Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Ақтөбеде тұрғындары ұзақ уақыт бойы күрделі жөндеуге қол жеткізе алмай келген көпқабатты үй толық жаңғыртылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл мәселе «Әділет» партиясының «Біздің қала» жобасы аясында шешімін тапты.
Жоба абаттандыру мәселелерін шешуге бағытталған. Оның аясында тұрғын үй қорының жай-күйіне, ортақ мүлікті күтіп-ұстауға, сондай-ақ пәтер иелері мен басқарушы ұйымдар және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылға ерекше көңіл бөлінеді. Мұндай тәсіл ең өзекті мәселелерді анықтап қана қоймай, оларды іс жүзінде шешуге ықпал етеді.
Атқарылған жұмыстың нақты мысалы – Ақтөбе қаласындағы Есет батыр көшесі, 73А мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үй. Осы үйде тұратын Галина Клопотовскаяның айтуынша, тұрғындар ұзақ уақыт бойы коммуналдық мәселелерге тап болды. «Әділет» партиясының өкілдері ПИК төрағасымен бірге тұрғындармен бірнеше рет кездесіп, олардың өтініштері мен ұсыныстарын зерделеген. Нәтижесінде тұрғын үйде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, кіреберістер жөнделіп, шатыр жабындысы және инженерлік желілер, соның ішінде апатты жағдайдағы құбырлар ауыстырылды. Тұрғындардың айтуынша, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін пәтерлердегі жылу деңгейі айтарлықтай жақсарған.
«Жөндеу жұмыстарының нәтижесін көрген басқа үйлердің тұрғындары да бізге келіп, өз үйлерінде күрделі жөндеуді қалай ұйымдастыруға болатынын сұрай бастады. Бұл жұмыстар тұрғындардың ортақ мүлікке деген жауапкершілігін де арттырды. Бүгінде үйіміз жылы әрі жайлы. Тұрғындардың мәселесіне назар аударып, осы жұмыстарды ұйымдастыруға атсалысқан «Әділет» партиясына, әкімдікке және Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметкерлеріне шынайы алғысымызды білдіреміз», – деді Галина Клопотовская.
Тұрғын үй қорын жаңарту – еліміздегі инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы ауқымды жұмыстың бір бөлігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін құрылыс қарқынын жеделдетудің, оның ішінде тұрғын үй саласын дамыту, сондай-ақ коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту қажеттігін атап өткен.
Осы орайда Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ақнұр Қазбаеваның айтуынша, биыл осы шаһарда 18 тұрғын үй жаңартылады. Бүгінде облыстық бюджеттен 1,7 млрд теңге қаржы бөлініп, 11 үйді күрделі жөндеу жұмысы аяқталды.
«Біздің қала» партиялық жобасы аясында біз тұрғын үйлердегі мәселелерді шешуге ғана емес, оларды тиімді басқаруға да көңіл бөліп отырмыз. Үй төрағаларымен тұрақты кездесіп, көтерілген мәселелерді тиісті органдарға жеткізу және шешілу барысын бақылау жұмысы жолға қойылды», – деді партиялық жобаның жұмыс тобы жетекшісі Анар Даржанова.
Оның айтуынша, тұрғындар өз үйіне жауапкершілікпен қарап, ортақ мәселені шешу ісіне белсенді араласуы да маңызды. Сондықтан тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты күшейтуге басымдық беріліп отыр.
«Әділет» партиясы осы бағыттағы жұмысты алдағы уақытта да жалғастыра береді.