Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
The Associated Press материалына сүйенген Aikyn.kz қоғамды әрқашан қызықтыратын тақырыпты Ақ Үй дәл қазір неге көтеріп отырғанын талдайды.
Ғасырлар бойы адамзат өзге ғаламшарда өмір бар ма деген сауал қойып келеді. Бірақ өзімізге сұрақты басқаша қояйықшы. Олар біз туралы не ойлар еді?
«Егер мен Жерге алыстан қарасам, қатты көңілім қалар еді. Біздің инвестициямыздың басым бөлігі қақтығыстарды реттеуге, соғыстарға дайындалуға жұмсалады. Украинадағы соғысқа қараңыз – жердің шағын бөлігі үшін соғыс жүріп жатыр. Бұл интеллектің белгісі емес», – дейді теориялық физик Ави Лоэб.
Біздің ортамызда кішкентай жасыл мақұлықтар немесе Белгісіз ұшатын нысандар (БҰН) бар ма деген пікірталас ақпан айында бұрынғы президент Барак Обама подкаст жүргізушісінің сұрағына жауап беріп, бөгде ғаламшарлықтар «шын» екенін, бірақ өзі «оларды көрмегенін» және «олар 51-аймақта ұсталып отырмағанын» айтқаннан кейін күшейді. Бұл туралы Aikyn.kz «Барак Обама: «Өзге ғаламнан келгендер бар» атты материалда жазды.
Кейін президент Дональд Трамп әлеуметтік желіде «өте үлкен қызығушылыққа» байланысты үкіметтік құжаттарды жариялауға бұйрық бергенін мәлімдеді.
БҰН -ға деген қызығушылықтың артуына АҚШ-тың Айға қайта бет алуы да әсер етіп отыр. Сәрсенбіде (1 сәуір) NASA-ның «Артемида II» миссиясы ұшырылғанын да жазғанбыз. Оның бортындағы төрт астронавт Айды айналып ұшып, кейін Жерге қайта оралады.
Pew Research Center орталығының 2021 жылғы сауалнамасы америкалықтардың шамамен үштен екісі өзге ғаламшарларда саналы тіршілік бар деп есептейтінін көрсетті. АҚШ-тағы ересектердің шамамен жартысы әскерилер хабарлаған БҰН туралы деректерді Жерден тыс саналы тіршіліктің «анық» немесе «мүмкін» дәлелі деп қабылдайтынын айтқан.
«Біз өмір, сана және тіпті технология пайда болған осыншалықты ерекше әрі көз жетпес ұлан-ғайыр ғаламда бұл жалғыз орын деп ойлағымыз келмейді. Біз жалғыз болғымыз келмейді», – дейді Калифорния штатының Маунтин-Вью қаласындағы SETI институтының президенті және бас атқарушы директоры Билл Даймонд.
1947 жылы Нью-Мексико штатындағы Розуэлл маңынан қалдықтар табылғаннан кейін америкалықтарды біздің ғаламшардан тыс өмір туралы ой баурап алды. Әскерилер әуелде бұл материал ұшатын табақшадан қалған деп мәлімдеді, бірақ кейін ұстанымын өзгертіп, жұртшылыққа бұның метеорологиялық зонд қалдықтары екенін хабарлады.
Бұл идеяны Голливуд бірден іліп алды. Ұшатын табақшалар, кішкентай жасыл мақұлықтар, кейінірек адамға ұқсас сұр бөгде ғаламшарлықтар танымал мәдениеттің бір бөлігіне айналды.
2024 жылы Пентагон анықталмаған және түсіндірілмеген жүздеген әуе құбылыстары туралы есептерін жариялады. Алайда бұл шолуда олардың шығу тегі Жерден тыс өркениеттермен байланысты екенін көрсететін ешқандай белгі болмады. Дебби Дмитро 2023 жылы Детройттың солтүстігінде көрген белгісіз нысандардың табиғатын түсіндіру әлдеқайда қиын.
«Төрт сары шам, сарғыш-алтын түсті шамдар, және олардың бәрі өте-өте төмен ұшып келе жатты. Мен ешқашан соншалықты төмен, үнсіз және мүлде біркелкі ұшқан денені көрген емеспін. Бұл адам жасаған нәрсе ме? Әлде адам жасамаған нәрсе ме? Оны кім білсін?», – деп еске алады Дмитро. Оның айтуынша, ең жақын сәтте шамдар шамамен 30 метр биіктікте болған.
«Егер қандай да бір өркениет жұлдызаралық сапарды меңгерген болса, онда оның технологиясы мен мүмкіндігі біздің ең батыл түсінігімізден де асып түседі. Егер олар байланыс жасағысы келсе – жасайды, қаламаса – жасамайды. Егер олар өздерін көрсеткісі келсе – көрінеді, ал көрсеткісі келмесе – көрінбейді!», – дейді Билл Даймонд.