Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Әлеуметтік желі қолданушыларының назары Алматының Бостандық ауданы әкімдігі ғимараты алдындағы жөндеу жұмыстарына емес, құрылыс қоршауындағы баннерге ауды. Желі қолданушылары әйгілі "Еңлік-Кебек" мозаикасының орнына нейрожелі арқылы жасалғандай көрінетін сурет пайда болған деп есептейді. Әкімдік бұл жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ЖИ-мен жасалған ба?
Талқылауға Threads әлеуметтік желісіндегі жазба себеп болды. Жазба авторы Бостандық ауданы әкімі аппараты ғимараты алдындағы құрылыс қоршауындағы бейнені "Еңлік-Кебек" түпнұсқа мозаикасымен салыстырған.
Жазба авторының пікірінше, билік өкілдері әйгілі мозаиканы негізге алғанымен, оны жасанды интеллект көмегімен өзгертіп жіберген.
"Бейнелеу өнеріне оралайық. "Бұл сіздердің болашақтарыңыз үшін". Міне, Молдахмет Кенбаев пен Николай Цивчинскийдің "Еңлік-Кебек" мозаикасы (мозаикалық панно – ред. еск.). Ал мынау Бостандық әкімдігі қоршауына ЖИ салған "Болливуд", – делінген жарияланымда.
Жазба астында қызу пікірталас басталды. Кейбір қолданушылар суреттің ерекшелігі сонша, оған жасанды интеллектінің қатысы бар екені анық деп шешті. Ал басқалары кейіпкерлердің кенет үнді фильмдері жұлдыздарына ұқсап кеткенін байқаған.
Дегенмен, жағдайды ушықтырудың қажеті жоқ деп есептейтіндер де табылды. Олардың пікірінше, бұл жөндеу жұмыстары кезіндегі уақытша қоршау.
"Қателік кеткен": әкімдік қалай түсіндірді?Алматы әкімдігі бұған мердігер ұйым баннер жасау кезінде жіберген қателігі себеп болғанын хабарлады.
"Мердігер ұйым мәліметінше, жөндеу жұмыстары кезінде ілінген баннер баспаханада дайындалған кезде қателік кеткен. Салдарынан сәндік элемент бейнесі дұрыс шықпаған", – деп хабарлады әкімдік.
Ескертулерден кейін мердігермен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әкімдік мәліметінше, баннер ауыстырылды.
"Мердігерге мәдени мұра элементтерін пайдалану кезінде мұндай қателікке жол бермеу қажеттігі ескертілді. Қазіргі уақытта қате бейнеленген баннер дұрыс нұсқасына ауыстырылды", – деп толықтырды әкімдік.
Еске салсақ, мамырда Алматы тұрғыны Бостандық ауданы әкімдігі көше тазалау кезінде ЖИ қолданды деп күдіктенген жазба жариялаған болатын.
Жарияланым желіде тез тарап, 100 мыңға жуық қаралым жинады. Қолданушылар әлеуметтік желі суреттер бірін жасанды интеллект көмегімен жасалған немесе өңделген деп белгілегенін байқаған. Бұл оқиға қалай аяқталғанын мына жерден оқыңыз.
Алматыда қоқысты ЖИ-мен “жинауға“ қатысты дау: қызметкер жұмысынан айырылды
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу