“Бізге келгісі келетіндер өте көп“. Петропавлдағы жұрт айтып жүрген балабақша қандай?

13.08.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Петропавлда биылғы сәуірде "Жас Өркен" балабақшасы жұмысын бастады.

Бұл балабақша туралы неге айтып отырмыз, оның елімізде ашылып жатқан өзге балабақшалардан айырмашылығы неде - бұл туралы Tengrinews.kz материалынан толығырақ біле аласыздар. Сондай-ақ мақалада не себепті бүтін бір шағынаудан "Жас Өркеннің" ашылуын асыға күткені баяндалады.

Петропавлдың жас ауданы және оның ерекшеліктері

Бір кездері қалаға кіреберістегі бұл шағынаудан ескі жеке тұрғын үйлерден тұратын үлкен алқап болатын.

Бірақ соңғы он жылда "Жас Өркен" танымастай өзгерді.

Петропавлдағы "Жас Өркен" шағынауданы. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Елена Бережная

Жеке сектордың барлығы дерлік сүріліп, тозған үйшіктердің орнына ондаған көпқабатты үйлер бой көтерді.

ҚАЗІР ТАЛҚЫЛАНЫП ЖАТЫР

Алматыда Яссауи көшесінің бір бөлігі уақытша жабылады

Кеше 18:39 1

Ал 2018 жылы Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумына орай, "Жас Өркенде" мұз айдыны бар Спорт сарайы, теннис орталығы және заманауи Оқушылар сарайы салынды.

Кейін мұнда Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры бой көтерді. Ол ауданның сәулетін ашып, көрнекті орнына айналды.

Петропавлдағы С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Елена Бережная

Заманауи кварталдар бүгінгі күнге дейін бірінен соң бірі бой көтеріп жатыр. "Жас Өркен" - Петропавлдың ең қарқынды дамып келе жатқан тұрғын ауданы.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Елена Бережная

Тұрғындар саны да артып келеді. Әдеттегідей, әлеуметтік инфрақұрылымға түсетін салмақ та ұлғайды. Жаңа аудандарға әрдайым білім беру және денсаулық сақтау нысандары қажет. Көбіне олар кешігіп салынып жатады.

Алайда "Жас Өркенде" емхана мен жаңа мектеп салынды. Ал балабақша өткен жылға дейін болған жоқ.

"Біздің ауданда жастар көп тұрады. Жас отбасыларда кішкентай балалар бар, ал мұнда балабақша мүлдем жоқтың қасы, тек шағын филиалдар ғана бар, - дейді жергілікті тұрғын, жас ана Меруерт Садықова. - Сондықтан көптеген ата-анаға балаларын Петропавлдың әр түкпіріндегі бақшаларға, тіпті кейбіреулеріне қаланың екінші шетіне апаруға тура келді. Сондықтан біз мұнда 280 орындық жаңа қазақ тілді балабақшасы салынып жатқанын естігенде өте қуандық".

Бұл аудандағы жаңа балабақша 2024 жылдың желтоқсанында салынды.

Петропавлдағы "Жас Өркен" балабақшасы. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Елена Бережная

Меруерт Садықованың бес айлық қызы бар, бірақ анасы қазірден болашағын ойлап, бүлдіршіннің осы балабақшаға баратынына сенімді.

Балабақшаның ерекшелігі кіреберісте-ақ байқалады: онда нысанның мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынғанын көрсететін тақтайша орнатылған.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Елена Бережная

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Елена Бережная

Әкесінің қыздары

Ал Байымбет Құбайдолла жаңа балабақшаға үш бірдей қызын әкеледі.

"Үлкен қызым бес жаста, ортаншысы төртте, ал кішісі екі жаста. Екі қызым екі бөлек балабақшаға баратын, оларды Петропавлдың мүлдем басқа аудандарына тасуға мәжбүр болдық. Үйіміздің дәл іргесінен осы бақшаның ашылуы біз үшін үлкен қуаныш болды. Бірден осы балабақшаға орналасу керек деп шештік", - дейді Байымбет.

Байымбет Құбайдолла, оның үш қызы жаңа "Жас Өркен" балабақшасына барады. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Елена Бережная

Ол жұбайымен бірге жаңа бақшаның салынуын шыдамдылықпен күткен. Кейін портал арқылы бірден өтінім берген. Байымбет Құбайдолланың айтуынша, балабақша басшылығы құжаттарды реттеуге көмектесіп, барлық жағынан қолдау көрсеткен:

"Алдымен үлкен және ортаншы қызымызды орналастырдық, ал жақында кіші қызымыз да кіші топқа барды. Қуанышымызда шек жоқ. Бірнеше балабақшаны ауыстырғандықтан, салыстыратын дүние көп. Бұл балабақшаның керемет екенін мақтанышпен айта аламыз - таза, жарық, әдемі. Тәрбиешілері тамаша, балаларға да, жұмысына да жан-тәнімен берілген. Балалар мұнда өз үйіндегідей сезінеді. Әрқашан көтеріңкі көңіл-күймен келеді. Ал біз әйеліміз екеуміз балалар үшін алаңдамай, алаңсыз жұмыс істей аламыз".

"Жас Өркен" балабақшасы аумағындағы ойын алаңы. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Елена Бережная

Айта кетейік, олардың ауласынан жаңа бақшаға 20-ға жуық бала барған. Тағы ондаған отбасы балаларын осында беруді жоспарлап отыр.

Орындар лезде толып кетті

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Елена Бережная

"Иә, біздің балабақшаға келгісі келетіндер өте көп", - дейді "Жас Өркеннің" меңгерушісі Балғын Мусина жымиып.

Балғын Науанқызының мектепке дейінгі білім беру саласында 35 жылдық еңбек өтілі бар. Ол еңбек жолын тәрбиеші болып бастап, кейін әдіскер болды, ал 2012 жылдан бері меңгерушілік қызметке ауысты.

Балғын Мусина, "Жас Өркен" балабақшасының меңгерушісі. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Елена Бережная

Қалада жаңа балабақша ашылғанда, меңгерушілік қызмет соған сеніп тапсырылды.

"Біз биыл сәуірден бастап балаларды қабылдай бастадық. Шыны керек, орын тола ма деп аздап уайымдадық. Бірақ портал ашылған бойда, екі сағаттың ішінде орындар таласқа түсіп, тез арада толып кетті. Балаларға ыңғайлы болуы әрі ата-ана үшін де бұл кезең жеңіл өтуі үшін бейімделу жұмыстарын ұйымдастырдық. Сонымен, бүгінде 280 орындық балабақшаға 255 бала келіп жатыр. Тамызда тағы да бала қабылдап, топтарды толықтай жасақтаймыз", - дейді Балғын Мусина.

Ал мына бүлдіршіндер - бір жастан екі жасқа дейінгілер - балабақшаға алғаш рет келіп тұр.

"Жас Өркен" балабақшасының ең кіші тобы. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Елена Бережная

Жақында мұнда 2024 жылы туған балалар тобы жиналды. Олар - "Жас Өркеннің" ең кішкентай тәрбиеленушілері.

Сондай-ақ ортаңғы, ересек және мектепке даярлық топтары бар. Соңғыларында мектепке толыққанды дайындық жүргізіледі.

"Жас Өркен" балабақшасындағы мектепке даярлық тобы. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Елена Бережная

Бақшада барлығы 12 топ бар, әрқайсында екі тәрбиеші мен бір күтуші жұмыс істейді.

Бұдан бөлек, штатта үш қазақ тілі мұғалімі, екі дене шынықтыру нұсқаушысы, музыка маманы және логопед бар.

Логопед жалпы сабақтар өткізеді, сонымен қатар психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның ұсынысы бар балалармен жеке жұмыс істейді.

Балабақша мемлекеттік болғандықтан, төлемақысы да қолжетімді. Бөбекжай топтары үшін ата-аналар айына 19 226 теңге, ал балабақша топтары үшін 25 363 теңге төлейді.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Елена Бережная

Балаларға да, ересектерге де жайлы

Меңгеруші бізге балабақша ішін аралатып көрсетті. Мекеме расымен де жақсы әсер қалдырады - бөлмелері кең, күн сәулесі мол түседі.

"Жас Өркен" балабақшасындағы мектепке даярлық кабинеті. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Елена Бережная

"Балабақшаны қалада көптеген нысан салған жергілікті сенімді компания тұрғызды. Олар бізге ғимаратты толықтай дайын күйінде тапсырды: барлық жабдықтар, жиһазбен қамтамасыз етіп, ауланы ағаш егуден бастап ойын алаңдарына дейін абаттандырып берді. Барлығы да өте сапалы жасалған", - деп сендіреді Балғын Науанқызы.

Мұнда екі қабат бар. Ғимараттың жалпы ауданы - үш мың шаршы метрден асады. Кептеліс болмауы үшін әр топтың жеке кіретін есігі қарастырылған.

Бірінші қабатта ерте жастағы топтар, ал екінші қабатта ересектер топтары орналасқан. Спорт залы мен музыка залының әрқайсы 100 "шаршы" болады.

"Жас Өркен" балабақшасындағы спорт залы. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Елена Бережная

Медициналық блок бөлек орналасқан: оған екпе салу кабинеті, медицина қызметкерінің кабинеті және ауырып қалған балаларға арналған жеке шығу есігі бар изолятор кіреді.

Балабақшада үйірмелерге арналған кабинет те бар. Барлық топ мультимедиялық жабдықтар, интерактивті тақталармен қамтылған, сондай-ақ жасанды интеллект элементтерін қолдану қарастырылған.

"Жас Өркен" балабақшасындағы музыка кабинеті. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Елена Бережная

"Ғимаратында лифт бар балабақша бізде кемде-кем. Ал бізде жолаушылар лифті бар. Асхана соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған, заманауи плиталар мен тоңазытқыш жабдықтары орнатылған, жақын арада дайын тағамдарды топтарға жеткізетін жүк лифтін іске қосамыз. Барлығы тәрбиеленушілер мен қызметкерлердің жайлылығы үшін жасалған", - деп мақтанышпен асхана жабдықтарын көрсетті Балғын Науанқызы.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Елена Бережная

Егер мердігер ұйым бақшаны заманауи жиһаз, техника, өртке қарсы жабдықтармен қамтамасыз етсе, ондағы жайлылық пен жылылықты қызметкерлердің өздері жасаған.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Елена Бережная

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Елена Бережная

Қабырғалар ашық түстермен әдемі боялған. Мұндай позитивті суреттерге қарап, көңіл-күйің көтеріледі.

"Жоспарымыз өте көп, - деп жалғастырды меңгеруші. - Робототехниканы дамытуды жоспарлап отырмыз. Іргелес Оқушылар сарайы орналасқан, әріптестеріміз қазірдің өзінде ынтымақтастық орнатуды ұсынып жатыр. Орын да, жабдықтар да мүмкіндік береді, цифрлық технологияларды сынап көріп, жасанды интеллектті енгіземіз. Бәрі енді басталып жатыр!"

Мұндай деңгейдегі балабақша мемлекетке қаншаға түсті

Жергілікті прокуратура мәліметінше, "Жас Өркен" балабақшасының құрылысына шамамен екі миллиард теңге жұмсалған. Бұл - Солтүстік Қазақстан облысында қайтарылған активтер есебінен салынған үшінші балабақша.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Елена Бережная

СҚО-да қайтарылған активтер тағы неге жұмсалып жатыр

Айта кетейік, активтерді қайтару процесін түгелдей Бас прокуратура жүргізіп, қадағалап отыр. Ал ведомствоның өңірлік бөлімшесі Tengrinews.kz тілшісіне Солтүстік Қазақстан облысында елге қайтарылған қаражатқа жалпы сомасы 56,98 миллиард теңге болатын 39 әлеуметтік жоба іске асырылғанын хабарлады.

"Қазіргі уақытта 35 жоба аяқталды. 2026 жылға төрт ірі инфрақұрылымдық жоба қалды, оларды іске асыру бекітілген жұмыс кестелеріне сәйкес жүргізіліп жатыр", - деді СҚО прокуратурасындағылар.

Жалғасып жатқан жобалардың арасында Qyzyljar арнайы экономикалық аймағының инженерлік инфрақұрылымын салу бар.

Анықтама: Qyzyljar арнайы экономикалық аймағы (АЭА) инвестиция тарту, өнеркәсіпті және жаңа өндіріс орындарын дамыту мақсатында 2019 жылы Солтүстік Қазақстан облысында құрылған. Бастапқыда Петропавлда орналасқан болатын, алайда кейіннен оның аумағы кеңейтілді: қазір АЭА құрамына Петропавл қаласындағы, Тайынша ауданындағы және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы жалпы ауданы 622,3 гектар болатын алаңдар кіреді. Басым бағыттардың қатарында - құрылыс материалдары мен жиһаз өндірісі, машина жасау өнімі, тамақ және өзге де өнеркәсіп салалары бар. АЭА қатысушылары үшін белгіленген талаптарға сай жобаларды іске асыру кезінде салықтық және кедендік жеңілдіктерді көздейтін арнайы құқықтық режим қолданылады.

Qyzyljar АЭА инженерлік инфрақұрылымының құрылысы. Фото: ©️ Tengrinews.kz

Мердігер ұйым - "АБК-Автодор НС" ЖШС, тапсырыс беруші - Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы.

Жоба АЭА аумағында 11 шақырым автожол мен 10,7 шақырым нөсер кәрізін салуды, бағдаршамдар орнатуды, байланыс желілері мен сыртқы жарықтандыруды жүргізуді көздейді.

Бүгінде нысан 60 пайызға дайын. Шарт бойынша құрылыс 2027 жылғы 15 ақпанға дейін аяқталуы тиіс.

"Жобаны іске асыру арнайы экономикалық аймақ аумағын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге, инвесторлар тартуға, жаңа өндірістер ашуға және қосымша жұмыс орындарын құруға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді", - деп сендіреді облыстық прокуратурадағылар.

Өңірде қайтарылған активтерге іске асырылып жатқан екінші жоба - Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасындағы жөндеу жұмыстары.

Мердігер - "ПетроBuilding" ЖШС, тапсырыс беруші - аурухананың өзі.

Мұнда бірінші қабатты күрделі жөндеуден өткізіп, қабылдау бөлімін заманауи триаж-жүйе бойынша реконструкциялау, сондай-ақ сумен жабдықтау, кәріз, электрмен жабдықтау, жылыту, газбен жабдықтау, өрт сөндіру жүйелері мен төмен вольтты желілерді қоса алғанда, инженерлік коммуникацияларды кешенді жаңғырту жоспарланған.

Анықтама: триаж-жүйе - бұл емделушілерді медициналық сұрыптау жүйесі, мұнда көмек өтініш беру кезектілігіне емес, жағдайдың шұғылдығына қарай көрсетіледі. Ол дереу араласуды қажет ететін пациенттерді жылдам анықтауға және медициналық ұйымның ресурстарын ұтымды бөлуге мүмкіндік береді.

Мұнда жұмыстар 90 пайызға орындалды. Нысанды пайдалануға беру 2026 жылғы 27 тамызға жоспарланған.

"Жоба аяқталғаннан кейін шұғыл медициналық көмек көрсету сапасын арттыру, пациенттерді қабылдау уақытын қысқарту және медициналық персоналдың жұмысы үшін заманауи жағдайлар жасау қамтамасыз етіледі", - деді прокуратурадағылар.

Үшінші жоба - Преснов топтық су құбырын реконструкциялау.

Мердігер ұйым - "Қазсушар" РМК, тапсырыс беруші - Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті.

Жұмыстар құрамына бас құрылыстарды реконструкциялау, 171 шақырым магистральдық құбыр мен тармақтарды салу және реконструкциялау, 52,6 шақырым таратқыш желілерді, он айдау-реттеу құрылысы алаңын және төрт су тарату пунктін салу кіреді.

"Бүгінде 171 шақырым магистральдық құбыр мен тармақтарды төсеу аяқталды, 36,7 шақырым таратқыш желі салынды, он елді мекенде сумен жабдықтау нысандарының құрылысы бітті. Бас құрылыстардың дайындығы 75 пайызды, нысанның жалпы құрылыс дайындығы 88 пайызды құрайды, - деп хабарлады қадағалау органындағылар. - Құрылысты аяқтау және нысанды пайдалануға беру 2026 жылғы 31 желтоқсанға жоспарланған".

Бұған қоса, жобаны іске асыру 12 мыңға жуық адам тұратын 15 елді мекенді сапалы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні айтылды.

Төртінші жоба - Соколов топтық су құбырын реконструкциялау.

Мердігер - "Астанинжкомстрой" ЖШС, тапсырыс беруші - тағы да Су шаруашылығы комитеті.

Жоба СҚО Қызылжар ауданының он елді мекенін орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Ол 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс.

Қазіргі уақытта жобада қарастырылған 59,6 шақырым бұру желісінің 59,2 шақырымы салынды, сондай-ақ 77,7 шақырымдық тарату желілерінің құрылысы толық аяқталды. Алты ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі тесттік режимде жұмыс істеп тұр.

Нысанның жалпы дайындығы - 85 пайыз. Жобаны іске асыруға Ұлттық қордан 0,8 миллиард теңге және елге қайтарылған қаражат жинақталатын Арнайы мемлекеттік қордан екі миллиард теңге бөлінді.

Еске салайық, жақында Tengrinews.kz қайтарылған активтер туралы материалдар топтамасын бастаған болатын.

Алғашқы жарияланым "Сізге күміс хабарлама келді" деп аталды. Онда бұл механизмнің қалай жұмыс істейтіні, елден шығарылған қаражатты кім және қалай іздейтіні, сондай-ақ кімдердің активтері тәркіленетіні туралы егжей-тегжейлі баяндалды.

Екінші материалда редакция осы қаражаттың арқасында қандай емханалар, жедел жәрдем станциялары мен ауылдық дәрігерлік амбулаториялар бой көтергенін көрсетті.

Үшінші материалды дайындау барысында Tengrinews.kz тілшілері Ақмола облысы, Көкшетау қаласына барды. Онда осыдан жарты жыл бұрын заманауи спорт кешені - Kokshe Arena ашылған болатын. Бұл нысан да елге қайтарылған ақшаға салынған.

Аударған: Дина Шәріпхан

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью