Болашақ ойындары 2026 : Бәсі жоғары әлемдік дода

15.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

«Болашақ ойындары – 2026» (GOTF 2026) бағдарламасындағы сайыс түрлерінен сынға түсетін саңлақтар жарыс көрігін қыздырмақ. Атап айтқанда, фиджитал футбол, фиджитал баскетбол, корольдік шайқас, фиджитал шутер, фиджитал би, MOBA PC, MOBA Mobile, фиджитал жекпе-жек тартысы болады. Халықаралық IPSOS зерттеу компаниясының мәліметінше, әлемдік додаға қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. 850-ден астам қатысушының тартысы әлемнің әр нүктесіне онлайн да таралып, 460 миллион­нан астам қаралымға жетпек.

Президенттің тапсырмасына сәйкес Премьер-министр Олжас Бектенов халықаралық сайыс өтетін спорт нысандарының дайындығын тексеріп, жіті қадағалап отыр. Бірер күн бұрын дода өтетін алаңдардың әзірлігі, цифрлық жабдықтау, нысандарды гибридті форматқа бейімдеу барысын бақылады. Үкімет басшысы халықаралық сайысты жоғары деңгейде өткізуге барлық мемлекеттік орган мен ұйымдардың жұмылуын жүктеді. Қауіпсіздік, логис­тика, сервистік қызмет көрсету сапасын жақсартуды міндеттеді. «Қазспортинвест» АҚ президенті, «Болашақ ойын­дары – 2026» дирекциясының жетекшісі Әлібек Хасенов ұйымдастыру жұмысы жоспарға сай жүріп жатқанын айтты.

– Әр құрлықтағы 35 елден 864 спортшы қатысады деп күтілуде. Турнир өтетін спорт кешендері толықтай жаб­дықталды. Жақсылық Үшкемпіров атын­дағы Жекпе-жек сарайы, «Қазақстан» жеңіл атлетика кешені, «Beeline Arena» ұлттық теннис орталығы, «Барыс Арена» кешенінде өтетін сайыс барысында мәдени бағдарлама да көрермен назарына ұсынылады, – деді Ә.Хасенов.

«Болашақ ойындары» (GOTF) – фид­житал-спорт әлеміндегі ең ірі ха­лық­­аралық тартыс саналады. Кәсіби ойыншыларды, клубтар мен жан­күйер­лерді бір алаңға біріктіреді. Тоғыс­тыратын бірегей жобаның бәсі жоғары болмақ. Турнир цифрлық және физика­лық белсенділік біртұтас дүниеге айнала­тын спорттың жаңа форматын көрсете отырып, фиджитал-қозғалысты дамытуда маңызды рөл атқарады. Халық­аралық мультиспорттық турнирді Туризм және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Қазспортинвест» АҚ ұйымдастырады. «Болашақ ойындары –2026» (GOTF 2026) меншік құқығы фиджитал саласындағы инновацияларды ілгерілету және енгізу жөнінде әлемдік көшбасшы «Phygital International» компаниясына тиесілі. Жарыс барысында физикалық спорт түрлері мен цифрлық ойындар үйлесім таппақ.

Еліміздің халықаралық аренадағы беделін нығайтатын айтулы аламан әлем назарын өзіне қарататыны дау­сыз. Дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияларды тоқайластыратын фиджитал-турнирдің де дүбірі құлақ түбінен естіліп келеді. Дүбірлі доданы қазақ даласында өткізу жөніндегі ұсынысты 2024 жылы Ресейде өткен «Болашақ ойындарының» салтанатты ашылу рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан еді. Дүние жүзінде баламасы жоқ біре­гей ойынды елімізде ұйымдастыру жө­ніндегі ұсынысы қолдау тапты. Арада екі жыл өткенде осынау бәйге елорда тө­рінде түңлігін түреді. Елорда екі аптаға жуық уақыт фиджитал спорт­тың әлемдік орталығына айналады. Спорт пен жоғары технология қыз­дың қос бұрымындай қатар өрбитін халық­аралық сайысқа қатысушылар алдымен виртуалды кеңістікте сынға түседі. Одан соң спорт түрлерінің өзінен физикалық әлеуетін бағамдайды. Цифрлық интеллект пен физикалық әлеует сараланатын доданың жүйесі де өзгеше. Жаһанда қарқынды даму жолына түскен фиджитал спорттың таралу ауқымы да кеңіп келеді. Жүлде қорына тігілген 4 млн доллар доданың беделін арттыра түспек. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қомақты сыйақыға кенеледі.

Осынау додада ел үмітін 11 коман­да арқалайды. Спортшыларымыз халық­аралық сайыста тәжірибесін шың­дап, біліктілігін нығайтады әрі елдің цифрлық спорттағы беделін күшейтуге арқау болмақ. Сарапшылар әлемдік доданы тамашалауға шетелден 10 мың­нан астам турист келетінін болжап отыр. Кәсіби киберспортшылардың сайысы еліміздің цифрлық даму бағытындағы салмағын да арттыра түспек. Бас қаладағы тартысты спорт кешендерінен көруге орайы келмеген көрермендер киберспортшылардың сайысын онлайн-көрсетілім арқылы да тамашалайды.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью