БҚО да құрылыс компаниясының қызметкерлерін соққыға жыққан тұрғындар сотталды

16.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Судья Асланбек Дүйсенғалиев қараған сот талқысы барысында анықталғанындай, оқиға өткен жылы 19 шілдеде шамамен сағат 15.00-де Жаңақала-Чапаев жолы бойында болды. 

Жергілікті тұрғындар, бұрын бірнеше рет сотталған Тілек Файзуллин, сондай-ақ Ержан Талғатов, Серік Қабдолов және Әсет Едіресқалиев масаң күйде автокөлікпен балық аулауға шыққан.

Содан Жаңақала-Чапаев автожолында жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан аталмыш құрылыс компаниясының прорабы Гаруш Балаянды көріп, тоқтаған. 

Жол жөндеу жұмысының барысына наразылығын білдірген Т.Файзуллин оның армян ұлтының өкілі екендігіне көз жеткізіп, ұлтаралық өшпенділікпен темірмен басынан ұрып, жерге құлатқан. Кейін жол бойымен қашқан жәбірленушіні қуып жетіп, оған бірнеше рет пышақ сілтеген.

Сотталушылар Балаянға арашаға түскен учаске бастығы Арслан Бисалиевті де ұрып-соққан.

Осындай сәтті пайдаланған Балаян жол бойында тұрған «Мазда» көлігіне барып, жасырынып үлгерген. Осылайша, Файзуллин адам өлтіруге оқталған қылмыстық іс-әрекетін өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша аяғына дейін жеткізе алмаған.

Т.Файзуллинге 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді. 

Бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтірген Е.Талғатовқа екі жыл шартты мерзім кесілді. 

Алдын ала сөз байласып адамдар тобымен ұрып-соғуға қатысқан С.Қабдолов пен Ә.Едіресқалиевтің әрқайсысы 100 сағат көлемінде қоғамдық жұмысқа жегілді. Бұл екеуі осыған дейін үйқамақта болғандықтан, жазалары өтелді деп танылды. 

Г.Балаянның моральдық зиянды өтеу туралы талап арызы ішінара қанағаттандырылып, Т.Файзуллиннен 5 млн, Е.Талғатовтан 500 мың, С.Қабдолов пен Ә.Едіресқалиевтің әрқайсысынан 200 мың теңгеден өндірілді. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да құрылыс компаниясының екі қызметкерін ұрып-соққан күдіктілер ұсталғанын жазған болатынбыз

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью