Бизнеске жүргізілетін тексерулерге жаңа мораторий: әкімшілік жүктеме іс жүзінде азая ма?

05.11.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында бизнеске түсетін әкімшілік жүктеменің жоғары екенін айтып, 2027 жылдан бастап микро және шағын бизнеске 3 жылдық мораторий енгізуді ұсынды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жеке кәсіпкерлер жасаған құқықбұзушылықтар саны 34%-ға азайғанымен, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 11%-ға өскен. Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналина бұл қайшылықтың себептерін талдап берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Құқықбұзушылықтар саны азайса да, айыппұлдардың жалпы сомасы неге өсіп жатыр?

Әкімшілік айыппұлдардың номиналды сомасының өсуіне әсер еткен факторлардың бірі – айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 2025 жылғы 3 932 теңгеден 2026 жылы 4 325 теңгеге дейін, яғни шамамен 10%-ға ұлғаюы. Мысалы, 10 АЕК мөлшеріндегі айыппұл 39 320 теңгеден 43 250 теңгеге дейін автоматты түрде өсті. Ал айыппұлдың АЕК-пен есептелетін мөлшері өзгерген жоқ.

Finprom деректеріне сәйкес, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жеке кәсіпкерлерге салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 10,8%-ға, яғни 2 857,2 млн теңгеден 3 165,3 млн теңгеге дейін өскен. Алайда айыппұлдардың жалпы сомасын шартты түрде 2025 жылғы АЕК мөлшерімен қайта есептегенде, өсім небәрі 0,7% шамасында болады.

Бұл ақшалай санкцияларды талдау кезінде есептік көрсеткіштің өзгеруін ескеру қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Дегенмен мұндай қайта есептеу АЕК өсімінің нақты үлесін анықтауға мүмкіндік бермейді. Өйткені айыппұлдардың барлығы бірдей АЕК негізінде есептелмейді, сондай-ақ ақшалай өндіріп алулардың саны мен құрылымы да өзгерген.

Сонымен қатар тағы бір үрдіс назар аудартады. Тіркелген құқықбұзушылықтардың жалпы саны 34%-ға қысқарғанына қарамастан, тағайындалған ақшалай айыппұлдар саны шамамен 2%-ға, яғни 24 мыңнан 24,5 мыңға дейін өскен. Ал ескертулер саны 51,9 мыңнан 22,6 мыңға дейін азайған.

Нәтижесінде, Finprom деректері бойынша, әкімшілік жауапкершілікке тартылған жеке кәсіпкерлердің арасында айыппұл салынғандардың үлесі 31,6%-дан 52%-ға дейін артқан.

Алайда бұл бірдей құқықбұзушылықтар үшін кәсіпкерлерге ескерту жасаудың орнына айыппұл жиірек салына бастады дегенді міндетті түрде білдірмейді. Тіркелген құқықбұзушылықтардың құрылымы да айтарлықтай өзгерген. Атап айтқанда, салық есептілігі мен жекелеген құжаттарды ұсынбауға байланысты құқықбұзушылықтар саны шамамен 26 мыңнан 518 жағдайға дейін қысқарған. Осындай ірі санаттардың біріндегі елеулі төмендеу ескертулер мен ақшалай айыппұлдардың жалпы арақатынасына айтарлықтай әсер етуі мүмкін.

Бұдан бөлек, құқықбұзушылықтардың әртүрлі санаттары бойынша айыппұл сомалары біркелкі өзгермеген. Жалпы, номиналды өсімге ең үлкен үлесті сауда және қаржы саласы қосты. Бұл салада айыппұлдар сомасы 57,9%-ға, яғни 383 млн теңгеден 605 млн теңгеге дейін өскен. Өсім 221,9 млн теңгені немесе жалпы таза өсімнің шамамен 72%-ын құрады. Атап айтқанда, алкоголь өнімдерін өткізуге қатысты заңнама талаптарын бұзғаны үшін салынған айыппұлдар сомасы 173,1 млн теңгеге артқан.

Осылайша, айыппұлдардың жалпы сомасының 10,8%-ға өсуін АЕК мөлшерінің ұлғаюын, ақшалай өндіріп алулар санының аздап артуын және құқықбұзушылықтар құрылымындағы елеулі өзгерістерді ескере отырып бағалау қажет. АЕК негізінде шартты түрде қайта есептегенде, айыппұлдардың жиынтық сомасы іс жүзінде өзгермеген. Алайда әкімшілік жазалар арасындағы ақшалай санкциялардың үлесі айтарлықтай артқан.

Менің ойымша, бұл нәтижелер Президент көтерген бизнеске түсетін әкімшілік жүктеме мәселесінің өзектілігін төмендетпейді, керісінше, оның мәнін нақтырақ түсінуге мүмкіндік береді. Негізгі мәселе айыппұлдардың номиналды сомасының өсуінде ғана емес, қолданыстағы мемлекеттік бақылау жүйесінің кәсіпкерлерге қаншалықты қосымша қаржылық және әкімшілік шығын жүктейтінінде.

Сондықтан ұсынылып отырған мораторийдің тиімділігін тек қысқартылған тексерулер санымен ғана емес, бизнестің заңнама талаптарын орындауға жұмсайтын нақты шығындарының азаюымен, санкциялардың мөлшерлестігімен және мемлекеттік реттеудің болжамдылығымен бағалау қажет.

Жаңа мораторий қаншалықты тиімді болуы мүмкін?

Мораторийді Президент белгілеген бақылау-қадағалау жүйесін қайта жаңғырту және цифрлық реттеуге көшу міндеттері аясында қарастырған маңызды. Бұл ретте цифрландыру әкімшілік рәсімдерді жеңілдетумен, бірін-бірі қайталайтын талаптарды жоюмен және мемлекеттік бақылаудың ашықтығын арттырумен қатар жүруі тиіс.

Бақылаудың қарқындылығы құқықбұзушылықтардың сипаты мен ықтимал салдарына қарай анықталатын тәуекелге бағдарланған тәсілге, сондай-ақ санкциялардың мөлшерлестігіне ерекше назар аудару қажет.

Атап айтқанда, елеулі теріс салдарға әкелмеген формалды құқықбұзушылықтар үшін айыппұл қолдану тәртібін қайта қарастырған жөн. Мысалы, статистикалық есептілікті тапсыру мерзімін аз ғана уақытқа өткізіп алудың өзі алғашқы құқықбұзушылық кезінде ақшалай айыппұл салуға әкеледі.

Мұндай жағдайларда алдымен ескерту жасап, белгіленген мерзім ішінде құқықбұзушылықты түзетуге мүмкіндік беру қажет. Ал айыппұлдарды, ең алдымен, талаптар қайталап немесе қасақана орындалмаған жағдайда қолданған дұрыс. Бұл адал кәсіпкерлерге шамадан тыс қаржылық қысым жасамай, есептілік тәртібін сақтауға мүмкіндік береді.

Осылайша, мораторийдің тиімділігін нақты экономикалық нәтижелер арқылы бағалаған дұрыс. Атап айтқанда, кәсіпкерлердің әкімшілік талаптарды орындауға жұмсайтын қаражаты мен уақытының қысқаруы, шаруашылық қызметті негізсіз шектеу жағдайларының азаюы және мемлекеттік реттеудің болжамдылығының артуы негізгі көрсеткіштер болуы тиіс.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью