БҚО да алаяқтық салдарынан тұрғындарға 2 млрд астам теңге залал келтірілді

03.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

БҚО полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевтің өңір тұрғындарымен кездесуінде мәлім еткеніндей, аталмыш қылмыс алаяқтық деректерінің жалпы санының 68 пайызын құрап отыр.

Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы жәбірленушілерге 2 млрд астам теңге залал келтірілді. Полицияға шағымның кеш түсуіне байланысты соның тек 380 млн 630 мың теңгесі ғана қайтарылды.

— Мысал ретінде Орал қаласының екі тұрғынына қатысты көп эпизодтық істі айтуға болады. Олар Instagram әлеуметтік желісінде несие алуға көмектесемін деп жалған хабарландыру орналастырып, алдау жолымен азаматтардың 25,5 млн астам теңгесін иемденген. Бұлар алаяқтықтың 67 эпизодын жасауға барған. Қазіргі кезде қылмыстық іс сотта қаралуда, — деді А.Оразалиев.

Департамент бастығының айтуынша, облыстың үш тұрғыны WhatsApp арқылы өздерін жәбірленушілердің туысы және танысы ретінде көрсетіп, қарызға ақша сұраған. Оларға 5 млн теңгедей залал келтірген 14 эпизодтық қылмыстық іс сотқа жолданды.

Трансұлттық алаяқтық іс-әрекеттерге қатысып, курьер ретінде 97 млн теңгені иемденген Өзбекстан азаматы 5 жыл 6 айға сотталды. Сондай-ақ курьерлік жолмен 150 млн теңгені қолды қылған Алматы қаласының тұрғыны да осындай жазаға кесілді. Жүргізуші куәлігін алып беруге көмектесемін деп хабарландыру ұйымдастырған ақтөбелік тұрғын 1 млн 260 мың теңгеге 10 эпизодтан тұратын қылмыс жасаған.

— Киберқылмыскерлер үшін шекара да, ұлт та жоқ, оларға маңыздысы — жәбірленушілердің қаржысы ғана. Алаяқтардың қармағына көбінесе халықтың әлеуметтік осал топтарына кіретін зейнеткерлер, мұғалімдер, медицина саласының өкілдері, техникалық қызметкерлер түсіп жатады. Осы орайда тұрғындар арасында есепшоттарды EGOV арқылы ерікті түрде бұғаттау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Қазірдің өзінде 80 мыңнан астам есепшот бұғатталды, — деп қосты А.Оразалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да интернет-алаяқтар жәбірленушілерге 1,8 млрд теңге залал келтіргенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью