БҚО да мұнай қалдықтары көмілген жер қоршаған ортаға қауіпті екені рас па

19.02.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

«EcoSaqshy» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәуренбек Сахымның мәлім еткеніндей, мұнай қалдықтары көміліп жатқаны жөнінде бейнежазба ауыл тұрғындарынан түскен. 

Мәселені зерделеу барысында анықталғанындай, 2025 жылғы 28 мамырда «ҚазТрансОйл» АҚ «ECSAD» ЖШС және «Корпорация технического содействия» ЖШС-мен келісім-шарт жасасқан. Осыған орай мердігер өңірдің Бәйтерек және Ақжайық аудандарындағы «Өзен-Атырау-Самара» магистральдық мұнай құбыры учаскелерінен жалпы көлемі 61 223,20 тонна мұнаймен ластанған топырақты қазып алып, арнайы жабдықталған алаңға тасымалдап, қазылған орынды таза топырақпен толтырып, техникалық рекультивация жұмыстарын жүргізуге міндеттенген.

Ластанған жер көлемі – 2,19703 гектар.

Д.Сахымның пікірінше, осы келісім-шарт жасалған кезде заңнаманың сақталуына күмән бар. Алдымен мердігер тендерді ұтып алған сәтте қажетті лицензиясы мен технологиясының болғаны туралы ашық ақпарат табылмады. Екіншіден, қорытынды құжат мердігер тарапынан тек 25 шілдеде алынған. Осыған байланысты құжаттары толық сәйкес келмеген компанияның не себепті жеңімпаз болып танылғаны түсініксіз. Қауіпті қалдықтар көмілуде деген аумақта мердігердің өзі көрсеткен технологиялық талаптар сақталып отыр ма, мұны да тексеру қажет.

Сосын жеті ай бойы айтарлықтай жұмыс атқармаған мердігерге келісім-шарт мерзімінің ұзартылу себебі де түсініксіз.

- Ластанған аумақ 2,19703 гектар болғанымен, мердігерге 20 гектар жер 5 жыл мерзімге жалға берілген. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік жерлер конкурс немесе аукцион арқылы рәсімделуі тиіс. Алайда Ақжайық ауданы әкімдігі аталған жер телімін «ҚазТрансОйл» АҚ мен мердігер арасындағы келісім-шарт негізінде берген. Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның бастамасымен жүргізілген тексеріс нәтижесінде жер беру негізсіз деп танылғанымен, жер телімі әлі күнге дейін мемлекет меншігіне қайтарылмаған, - деді Д.Сахым. 

Осыған байланысты эколог аталған келісімшарттардың заңдылығын, мердігер компаниялардың лицензиялық және технологиялық сәйкестігін, қауіпті қалдықтарды кәдеге жарату жұмыстарының талапқа сай жүргізілуін, жер телімін беру заңдылығын, жауапты тұлғалардың әрекеттерін жан-жақты әрі тәуелсіз тексеру қажет деп есептейді.

- Егер мәселе шешілмесе, бұл жер асты суы, топырақ пен ауаның ластануына, одан жануарлар мен тұрғындарға қауіп төнуі, яғни экологиялық апатқа соқтыруы ықтимал, - деп қосты эколог. 

«ҚазТрансОйл» АҚ-ның мәліметіне қарағанда, аталған мәселе мен деректер компания тарапынан тиісті тәртіппен қаралуда. Толық жауап кейін берілетін болады. 

Ақжайық ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрғали Мүтиевтің түсіндіруінше, Орал мен Атырау арасындағы мұнай құбыры бойында кеңес дәуірінде тарихи ластанған жерлер бар.

Сол жерлерді «ҚазТрансОйл» АҚ өз қаражаты есебінен залалсыздандырып келеді. 

- «Эко-Техникс» ЖШС 2022 жылы мұнай қалдығымен ластанған жерлерді залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Өткен жылы «ҚазТрансОйл» АҚ конкурс ұйымдастырып, «ECSAD» ЖШС тендерді ұтып алды. Мердігер ұйым биологиялық тәсілмен залалсыздандырамыз деп 20 гектар жер сұрады. Құзырлы органдардан келісім алып, заңнамаға сәйкес біз жерді бердік. Дәуренбек Сахымның арызы негізінде Батыс Қазақстан облысының жер ресустарын басқару департаменті тексергеннен кейін жер заңнамасын сақтау мақсатында хаттама толтыру жөнінде нұсқама берді. Дегенмен қазіргі кезде мәселе сотта қаралуда, - деді Н.Мүтиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да кәріз суы неліктен қоқыс алаңына төгіліп жатқаны жөнінде әкімдік жауап бергенін жазған едік

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью