Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Қостанай облысында есірткі тасымалдаған ер адам жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Ол тыйым салынған заттарды спорттық құрал-сайманның ішіне жасырып, Алматыдан Қостанайға жеткізгені үшін 500 мың теңге алмақ болған, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Есірткі бокс қабының ішіне жасырылған
Сот мәліметінше, 2026 жылғы тамызда ер адам интернет арқылы белгісіз біреумен байланысқа шығып, есірткіні жасырын орындарға жеткізіп беретін курьер болып жұмыс істеуді ұсынған.
Ол тиісті нұсқаулықты алғаннан кейін уәде етілген 500 мың теңге сыйақы үшін есірткі сатып алып, оны Қостанайға тасымалдау мақсатында Алматыға аттанған.
9 тамызда ер адам үш полиэтилен пакетке салынған есірткі сатып алған.
Сот қандай жаза тағайындады?"Сондай-ақ Н. тергеу барысында кім екені анықталмаған адамның нұсқауымен Алматыдағы базарлардың бірінен есірткіні жасырып, тасымалдау үшін бокс қабын сатып алған. Ол алдын ала қапталған есірткіні бокс қабының ішіне салып, Қостанай қаласына заңсыз жеткізген. Кейін сату мақсатында есірткіні сол жерде заңсыз сақтаған", - деп жазылған хабарламада.
Сотта ер адам кінәсін ішінара мойындады. Ол есірткіні жеке пайдалану үшін қалдырғанын және оны тарату ниеті болмағанын алға тартты.
Мемлекеттік айыптаушы оған сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сот ер адамды алдын ала сөз байласқан адамдармен бірге аса ірі мөлшердегі есірткіні сату мақсатында заңсыз сатып алғаны, сақтағаны және тасымалдағаны үшін кінәлі деп таныды. Бұл қылмыс үшін мүлкін тәркілеп, жеті жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушының кішкентай баласы бар екенін ескерген. Жауапкершілікті ауырлататын мән-жай анықталмаған.
Нәтижесінде ер адам қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жеті жылға сотталды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда полицейлер синтетикалық есірткі өндіретін шағын зертхананың жолын кесті. Оны 34 жастағы ер адам тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің бірінде ұйымдастырған. Тінту кезінде 4,5 келі есірткі тәркіленді.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу