Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
- Саялбек Махамбетұлы, Бөкей хандығын арнайы зерттеген тарихшы-ғалым ретінде Ішкі орданың құрылуының алғышарттары неде деп ойлайсыз?
- ХІХ ғасырдың басында Еділ мен Жайық өзендерінің аралығында Бөкей хандығы құрылуының өзіндік себептері мен алғышарттары болды. Бұл оқиға бірқатар тарихшылар айтып жүргендей кездейсоқ оқиға емес, керісінше қазақ халқының сан ғасырлар бойғы атақоныс үшін жүргізген күресінің заңды жемісі еді.
Тарихқа бір сәт көз жүгіртсек, Еділ мен Жайық аралығын ХVII ғасырға дейін қазақ халқы емін-еркін жайлап келген еді. Алайда осы уақытта біртұтас Қазақ хандығының шығыс бөлігімен шекаралас аймақта орналасқан қалмақтар өзара қырқысып, бір бөлігі қазіргі Қазақстанның солтүстігін бойлай 1630 жылы Еділ өзеніне жетті. Олар осы өлкені мекендеген қазақ, ноғай руларымен қақтығысып, туған жерлерінен ығыстыра бастады. Көшпелі халықтарды отар елге айналдыруды бұрыннан жоспарлап жүрген Ресей империясы бас сауғалап келген қалмақтарды қазақтар мен ноғайларға қарсы пайдалануға көшті. Осылайша, Ресей үкіметі 1655 жылы сәуір айында Ембі, Ойыл өзендері бойынан Нарын құмы мен Боғда тауы аралығындағы атырапқа орныққан қалмақтарға қатысты арнайы Жарлық шығарып, Еділ-Жайық өзендері аралығынан ресми түрде жер берді.
Ресей империясының отаршылдық саясатының күшеюі салдарынан қазақтар Қосөзен аралығынан кетуге мәжбүр болды. Қазақтардың Еділ мен Жайық аралығын қайтаруға тырысатындығын жете түсінген патша үкіметі XVII ғасырдың басында-ақ Астрахан өлкесінде де арнайы шептер құруды қолға алды. Бұл хақында әскери істің білгірі, полковник Иван Бирюков 1911 жылы жарық көрген «Астрахан казак әскерінің тарихы» атты еңбегінде: «Астрахан өлкесін қазақтардың шабуылдарынан қорғау қызметі 1737 жылы үш жүздік командасының құрылуымен басталды. Бұл полкқа пошталық қызметтен бөлек қалмақтарды, Каспий теңізі жағалауындағы балық өндіру батағаларын және Краснояр уезінің бейбіт тұрғындарын қорғау міндеті жүктелді», - деп жазған еді. Сөйтіп, қазақ халқының атақонысқа ұмтылуын тежеу мақсатында бекініс тізбектері салына бастады.
Түрлі кедергілерге қарамастан, қазақ халқы Еділ мен Жайық аралығына ұмтылуын тоқтатпады. 1771 жылы Еділ қалмақтарының тарихи отаны Жоңғарияға қарай жөңкіле көшуі қазақтар үшін керемет мүмкіндік жасады. 30 мыңдай шаңырақтың Ресей империясының басшылығына айтпай жасырын түрде кетуі Еділ мен Жайық аралығындағы жердің босауына әкеліп соқты. Алғашында Ресей империясы Еділ қалмақтарын кері қайтаруға тырысып бақты. Тіпті Қытай басшылығынан қашқын қалмақтарды кері қайтаруын сұрады. Бірақ алдына келген олжадан бас тарта алмайтын Қытай билігі бұл ұсыныстан бас тартты. Нәтижесінде қазақ халқы үшін өте тиімді геосаяси жағдай қалыптасты.
Еділ мен Жайық өзендерінің аралығынан қалмақтардың басым бөлігінің кетуі қазақтардың атақонысқа деген ұмтылысын күшейтті. Тіпті Ресей империясынан рұқсат сұрамай өту деректері жиіледі. Бұл ақыр соңында 1783-1797 жылдардағы Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске ұласып, Ресей империясын шегініс жасауға мәжбүрледі.
Фото: danaqaz.kz- Еділ мен Жайық аралығындағы жерді қазақ халқына қайтаруда Бөкей сұлтанның орны ерекше, бұған қандай баға берер едіңіз?
- Әбілқайыр ханның немересі Бөкей Нұралыұлы Еділ мен Жайық аралығындағы тарихи атақонысты қайтаруға ерекше үлес қосты. Біз Орынбор, Астрахан архивтерінде ізденіс жұмыстарын жүргізу барысында бірқатар беделді қазақ рубасылары мен старшындарының Ресей билігіне хат жазып, Еділ мен Жайық аралығын қоныстануға рұқсат сұрағандығы туралы деректерді таптық. Солардың ішінде ноғай руының старшыны Ислам Құрманқожаев 100 шаңырақпен өтуге рұқсат алса, кердері руының старшыны Тілеп Қайбашев ең алдымен өз туыстарымен өтетіндігін, кейін 1 мыңнан астам шаңырақты әкелетіндігін хабарлаған. Алайда шешуші рөлге Шыңғыс тұқымынан шыққан, Кіші жүздегі хандық кеңестің төрағасы қызметін атқарған Бөкей Нұралыұлы ие болды. Ол саяси салмағы, шығу тегі бойынша өзгелерден оқ бойы озық тұрды. Бөкей сұлтан Еділ мен Жайық аралығына қоныстануға ресми рұқсатты 1801 жылы 11 наурызда алды. Бірнеше айға созылған тыңғылықты дайындығынан соң сұлтан 1801 жылы 20 желтоқсанда негізінен өз туысқандарынан тұратын 183 шаңырақты ішкі тарапқа бастап өтеді. Зерттеуші Иван Бирюковтың келтірген мәліметі бойынша осы көште 740 адам, 1 366 ірі қара, 24 түйе, 3 300 жылқы, 1 250 қой есепке алынған. Демек, орташа есеппен әр шаңыраққа 82, әр жан басына 8 бас малдан келген.
Ізінше Кіші жүз қазақтарының өзге де шаңырақтары Қосөзен аралығына ат басын бұрған. Бөкей сұлтанды ашық қолдаған алғашқы көшіп келушілер арасында бұрынғы Кіші жүз ханы Есім Нұралыұлының Сары, Ниетәлі, Айдынғали атты ұлдары, сұлтан Шығай Нұралыұлы секілді беделді тұлғалар кездеседі.
Осылайша, Ішкі Орданың құрылуына, оның іргелі хандыққа айналуына сұлтан Бөкей Нұралыұлы зор үлесін қосты. Өйткені оның адамдық абыройы, саяси беделі ақсүйектер мен қарасүйектердің басын біріктіріп, тарихи атақонысты қайтаруға мүмкіндік берді. Қарапайым халық оның билік еткен дәуірін «Хан Бөкейдің тұсында секер шайнап, бал жұттық» деп еске алатын еді.
Фото: egemen.kz- Еділ-Жайық аралығына көшу жөнінде Бөкейге Сырым батыр кеңес берген деп айтылады, мұның тарихи негізі қандай?
- Қазақтардың Еділ-Жайық аралығына өту құқығын иеленуіне белгілі батыр, шешен Сырым Датұлы елеулі еңбек сіңірді. Әйгілі батыр бастаған 1783-1797 жылдардағы ұлт-азаттық көтеріліс Ресей империясының саясатына әсер етті. Көтерілісшілердің басты мақсаттарының бірі жер мәселесін шешу болды. Отарлаушы үкіметтің қазақтарды Еділ-Жайық аралығына өткізбеуі, оған қоса Орал казак әскерлерінің Кіші жүз аумағына ауыз салуы жайылым тапшылығына әкеліп соқты. Сондықтан патша үкіметі Сырым Датұлы бастаған қазақтардың табанды қарсылығын көзбен көріп, халық наразылығын басу үшін Еділ-Жайық аралығынан жер беруге мәжбүр болды.
Осы орайда кейбір деректерде 1801 жылы ішкі тарапқа көш түзеушілер қатарында атақты батырдың есімі де аталатындығын айта кеткен жөн. Оның Еділ-Жайық аралығына бағытталған көшке қатысы жөнінде Қазан төңкерісіне дейінгі дәуір авторларының ішінен А.Евреинов, Иван Иванов, И.Бирюков сынды зерттеушілер қызық деректер келтіреді.
Отарлаушы үкіметтің сенімді шенеунігі бола білген А.Евреинов Кіші жүз тұрғындарының Жайықтың оң жақ бетіне өтуінде Сырым батырдың шешуші рөлге ие болғандығын айтады. Осы жайтты қарастырған ол мынадай тоқтамға келді: «Ішкі тарапқа өтуде бір ғана Бөкей сұлтанның әсері аз болатын. Шынайы үлгі, күшті ерік керек болды. Мұндай қасиеттер ХVІІІ ғасырдың екінші жартысындағы Кіші жүздегі оқиғаларда көзге түскен Сырым батырдың бойынан табылды. Табиғатынан зор күшке, терең ақылға, асқан ерік-жігерге ие, өзі айлакер, әрі даңққұмар ол халықтың сүйіктісіне айналды. Ордалықтар оның бойынан өз айбынын көрді, себебі Сырым шығу тегі бойынша оларға тиесілі еді».
Зерттеуші И.Иванов та А.Евреиновтың пікірімен келісе отырып, батырдың өз заманының жігерлі де даңқты тұлғасы бола білгендігін, өзгелердің онымен санасуға мәжбүр болғандығын жазды. Оған қоса автор Кіші Ордадан бөлініп және одан тәуелсіз Орда құру ісінде бір ғана Бөкейдің ықпалының жетіспейтініне баса назар аударды.
Өз кезегінде полковник И.Бирюков Сырым Датұлының ішкі тарапқа көшу үрдісіне атсалысқанын нақтылап өтті. Автор өз еңбегінде Астрахан казак әскерінің басшысы Павел Поповтың 1801 жылы 5 қыркүйекте Сырымға бірінші хатын жолдағандығы жөнінде мәлімет келтіреді. П.Попов Сырым батырға қабылдаған оң шешімі үшін алғысын білдіріп, ішкі тарапқа асығуын өтінген және осы ұсынысын былайша жеткізген: «Өзіңізді сыйлағандықтан, әрі жақын серігім санағандықтан сізге Жайықтың оң жақ бетіне бірінші болып қадам жасауға, өзгелерге үлгі көрсетуге кеңес беремін. Ең болмаса басқалардан бір күн бұрын өз ұлысыңызбен, отбасыңызбен ішкі бетке көш түзеңіз. Осы ерлігіңізден соң мен сіздің Орданың алғашқы дворяны атануыңызға міндетті түрде жағдай жасаймын және қызметіңізге сай қажетті шенді иеленуіңізге мүмкіндік туғызамын». Одан әрі қарай И.Бирюковтың мәліметтеріне сүйенсек, 1801 жылдың 28 қыркүйегінде жолдаған екінші хатында П.Попов Сырымнан көші-қон салдарынан қорықпауын өтініп, оның жеке бас қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде еткен. Ақыр соңында зерттеуші Сырым Датұлы Бөкеймен бірге Еділ-Жайық аралығына өтті деген анық қорытындыға келеді.
Аталған деректерден Ресей империясы үшін Сырым Датұлының орны бөлек болғандығын, оның шешімімен санасып отырғандығын көреміз. Даңқты батыр ұзақ жылдар бойғы күресі арқылы тарихи атақонысты қайтаруға өз үлесін қоса білді.
Фото: Хан ордасы музей-қорығының қорынан- Бөкей ханның туған жылы, қайда дүниеге келгені нақтыланды ма?
- Бүгінде отандық тарих ғылымында зерттелмеген тарихи тұлғалардың қатарына Бөкей Нұралыұлын жатқызуға болады. Оның дүниеге келген жылына қатысты әр түрлі деректер келтіріледі. Орыс зерттеушісі И.Иванов 1901 жылы «Астраханский листок» газетінде жарық көрген «Ішкі (Бөкей) қырғыз-қайсақ Ордасының жүз жылдық тарихына» атты мақаласында Бөкей ханның ХVІІІ ғасырдың 40 жылдарының соңында дүниеге келген деп топшылайды. Қазақ хандары мен олардың әулеттерінің тарихын зерттеуші Ирина Ерофеева Бөкей Нұралыұлы шамамен 1748 немесе 1749 жылы дүниеге келген деп есептейді. Ал Астрахан облысы Краснояр ауданы Кіші Арал ауылында орналасқан хан кесенесінде «Бөкей хан Нұралыұлы (1747-1815)» деп жазылған.
Бөкей ханның дүниеге келген жылына қатысты әр түрлі нұсқалар келтіріліп жүргенімен, оның өмірден өткен жылы нақты белгілі. Астрахан казак полкының командирі Василий Скворцов 1815 жылғы 26 мамырда Орынбор әскери губернаторы, князь Григорий Волконскийге жазған баянатында (рапорт) Бөкей Нұралыұлының 21 мамыр күні кешкі сағат 9-дар шамасында қайтыс болғандығын хабарлаған. Ішкі Орда билеушісінің жары Атан ханшаның 1815 жылғы 8 маусымда Ресей императоры І Александр патшаға ұлы Жәңгірді мұрагер деп тану жөніндегі хатында Бөкей ханның В.Скворцов көрсеткен уақытта дүниеден өткендігі жазылған. Алайда екі хатта да Бөкей Нұралыұлының неше жасында қайтыс болғандығы көрсетілмеген.
Біздің ойымызша, алдағы уақытта архивтерден Бөкей ханның дүниеге келген уақыты мен туған жеріне қатысты деректер табылуы мүмкін. Бұл бағытта атқарылатын жұмыстар жеткілікті.
Фото: Мират Қоржынбаев- Соңғы кезде Жәңгір хан туралы көп айтылады да, оның әкесі көлеңкеде қалғандай болады. Бұған пікіріңіз қандай?
- Иә, отандық және шетелдік тарихнамада Жәңгір ханға қатысты деректер көбірек кездеседі. Қазақ төңкерісіне дейін жарық көрген еңбектерде Жәңгір хан Ресей империясына қалтқысыз қызмет еткен тәжірибелі саясаткер, еуропалық дамыған өмірді қазақ даласына әкелген қайраткер ретінде сипатталады. Бұл еңбектердің басым бөлігін Бөкей Ордасына келіп, Хан сарайында Жәңгір ханның қабылдауында болған орыс шенеуніктері, саяхатшылары, ғалымдары жазған. Бөкей Нұралыұлында мұндай мүмкіндіктер шектеулі болды. Өйткені ол бар күш-жігерін жаңа хандықты құруға, оның іргесін бекітіп, шекарасын шегендеуге жұмсады. Мұндай қиын-қыстау заманда Ішкі Ордаға келуші шенеуніктердің, саяхатшылардың саны аз болды.
Кеңестік дәуірде мемлекеттік идеология мен тарихи сана өзгеріп, таптар күресі кеңінен насихатталды. Нәтижесінде Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс тарихына баса мән берілді. Кеңестік идеологияға сәйкес Жәңгір хан қарапайым шаруаларды қанаушы феодал, көтерілісті басып-жанушы қанішер ретінде көрсетілді. Ал Бөкей Нұралыұлының билігі тұсында Ішкі Ордада Ресей империясының саясатына қарсы наразылықтар, Жайықтың сол жақ бетіне көшіп кету сияқты оқиғалар орын алғанымен, жеке Бөкей ханға қарсы көтерілістер болған емес. Тіпті Бөкей хан Исатай Тайманұлымен жақсы қарым-қатынаста болып, оған 1812 жылы арнайы грамота табыстап, батыр басшылық ететін беріш руына жер бөліп берді. Сондықтан кеңестік тарихшыларға Жәңгір ханды сынау жеңілірек болды деп ойлаймын.
Фото: Мират ҚоржынбаевЕліміз Тәуелсіздік алған тұста төл тарихымызды ұлттық мүдде, тарихи объективтілік тұрғысынан зерттеуге көштік. Осы тұрғыдан алғанда, ғалымдарымыз ең көп күйе жағылған хандардың бірі Жәңгір Бөкейұлының тарихи тұлғасына назар аудара бастады. Тарихшылар Жанұзақ Қасымбаевтың, Бақтығұл Бірімжаровтың және өзгелерінің еңбектері жарық көрді. Дегенмен Бөкей ханның қоғамдық-саяси қызметі алдағы уақытта зерттеледі деген ойдамын.
- Жәңгір ханның қарама-қайшы тұлға екендігі белгілі. Ол Еуропаға бет түзеген ағартушы, реформатор болумен бірге Исатай-Махамбет бастаған көтерілісті басқаны мәлім. Осы жөнінде не айтар едіңіз?
- Жәңгір хан билікке келген соң көптеген реформаларды жүзеге асырды. Ең алдымен Бөкей хандығының шекарасын шегендеуге ұмтылып, қазақ-татар, қазақ-орыс, қазақ-қалмақ арасындағы жер дауын шешуге кірісті. Ресей империясының бұл мәселені шешуге асықпайтынын түсінген соң хандықтың шеткері аймақтарын айналасындағы сұлтандарға, билерге, ықпалды рубасыларына бөліп берді. Архив деректерінен 1831-1833 жылдар аралығында барлығы 4 млн 680 мың десятина жердің, яғни хандық территориясының 1/4 бөлігінің жеке иеліктерге өткендігін көреміз. Өз кезегінде Жәңгір ханның айналасына топтасқан лауазымды тұлғалар жеке меншікке өткен жерлерді қарапайым тұрғындарға жалға беріп, табыстың көзіне айналдырды. Жерсіз қалған халықтың наразылығы күннен-күнге күшейе берді. Әлеуметтік жіктеліс, парақорлық белең ала бастады.
Жәңгір Бөкейұлының мешіт салдыру, дәріхана, мектеп ашу, медицинаға көңіл бөлу, орман шаруашылығын дамыту және тағы басқа тың реформалары да қыруар қаражатты талап етті. Ал бұл қаражатты хан жергілікті тұрғындардан салық ретінде жинауға мәжбүр болды. Өйткені Ресей империясы қазақ даласын дамытуға арналған реформаларға арнайы қаржы бөлмеді. Уақыт өте келе Бөкей Ордасындағы салық түрлерінің көбейгендігі соншалық, олардың саны 23-ке жетті.
Тілімдей жері жоқ, есепсіз алым-салыққа көмілген қарапайым халық амал жоқтан Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының артынан еріп, ұлт-азаттық көтеріліске шықты. Халықтың қаһарынан сескенген Жәңгір хан Ресей империясынан арнайы әскер сұратып, халық қозғалысын басып-жаншыды.
Мені «Жәңгір хан көзі тірісінде өз қателігін түсінді ме екен?» деген сұрақ көпке дейін мазалап жүрді. Бөкей Ордасының тарихын зерттеу барысында бұл сауалға жауап тапқандай болдым. Архивтерден табылған тың деректер Жәңгір ханның өмірінің соңына қарай Ордадағы жерсіздену үрдісін тоқтатуға тырысқандығын көрсетеді. Мәселен, Орынбор әскери губернаторы Владимир Обручев 1848 жылы 30 сәуірде Уақытша Кеңеске жолдаған нұсқау хатында: «Көптеген қазақтар Ордадағы жердің тең бөлінбеуінен зардап шегіп отыр. Марқұм Жәңгір хан көзі тірісінде жалпыға тең дәрежеде жерді қайта бөлуге рұқсат беру туралы өтініш білдірген еді. Осылайша жерге өте мұқтаж рулардың қажеттілігін белгілі бір дәрежеде қанағаттандыруды көздеді. Алайда оның кенеттен көз жұмуы бұл шараның орындалуына жол бермей қойды» деп жазған.
Мұндай мәліметтер Мемлекеттік мүлік министрі Павел Киселевтің «Ішкі Қазақ Ордасының құрылымы жайлы болжамдар» атты жобасында келтірілген. Министр 1848 жылы 22 наурызда І Николай патшаға Бөкей Ордасындағы қоғамдық жайылымдардың тең дәрежеде бөлінбегендігін, соның салдарынан жер мәселесінің әбден ушыққандығын жеткізген. Оған қоса үкімет шенеунігі Жәңгір Бөкейұлының 1845 жылдың басында жеке өзіне хат жолдағандығын және Орда территориясын еңбекші қазақтар арасында қайтадан тең бөлу үшін рұқсат сұрағандығын мәлімдеген.
Ішкі Ордадағы Уақытша Кеңестің төрағасы қызметін атқарған Михаил Иванин де халық аузынан алынған деректерді алға тартты. Автор өз еңбегінде «Маған ханның қазақтарға тең дәрежеде жер бөлмеуі арқылы жасаған өз зұлымдығын көргендігі және қателігін дұрыстауды ойлағандығы туралы айтты. Алайда оның бақилық өмірге аттануы бұл жоспарды орындауға мұрша бермепті» деп баяндаған.
Демек, бұл деректер Жәңгір ханның көзі тірісінде өз қателіктерінен сабақ алғандығын, оларды түзетуге тырысқандығын көрсетеді. Алайда оның жұмбақ өлімі ойлаған жоспарларын жүзеге асыруға мүмкіндік бермеген деуге негіз бар.
Фото: Мират Қоржынбаев- Кейінгі уақытта "Хан емессің, қасқырсың..." өлеңін Махамбет шығармаған, ол Ығылман Шөрековтің нұсқаларында жоқ, тек өткен ғасырдың отызыншы жылдары енгізілген деген пікір айтылып жүр. Осыған уәжіңіз қандай?
- Әйгілі ақын, белгілі батыр Махамбет Өтемісұлына теліп жүрген «Хан емессің, қасқырсың...» өлеңіне қатысты күмән өте көп. Біріншіден, ақынның шығармалары оның көзі тірісінде қағазға түспеген. Тек халық арасында ауызша тарап, бірнеше нұсқада айтылып жүрді. Екіншіден, Кеңес өкіметі орнағанға дейін жарық көрген «Мұрат ақынның Ғұмар Қазиұғылына айтқаны» (1908 жыл), «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» (1910 жыл) сияқты жинақтарда бұл өлең кездеспейді. Тіпті ақын, Бөкей Ордасының тумасы Ығылман Шөрековтің (1876-1932) жинақтары негізінде 1925 жылы Алаштың ардақты ұлы Халел Досмұхамедов жариялаған Махамбет шығармаларында да «Махамбеттің Жәңгір ханға айтқаны» енбеген.
Үшіншіден, филология ғылымында «фольклордағы көшпелі сюжеттер» деген ұғым бар. «Махамбеттің Жәңгір ханға айтқаны» өлеңіне ұқсас ХVІІ ғасырда өмір сүрген Марғасқа жыраудың Тұрсын ханға:
«Хан емессің, қасқырсың,
Қара албасты басқырсың.
Алтын тақта жатсаң да,
Ажалы жеткен пақырсың», - деген жыр жолдары кездеседі.
Сондықтан бұл өлең Кеңестік идеологияға сәйкес бұрмаланып, Махамбет Өтемісұлының атынан берілуі әбден ықтимал. Осы орайда еліміздегі соңғы ғылыми зерттеулердің КСРО дәуірінде көптеген ұлттық фольклорлық мұралардың жоспарлы түрде өзгертілгендігін көрсетіп отырғандығын атап өткен жөн.
Фото: Мират Қоржынбаев- Бөкей хандығына қатысты тарихи деректер Ресей архивтерінде жатыр. Оны кеңінен зерттеу үшін қандай іс-шараларды қолға алу керек деп есептейсіз?
- Соңғы жылдары Бөкей хандығының тарихына байланысты зерттеулер баяулап қалды. Орда тарихына қатысты зерттеулерді әркім өз мүмкіндігінше жүргізуде. Дегенмен олардың басын біріктіріп, арнайы қаржы бөліп, кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізуді ұсынар едім. Мысалы, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2021 жылы елімізде Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институты ашылғандығы белгілі. Сол сияқты Бөкей Ордасын ғылыми-зерттеу институтын ашуға болады деп санаймын. Оны мемлекеттік мекеме немесе үкіметтік емес ұйым ретінде құру мүмкіндігін қарастыру қажет. Бұл институтқа отандық және шетелдік архивтердегі құжаттарды жинақтауды, іргелі еңбектерді дайындауды, ғылыми, танымдық бағыттағы іс-шараларды ұйымдастыруды жүктеуге болады.
Бөкей Ордасы тарихына қатысты тағы бір өзекті дүние – шетел асқан хандық тарихына қатысты жәдігерлерді түгендеу, зерттеу мәселесі. Мысалы, Жәңгір ханның Қару-жарақ палатасындағы экспонаттардың барлығы дерлік түрлі себептермен шетелге шығарылған еді. Қазіргі таңда әйгілі Ресей этнографиялық музейінде «Бөкей Ордасының билеушісі Жәңгірдің ханның (1824-1845) коллекциясы» деген атаумен құнды тарихи жәдігерлер сақтаулы тұр. Бұл коллекцияға 2 дулыға, ұлттық киім киген қазақтар бейнеленген 2 портрет және қазақ сұлтанының фотосуреті кіреді. Бұл – бір ғана мысал. Осы орайда, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда: «Тарихи жәдігерлерімізді шетел мұражайларынан Қазақстанға қайтару жұмыстарын жандандыру да маңызды. Ондай мүмкіндік болмаса, еліміздегі мұражайларға қою үшін жәдігерлеріміздің дәлме-дәл көшірмесін жасау керек», - деген еді. Сондықтан бұл міндетті Бөкей Ордасын ғылыми-зерттеу институтына жүктеуге болады деп есептеймін.
- Әңгімеңізге рахмет! Еңбегіңізге табыс тілеймін.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Бөкей хандығының 225 жылдығына орай дайындық іс-шаралары басталғанын жазған болатынбыз.