Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Департамент басшысы Эльмира Қиматова мәлім еткендей, осы дерек бойынша әкімшілік іс қозғалып, тиісті хаттама толтырылды.
Оның сөзіне қарағанда, кәсіпкерлік нысан мемлекеттік сатып алу порталында жасалған шарттар аясында облыстың мемлекеттік мекемелеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізуді жүзеге асырған.
— Электрондық шот-фактураларға жасалған талдау нәтижесінде аталған ЖШС-нің 2025 жылдың қараша-желтоқсан айларында Орал қаласындағы балабақшаларға сары май (72,5 пайыз, 180 г) тауарын жеткізгені анықталды. Бұл ретте тауарды кәсіпкердің сатып алу бағасы 900 теңге болса, өткізу бағасы 2240 теңгеге жеткен. Осылайша, заңнамаға сәйкес шекті сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы тиіс болғанымен, сары май 148,8 пайызбен жеткізілген. Яғни екі есеге асып кеткен, — деді Э.Қиматова.
Департамент басшысы осы орайда мына мәселеге екпін түсірді.
— Барлық жеткізушілер мынадай негізді желеу етеді, яғни оларға мұндай бағамен тапсырушының өзі (мемлекеттік мекеме) шығады. Сонымен қатар келісім-шартқа сәйкес жеткізу бағасын төмендетуге болады. Мұны балабақшалар да, өнім жеткізушілер де жасамайды. Балабақшалар мен ауруханаларға қатысты бұлай етудің этикалық жағын сөз етіп отырған жоқпын. Тіпті өткен жылы 200 теңгелік қарақұмықтың бағасын өнім жеткізушілер 1 мың теңгеге дейін апарған, — деді ол.
Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын көтерме бағамен жеткізушілердің барлығы бірдей аталған норманы сақтай бермейді. Мысалы, кәсіпкер бөлшек саудамен айналысатын нысандарға (үй жанындағы дүкендерге) әлеуметтік маңызы бар тауарға жататын «Илецк тұзы» тауарын 47 пайыз сауда үстемесімен жеткізген.
— Аталған жағдай электрондық шот-фактураларға жүргізілген талдау нәтижесінде белгілі болды. Тауардың сатып алу бағасы келісіне 68 теңгеден келсе, ол 100 теңгемен өткізілген. Осыған байланысты жеткізуші ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деп қосты Э.Қиматова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да сауда үстемесін асыра белгілеген 9 кәсіпорының жауапқа тартылғанын жазған едік.