Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Жайық өзені ағынының құбылуы, трансшекаралық су көздеріне тәуелділік және суды ұтымды пайдалану талаптарының артуы жағдайында өңірде су қоймалары мен каналдар жаңартылуда, заманауи суару жүйелері енгізіліп, судың жұмсалуына бақылау күшейтілуде. Өңірге қанша су келеді, оның қаншасын сақтап қалуға мүмкіндік бар және тұрғындар мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер су тапшылығының зардабын сезінбеуі үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
2026 жылдың басынан бері Жайық өзенінің ағыны 5,76 млрд текше метрді құрады. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2025 жылы бұл көрсеткіш жыл бойына 8,8 млрд текше метрге жетсе, 2024 жылы 17,1 млрд текше метр болған. Соңғы жылдардағы көрсеткіштердің айырмашылығы өзеннің су мөлшері айтарлықтай құбылатынын көрсетеді.
– Батыс Қазақстан облысында 2026 жылға белгіленген су пайдаланудың рұқсат етілген көлемі 785 млн текше метрді құрайды. Бірінші жартыжылдықта нақты 444,6 млн текше метр су алынған, оның ішінде 34,7 млн текше метр ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне жұмсалды. Биыл алғаш рет су пайдаланудың рұқсат етілген көлемі құрылымында балық ша-руашылығына 7 млн текше метр су жеке қарастырылды. Су бөлу жоспарын әзірлеу кезінде әртүрлі салалардың қажеттіліктері мен қолда бар су көлемі ескеріледі, – деді Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Қанат Өтегенов.
Облыстың оңтүстік аудандарын сумен қамтамасыз ету үшін Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесі пайдаланылады. Ол лимандық суару алқаптарына су жеткізуге және жайылымдарды суландыруға мүмкіндік береді.
– Жыл басынан бері жүйеге 539 млн текше метр су келіп түсті. Көктемде бұл су лимандық суару жерлерін суаруға және жайылымдарды суландыруға пайдаланылды. Қазіргі уақытта су қоймаларының толымдылығы 53,5%-ды құрайды. Еділ өзені қосымша су көзі болып қала береді. 1 қазандағы жағдай бойынша Ресейден өңірге нақты 91 млн текше метр су келіп түсті. Оның 67 млн текше метрі Үлкен және Кіші Өзен өзендеріне, ал қалған 24 млн текше метрі Жәнібек суару-суландыру жүйесіне бағытталды. Трансшекаралық су көздерінен келетін судың маңызы ерекше. Әсіресе суды уақытылы жеткізу мен жайылымдарды суландыру шаруашылықтардың жұмысына тікелей әсер ететін ауылдық аумақтар үшін бұл аса маңызды, – деп атап өтті «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы директорының міндетін атқарушы Данияр Халин.
Мамандардың айтуынша, заманауи суару жүйелерін енгізу судың шығынын азайтуға мүмкіндік береді. 2026 жылға арналған 1,1 мың гектарлық жоспар толық орындалды: жаңбырлатып суару қондырғылары 1,06 мың гектарға, тамшылатып суару жүйелері 30 гектарға енгізілді. Жалпы алғанда, су үнемдеу технологиялары нақты суарылатын 13,2 мың гектар жердің 12,8 мың гектарында қолданылады. Бұл – жалпы аумақтың шамамен 97%-ы. Жаңбырлатып және тамшылатып суару әдістері судың берілуін дәлірек реттеуге мүмкіндік береді. Дегенмен бұл технологиялардың нақты тиімділігі олардың қолданылатын аумағымен ғана емес, су тұтынудың іс жүзінде қаншалықты азайғанымен де өлшенеді.
«Қазсушар» Батыс Қазақстан филиалының теңгерімінде 110 гидротехникалық нысан бар. Олардың қатарында жалпы сыйымдылығы 507,8 млн текше метр болатын 14 су қоймасы және жалпы ұзындығы 1 808,16 шақырымды құрайтын 55 канал бар. Сондай-ақ инфрақұрылым құрамына бір бөгет, төрт гидроторап, 34 лиман және екі сорғы стансасы кіреді.
– Былтыр облыстың коммуналдық меншігінен кәсіпорынға жалпы ұзындығы 705,7 шақырым болатын 35 канал және жалпы ауданы 51,3 мың гектарды құрайтын 17 лимандық суару учаскесі берілді. Сонымен қатар Барбастау өзеніндегі Покатиловка, Ұзынкөл, Жаңаөмір және Кемер ауылдары маңында орналасқан төрт су қоймасын республикалық меншікке беру жұмыстары аяқталды. Нысандармен бірге оларды реконструкциялауға арналған жобалық-сметалық құжаттама да тапсырылды. Аяқталған жұмыстардың қатарында Киров су қоймасын реконструкциялау және Мамаев гидроторабына күрделі жөндеу жүргізу бар. Жәнібек магистралды каналын реконструкциялау жалғасуда, ал Жайықбай каналында жұмыстар басталды, – деді Данияр Халин.
Тағы бір жоба Жалпақтал су қоймасын салуды көздейді. Жобаның құны – 8,2 млрд теңге. Жоба мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Қазіргі уақытта мердігерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Ал Сексенбай су қоймасы жобасы бойынша бұған дейін мемлекеттік сараптаманың теріс қорытындысы алынған.
Каналдарды механикаландырылған әдіспен тазарту жұмыстары да жалғасуда. 2026 жылы 297 шақырым канал тазарту жоспарланған. Қазіргі уақытта 145 шақырымдағы жұмыстар аяқталды. Биыл жөндеу жоспарланған 28 гидротехникалық нысанның 11-інде жұмыс толық аяқталды.
Сонымен қатар елді мекендерді су басу қаупі бар өзен учаскелерін санациялау жұмыстары жүргізілуде. Жобалардың бірі Тасқала ауылы маңындағы Деркөл өзенінің арнасын кеңейтуді көздейді. Ұзындығы жеті шақырым болатын учаскені тазарту жоспарланған. Жұмыстардың құны 622 млн теңгені құрайды, оның 435 млн теңгесі республикалық бюджеттен бөлінді. Бөрлі ауданында Утва өзенінің 11 шақырымдық учаскесін тазарту жобасы әзірленді.
Көшім каналында және Шаған өзенінің тармағында да жұмыстар жүргізілуде. Олар механикаландырылған тазарту, жекелеген учаскелерді кеңейту және өзен түбін тереңдету жұмыстарын қамтиды. Бассейндік инспекцияның мәліметінше, нысандарда батиметриялық түсірілімдер аяқталып, гидробекетке арналған ұзындығы 340 метрлік айналма канал салынды. Бұдан бөлек, суды есепке алудың автоматтандырылған жүйесін орнатуға дайындық жүргізілуде.
Қанат Өтегеновтің мәліметінше, облыста арнайы су пайдалануға рұқсат алмай су пайдалану бойынша 31 заңбұзушылық анықталған. Жалпы сомасы 4,43 млн теңге айыппұл салынды. «Қазсушар» филиалы өз нысандарында суды заңсыз пайдаланудың 14 дерегін анықтағанын хабарлады. Оның тоғызы Ақжайық ауданында, біреуі Жәнібек ауданында, төртеуі Орал қаласында тіркелген. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 2,5 млн теңгені құрады.
Өңірдің су шаруашылығы үшін мамандар даярлау да маңызды бағыттың бірі болып қала береді. 2025 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Гидромелиорация» білім беру бағдарламасы ашылды. 2025-2026 жылдары филиалдың 11 маманы Қытай мен Ресейде біліктілігін арттырды. Ал 2024-2025 жылдары еліміздің жоғары оқу орындарында тағы 30 маман білім алды. 2026 жылы қосымша он маманды оқыту жоспарланған. Сонымен қатар үш жоғары оқу орнының 33 студенті «Қазсушар» Батыс Қазақстан филиалында өндірістік тәжірибеден өтті. Өткен жылы су шаруашылығы саласындағы мамандықтар ауылдық жерлерге жас мамандарды тартуға бағытталған «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына енгізілді.
Өңір үшін басты міндет – су мөлшері құбылып тұрған жағдайда су шаруашылығы жүйесінің сенімді жұмысын қамтамасыз ету. Бұл міндетті шешу гидротехникалық нысандарды уақытылы жаңғыртуға, суды дәл есепке алуға және қолда бар ресурстарды тиімді басқаруға байланысты.
М.ЖАЛҒАСҰЛЫ