БҚО да кардиологиялық орталыққа жыл сайын 4 мыңнан астам адам түседі

09.04.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Ғұбайдуллинаның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, жүректің ишемиялық ауруының өршуі көбінесе жіті коронарлық синдроммен көрінеді. Бұл – тұрақсыз стенокардия немесе миокард инфарктісін қамтитын, өмірге қауіп төндіретін жағдай. 

Оның сөзіне қарағанда, облыстық кардиологиялық орталықта жоғары технологиялық кардиохирургиялық көмек көрсетіледі. Мекеме қымбат құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда 2013 және 2023 жылдары сатып алынған 2 ангиографиялық қондырғы бар.

– Жіті коронарлық синдромы бар пациенттер аймақтандыру картасына сәйкес, қашықтығына байланысты реанимобильдермен және санитариялық авиация арқылы облыстық кардиологиялық орталыққа жеткізіледі. Интервенциялық кардиологтармен қамтамасыз етілу деңгейі – 92,3 пайыз. Облыстық кардиологиялық орталықтағы интервенциялық қызмет 2009 жылдан бастап тәулік бойы көрсетіледі. Қалалық көпбейінді ауруханада да коронарлық ангиография және стенттеу жүргізіледі. Бұл іс-шаралар жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітімді азайтуға мүмкіндік береді, - дейді А.Ғұбайдуллина.

БҚО кардиологиялық орталығы директорының міндетін уақытша атқарушы Эльмира Сүйеуғазиеваның нақтылауынша, жыл басында өңірдегі халық саны 695 791 адам болса, қан айналымы жүйесі ауруларымен 96 172 пациент есепте тұрады. 

Скрининг гипертония немесе жоғары холестерин сияқты қауіп факторларын симптомдар пайда болғанға дейін анықтауға мүмкіндік береді. 2025 жылы халықты скринингпен қамту 100 пайызға жетті, БҚО бойынша қан айналымы жүйесі ауруларының ерте анықталуы 9,6 пайызды көрсетті. 

– Созылмалы жүрек жеткіліксіздігінің 22 және дислипидемияның 20 кабинеті жұмыс істейді. Облыс ересек кардиологтармен 69,75 пайызға жасақталған. Өңірде 49 кардиолог болса, соның 23-і стационарда, 26-сы емханада еңбек етеді. № 2 Бәйтерек ауданы, Жәнібек, Жаңақала және Бөкей ордасы аудандық ауруханаларында 4 кардиолог жетіспейді. Барлық медициналық ұйымдар кардиостандартпен қамтамасыз етілген, бірақ тозуына байланысты оларды ауыстыру қажет. Эхокардиография, артериалды қысымның тәуліктік мониторингі, күнделікті ЭКГ мониторингі және жүктеме сынамаларын «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясы және жергілікті бюджет есебінен сатып алу жоспарлануда, - деп қосты Э.Сүйеуғазиева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда қызылша жұқтырғандар саны 170-ке жуықтағанын жазған болатынбыз. 

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью