Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
BMW компаниясы кардан білігі мен артқы дифференциал қосылысының тозуы мүмкін екендігіне байланысты АҚШ-та 27 720 автокөлікті кері қайтарып жатыр, деп хабарлайды Tengri Auto.
Бұл шара 2022–2026 жылдары шыққан BMW 840i және 840i xDrive, 2021–2023 жылғы 540i, 540i xDrive және M550i xDrive, сондай-ақ 2024–2026 жылғы 750e xDrive үлгілеріне қатысты. Кері қайтару туралы ақпарат АҚШ-тың Жол қозғалысы қауіпсіздігі ұлттық басқармасында (NHTSA) жарияланды.
BMW мәліметінше, қосылыстың шамадан тыс тозуы артқы дөңгелектерге қуат берудің тоқтауына әкелуі мүмкін. Кей жағдайларда, егер автокөлік тұрақта болса және тұрақ тежегіші қосылмаса, машина өздігінен қозғалып кетуі ықтимал.
BMW қазіргі уақытта осы ақауға байланысты жол апаты немесе жарақат алу оқиғалары туралы хабарлама түспегенін айтады.
Мәселені шешу үшін дилерлер кардан білігі мен артқы дифференциалдың қосылысын тексереді. Тозу дәрежесіне байланысты жөндеу нұсқаларының бірі таңдалады.
Тозу деңгейі төмен болса, қосылыс арнайы құраммен қосымша өңделеді. Ал тозу айтарлықтай болса, BMW кардан білігі мен артқы дифференциалды ауыстырып береді.
Жөндеу жұмыстары иелері үшін тегін жүргізіледі. Компания кері қайтару туралы хабарламаларды 2026 жылғы 2 қазанға дейін жіберуді жоспарлап отыр.
Бұл Қазақстанға қатысты ма?Біз BMW-ның Қазақстандағы ресми өкілдеріне хабарластық. Олар бұл науқанның Қазақстандағы автокөліктерге де қатысты екенін хабарлады.
Нақты автокөліктің тізімге ілінген-ілінбегенін BMW-ның ресми сайтында VIN-код арқылы тексеруге болады.
Сондай-ақ VIN-код бойынша көлікке қатысты BMW-ның басқа да қолданыстағы кері қайтару науқандарының бар-жоғын білуге болады.
Автокөлікті Қазақстандағы ресми BMW дилерлік орталықтарында да тексеруге болады.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу