БҚО да малын қараусыз жайылымға жіберген мыңға жуық тұрғын жауапқа тартылды

11.04.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, биылғы үш айда 1 027 бас мал (өткен жылы – 7 мыңнан астам) қамалды. 

Малын қараусыз жайылымға жіберген 958 тұрғын (өткен жылы – 4 мыңға жуық) ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 408-бабына сәйкес жауапқа тартылды. 

Өңірде бағымсыз жүрген ауыл шаруашылығы жануарларын қамайтын уақытша мал аулаларының жетіспеушілігі және керекті жабдықтармен қамтамасыз етілмеуі негізгі мәселелердің бірі болып отыр. 

Малдың далада қараусыз жайылып жүруі – ұрлықтың басты себебі. Өткен жылы 79 мал ұрлығы дерегі тіркелсе, соның 96 пайызы (76) даладан, 4 пайызы (3) қорадан кеткен. Биыл да 16 мал ұрлығының 14-і еркін жайылымның үлесіне тиеді. 

Малдың бағымсыз жүргені тек ұрлық қана емес, ол жол-көлік оқиғаларына да әкеліп соқтырады.

Өткен жылы малдың кесірінен 193 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 1 адам қаза тапты, 32-сі жарақат алды. Биыл жыл басынан бері үй жануарларының қатысуымен 18 (өткен жылы осы мерзімде – 25) оқиға тіркелді.

- Мал ұрлығы бойынша ең өзекті мәселе тұрғындардың өздеріне тиесілі үй жануарларын ұйымдастырылған бағымға қоспауы, уақтылы қарамауы болып отыр. Яғни көктемде далаға шығарып, тек күзде түгендеу кезінде малдың жоқтығын анықтап, полицияға арызданады.

Сондықтан малды міндетті түрде сырғалау және таңбалау, бақташы алу, мүмкіндігіне қарай жылқы малына GPS-треккерлерін тағу және басқа да тәсілдерді қарастыру маңызды, - деп хабарлады ведомстводан.

Департамент деректеріне қарағанда, қабылданып жатқан іс-шаралардың нәтижесінде биылғы 3 айдың қорытындысы бойынша мал ұрлығының тіркелуі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 5,9 пайызға төмендеді, жалпы ашу деңгейі – 100 пайыз. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда бопсалау және тонаумен айналысқан қылмыстық топ құрықталғанын жазған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью