Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Журналдың алғашқы санында Бозоқ қалашығы туралы тың деректер, археологиялық экспедиция нәтижелері және тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелеріне арналған мақалалар топтастырылған. Ғылыми еңбектермен қатар қалың оқырманға түсінікті танымдық материалдар да бар. Осы арқылы басылым академиялық орта мен тарихқа қызығатын көпшілік арасындағы байланысты нығайтуды көздейді. Редакция алқасына археология, тарих және музей ісі саласының мамандары енген.
«Бозоқ қалашығы VII ғасырдан бастау алып, көне түркі тайпалары мекендеген киелі орындардың бірі саналады. Бүгінде осы тарихи мекеннің маңында Астана қаласы бой көтеріп, еліміздің саяси, экономикалық және мәдени орталығына айналды. Бозоқ нысаны – көшпелі және отырықшы мәдениеттердің тоғысқан тұсын айқын көрсететін Еуразия кеңістігіндегі бірегей археологиялық ескерткіш. «Bozoq» журналы жас зерттеушілерге жол ашып, тәжірибелі ғалымдардың пікір алмасу алаңына айналады деп сенеміз», дейді басылымның бас редакторы, PhD Жандос Болдықов.
Айта кетейік, Бозоқ мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы – көне тарих пен мәдени мұраны сақтау, зерттеу және ғылыми айналымға енгізу бағытында жұмыс істейтін бірегей мекеме. Ежелгі Бозоқ қалашығының орнында орналасқан музей-қорық Еуразия даласындағы ортағасырлық өркениеттің дамуын танытатын маңызды археологиялық кешен саналады. Сондықтан жаңа журнал Бозоқтың бай мұрасын кеңінен насихаттап, ғылыми деректі көпшілікке түсінікті тілмен ұсынатын маңызды басылым болмақ.