Болмысы биік азамат

28.01.2026

Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Өмірдің бұлтарыссыз да айқын жолын таңдап, алға қойған мақсатын зор адамгершілікпен орындай білудің өнегесін мінсіз танытып жүрген жақсы азамат Мұсахан Басшыбаев, міне, мерейлі жасқа шығыпты. Әрқашан ұстамдылығынан, білікті болмысынан айнымайтын ол ұл-қыз өсіріп, бүгінде ардақты ата мәртебесін де иеленіп отыр. Уақыт – адамға сыншы, сол сынақтан екінің бірі сәтті өте бермеуі мүмкін. Мұсахан – содан сәтті өтіп келе жатқан жігіт ағасы.

Адами болмысы таза, пейілі кең осы азаматпен таныстығым бұдан ширек ғасырдай бұрын Астанада, Парламентте қызметтес болған кезден басталған еді. Ағалы-інілік, әріптестік қарым-қатынасымыз да осы жылдар үлесінде.

Сол шақта мен Сенаттың редакция­лық-баспа бөлімін басқарғанмын, ал Мұсахан Айтбайұлы осында баспа сек­торының меңгерушісі еді. Қолданысқа енгізілетін заң мәтіндерін басып шы­ғарудың қиын да күрделі жұмысын міндетіне алған ол мүлтіксіз қызмет істей білді. Бұған қоса сол ресми мәтіндерді қазақшалаудың, редакциялаудың тә­жірибесін шебер меңгерді. Парламент депутаттарының пленарлық отырыстарында ілеспе аударма жасаудың да тетіктерін игеріп, бір сөзбен айтқанда, жоғары заң шығару мектебінің білікті маманы болды. Әріптестерінің сенімі мен құрметіне бөленді. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін, мемлекеттік деңгейде сәтті атқарылған қызмет-тін. Бәріміз Мұсаханның кәсіби тұрғыдағы іскерлігіне куә болдық.

Сыр бойында қарапайым темір­жолшы отбасында дүниеге келіп, өсіп-өніп, ауыл мектебінен білім алған бойшаң қара домалақ бала ата-анасы­ның тағылымды тәрбиесінен баянды болашағына нәр алды. Облыс орта­лығындағы пединститутты тәмам­дап, ұстаздық қызметті туған ауылы Қармақ­шыдағы мектептен бастайды.

Тағдыр да – қатал сыншы. Бұл сы­нақтың қиын сағаттары да адам өмі­рін айналып өте алмайды. Мұсахан от­басының берекесі, ұл-қыздарының анасы, жүрегі жайдары, жаны жайсаң жары Қалдыгүлден кешегі ел басына түскен індет кесірінен айырылып қалды. Өзіне жұбанышты қосағы мәпелеген балаларынан тапты, немерелеріне мейірленді. Еңсесін түсірмеді, араға уақыт салып алтын ұя үйінің шаңырағына тілеулес болып туған өңірінің қызы Манаттай жанашыры келді. Бәрі де ұлт дәстүріне сай сыйластық негізінде өрбіді. Өмірдің тағы да бір жарқын сәттері туды.

Мұсахан Айтбайұлының бір ерек­шелігі – ол білім саласын бүге-шігесіне дейін біледі. Ауданда, облыста жауапты қыз­меттер атқарған. Еңбекпен жетіле жүріп, эко­номикалық та, заңгерлік те жоғары білім алған. Осының бәрі Парламенттегі қызметіне оң әсер етті. Біртоға, тындырымды, мұқият, ең бастысы – жауапты әрі білікті. Сенатта қаншама мықты, дүмді қайраткерлер болды. Солармен кәсіби деңгейде тіл табысты. Білікті сенаторлардың жақсы інісі, пікірлесі бола білді. Жастарға өз деңгейінде тәлімгер, ұстаз атанды. Қызмет пен отбасын тең ұстап, сенім үдесінен шықты.

Экс-сенатор, ғалым Бақберген Досманбетов Мұсаханның Қызылорда облысы мен қаласындағы еселі еңбегін аузынан тастамай айтып жүретін. Мысалы, марқұм Бердібек Сапарбаев әкім болып тұрған кезде білім жүйесін жетілдіретін бірнеше жобасын қолдаған көрінеді. Қайраткер марқұм Нұрлан Балғынбаев Премьер-министр қызметінде жүріп Қызылордаға аялдағанда осы жобаларға оң баға беріпті. Әрине, мұндай жұмыс, бастама ұмытылмайды.

Айтқандайын, жауапты да тынымсыз қызметінің арасынан ғылымға уақыт тауып, білімді ұйымдастыру мәселесін тақырып етіп, саяси ғылымдар кандидаты дәрежесін алғаны да бар. Кезінде жұртқа кеңінен таныс «Қазақстан мектебі» журналына қадау-қадау мақала жариялағанын әріптестері жиі айтып отырады. Мұнда мектеп директорының, аудандық оқу бөлімі меңгерушісінің, қалалық білім басқарма басшысының тәжірибесі тұнып тұр. Сенаттың жұмысы ауыр. Мұнда шығармашылыққа көп қол тие бермесе керек.

Мерейлі де мәртебелі жасының мерекелі мезеттерін бастан кешіріп жатқан Мұсахан Айтбайұлына ағалық көңілден өмірдің нұрлы күндерін ұзағынан көруді жазсын деген тілек айтамын.

Мәди Айымбетов,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью