Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Құнды олжа Ұлытау облысындағы Болған ана кесенесіне жүргізілген археологиялық қазба жұмысы кезінде табылған. Археолог Айбар Қасенәлі тапқан жәдігер осы күнге дейін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университет қорында сақталып келген.
Болған ана – XIII ғасырда өмір сүрген данагөй әйел. Тарихи деректерге сүйенсек, ол – Шыңғыс ханның немересі, Жошы ханның қызы. Қаңлы елінің ханы Сығанақ-тегіннің жары болып, жұбайы дүниеден өткен соң, ел тізгінін қолына алған парасатты әмірші болған деседі. Ел ішіндегі аңыздар тоқсан жасқа келген ұлағатты ана артына өсіп-өнген қалың ұрпақ қалдырғанын айтады. Бүгінде Жезқазған қаласынан оңтүстікке қарай 45 шақырым жерде, Сарысу өзенінің жағасында ғасырлар көшінен қирамай жеткен Болған ана кесенесі тұр.
Мамандардың айтуынша, бұл шапан Жошы ұлысы дәуіріндегі ақсүйек әйелдер мәдениетінің жарқын үлгісі саналады. Зерттеу барысында оның жасалу технологиясы, матасы мен сәндік элементтері егжей-тегжей сарапталды. Археолог-реставратор Татьяна Крупаның жетекшілігімен тарихи мұраның ғылыми реконструкциясы жасалып, түпнұсқаны сақтау бойынша кешенді жұмыстар атқарылды.
«Шапанды тігуге 40 метрдей мата жұмсалған. Оның алдыңғы және артқы бөліктеріндегі ұзын сүйретпе етектер киімнің салтанатты рәсімдерге арналғанын аңғартады. Бұдан біз Болған ананың бойы 1,67 метр болған деп топшылаймыз. Жәдігердің көркемдік ерекшелігі де назарымызды аударды. Шапан бетінде пион гүлінің өрнектері бейнеленген. Әдетте бұл белгілер үйлену және неке салттарымен байланыстырылады. Осыған сүйенсек, шапан Болған ананың тұрмысқа шығу рәсімінде киілген болуы мүмкін», дейді Т. Крупа.
Шапанның негізгі бөлігі қамқадан тігілген, ал өңірі мен жең ұштары алтын жіптермен тоқылған паршамен көмкерілген. Алтын жіптер дәстүрлі қытай технологиясы бойынша дайындалған. Бұл өз кезегінде Алтын Орда дәуіріндегі қолөнердің жоғары деңгейін және халықаралық мәдени байланыстардың дамығанын көрсетеді.
Зарина ТАЙЛАҚ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті