Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Ведомство мәліметінше, қылмыстық топ өз әрекетін заңды фармацевтикалық қызмет ретінде көрсетіп, жасырын түрде психоактивті және тәуелділік тудыратын дәрілерді таратқан. Бұл құбылыс өңірде жастар арасында «дәріханалық нашақорлықтың» кең таралуына себеп болған.
Негізгі тұтынушылар 18-25 жас аралығындағы жастар болған. Олардың қатарында бұрын сотталғандар да, есепте тұрғандар да, сондай-ақ алғаш рет есірткі қолданғандар да бар.
– Аталған топ өз әрекетін заңды фармацевтикалық қызмет ретінде бүркемелеп, жасырын түрде психоактивті, тәуелділік тудыратын және есеңгірететін дәрілерді кеңінен таратқан. Жүргізілген жедел-тергеу шаралары нәтижесінде қылмыстық схема толық тоқтатылып, заңсыз айналымнан ірі көлемдегі дәрілік препараттар, есірткі заттары, оқ-дәрілер және қомақты ақша тәркіленді, – деп хабарлады полиция.
Сонымен қатар тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру деректері анықталған.
Жалпы 11 күдікті белгілі болды. Оның ішінде ұйымдасқан топтың 6 негізгі мүшесі қамауға алынған. Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыстық топтың айналымы шамамен 1 млрд теңгені құраған.
Қылмыстық жолмен алынған мүлікке, оның ішінде жылжымайтын нысандар мен қымбат автокөліктерге тыйым салынды.
– Бұл операция өңірдегі көлеңкелі есірткі нарығына елеулі соққы беріп, жастардың нашақорлыққа тартылуының алдын алуға мүмкіндік берді. Психоактивті заттардың заңсыз айналымына қатысты кез келген әрекет заң аясында тоқтатылып, кінәлілер қатаң жауапкершілікке тартылады, – делінген ведомство мәліметінде.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Айта кетейік, Астанада есірткі таратуға қатысы бар сайттар бұғатталды.