Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Іс-шараға Бас Прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев, Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы, «Қазақстандық шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының Басқарма төрағасы Ерлан Досымбеков және директоры Жанна Байдашева қатысты.
Фото: Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетіКездесу барысында тараптар атқарылып жатқан жұмыстар мен қызметтің негізгі бағыттары туралы өзекті ақпаратпен алмасты.
Бас Прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев Мемлекет басшысының Жарлығымен Инвестициялық омбудсмен функциялары Бас Прокурорға берілгенін және Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылғанын атап өтті.
Бүгінгі таңда прокурорлар жалпы сомасы 96 трлн теңгені құрайтын 2,8 мыңнан астам жобаға жеке сүйемелдеу жүргізіп жатыр.
Сондай-ақ «прокурорлық сүзгі» жұмысы туралы айтылды. Мемлекеттік органдардың барлық тексерулері, талап-арыздары мен әкімшілік шаралары прокурормен келісілуі үшін осы сүзгі арқылы өтеді. Ол алдын алу сипатында жұмыс істейді: инвесторға хабарламай-ақ, бастама көтеру сатысында негізсіз шараларға тосқауыл қояды.
— Сүзгі жұмыс істеген кезеңде мемлекеттік органдардың 28 мыңнан астам шешімі зерделеніп, нәтижесінде бизнестің жұмысын тоқтатуы мүмкін 1 мыңнан астам негізсіз бастама кері қайтарылды. Атап айтқанда, 450-ге жуық әкімшілік іс жүргізудің жолы кесіліп, 470 заңсыз тексеру тоқтатылды. Осы фактілер бойынша заң бұзушылықтарға жол берген 340 тұлға түрлі жауапкершілікке тартылды, — делінген хабарламада.
Кездесу барысында инвестициялық жобаларды іске асыруға кедергі келтіретін өзекті мәселелер бойынша шұғыл деректер алмасу мақсатында өзара іс-қимылды жолға қою туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
ҚШИКҚ кездесуді ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіріп, елдің құқықтық жүйесіне деген сенімді нығайтуға ықпал ететін көпжақты диалог алаңы болуға дайын екенін растады. Тараптардың келісімі бойынша прокурорлардың Шетелдік инвесторлар кеңесінің жұмыс топтарына қатысу мәселесі пысықталмақ.
Сонымен қатар, тараптар комитеттің Қазақстан Республикасындағы негізгі құқықтық кепіл ретіндегі мәртебесін бекіте отырып, инвесторларды қорғау саласындағы ынтымақтастықты одан ары дамыту мен нығайтуға ниетті екендіктерін растады.
Бұдан бұрын депутат еліміздегі инвесторларға қолайлы қаланы атады.