытуға басымдық беру. Халықаралық сарапшылар үшін қаржылық тәртіп маңызды. Ел шығындарды оңтайландырып, жинақ көлемін арттыруға күш салып жатыр, Ұлттық қор қаражатын шамадан тыс жұмсаудан қорғауға тырысып жатыр. Оның үстіне үкімет нақты жобаларға нақты қаржы салуға дайын шетелдік инвесторлармен тікелей жұмыс істеп отыр. Олардың пікірі де белгілі бір рөл атқарады деп ойлаймын", - деді ол.
Сондай-ақ, Әбішев сарапшылар Қазақстанның қаржы ағындарын бақылауға алып, капиталдың шектен тыс сыртқа кетуіне тосқауыл қоюға ұмтылысын да бағалады деген пікірде.
"Тағы бір маңызды жайт - халықаралық ұстаным. Президент Тоқаевтың геосаяси тәуекелдерді азайта отырып, барлық маңызды серіктеспен ынтымақтастықтан барынша пайда табуға бағытталған экономикалық прагматизмі. Басқа агенттіктердің тұрақты бағалары сақталған жағдайда жаңа рейтингтер Қазақстанға әлемдік нарықтағы құбылмалылыққа төтеп беруді жеңілдетеді", - деп түйіндеді ол.
Саясаттанушы Борис Поломарчук рейтингтің өзі капиталды автоматты түрде тарта алмайтынын, бірақ елге деген сақтықты едәуір азайтатынын атап өтті.
"Тұрақты" болжамы- халықаралық қауымдастық үшін маңызды белгі. Жалпы әлем Қазақстанды тек табиғи ресурсы мол ел ретінде емес, экономикалық күйзелістерден өте алатын және тұрақтылығын сақтайтын берік мемлекет ретінде де қабылдай бастады".
Поломарчуктың пікірінше, ел туралы біртұтас әрі орныққан көзқарас қалыптаса бастады деп айтуға болады.
"Рейтингтің өсуі реформалармен тікелей байланысты. Алайда рейтинг реформалар толық әрі сәтті аяқталды деген сертификат емес. Оның көтерілуі - таңдалған бағыттың нәтиже беріп жатқанын мойындау. Рейтинг агенттіктері елдегі өзгерістерді және олардың экономиканың тұрақтылығына, сондай-ақ мемлекеттің ішкі және сыртқы қаржылай міндеттемелерін орындау қабілетіне қалай әсер ететінін бағалайды".
Саясаттанушы экономиканы әртараптандыру жұмысын жалғастыру қажет деп санайды. Сонда көрсеткіштер де одан әрі жақсара түспек.
Қаржыгер Расул Рысмамбетов рейтингтің көтерілуі Қазақстан экономикасының белгілі бір "беріктік қоры" бар екенін көрсетеді деп есептейді. Оның сөзінше, бұл сырттан қарыз тарту құнын мемлекет үшін ғана емес, квазимемлекеттік компаниялар мен банктер үшін де төмендетуі мүмкін.
"Қазақстан рейтингінің BBB− деңгейінен BBB-ге көтерілуі - шетелдік инвесторлар үшін өте жақсы белгі, яғни елге деген сенім артады. Біз бұл деңгейге 2016 жылдан бері алғаш рет қайта жеттік... Картадағы нүктеміз енді ашық жасыл емес, қою жасыл түспен жанды деуге болады. Рейтинг агенттігінің әдістемесі бойынша, бұл реформаларымыз экономиканың тұрақтылығына оң әсер еткенін білдіреді. S&P рейтингке берген түсіндірмесінде мұны нақты көрсетіп отыр. BBB - мемлекеттің өз міндеттемелерін уақытында орындау қабілетіне берілген баға. Енді инвестиция көлемін ЖІӨ-нің 30 пайызына дейін жеткізу сапалы жобаларды таңдаумен, еңбек өнімділігінің артуымен және жеке капиталдың өсуімен қатар жүруі маңызды".
Айта кетейік, S&P бағалауынша, сыртқы сын-қатерлер мен әлемдік шикізат нарығындағы бағаның құбылуына қарамастан, Қазақстан экономикасы орта мерзімді кезеңде тұрақтылығын сақтап, өсімін жалғастырады.
Сарапшылардың болжамынша, 2026 жылы нақты ЖІӨ өсімі 5,1 пайызды құрайды. Ал алдағы жылдары Қазақстан экономикасы мұнай экспорттаушы елдер арасында салыстырмалы түрде жоғары қарқынмен өсе береді.
Анықтама: S&P Global Ratings - қаржы нарықтарына талдау жүргізетін америкалық компания. Ол Moody’s және Fitch Ratings агенттіктерімен бірге әлемдегі халықаралық рейтинг агенттіктерінің "үлкен үштігіне" кіреді.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу