Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында сыртқы түрі ұшқышсыз ұшу аппаратына ұқсайтын құрылғының бөлшектері табылды. Бұл ақпаратты өңірлік Полиция департаменті растады.
Ведомствоның хабарлауынша, нысан елді мекендерден тыс жерде, ауылдық аймақта тіркелген. Оқиға орнына полиция қызметкерлері барып, тексеру жұмыстарын бастады, жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр.
Бұған дейін әлеуметтік желі мен мессенджерлерде БҚО-дағы ауылдардың біріне жақын маңда дронның құлағаны туралы фотосуреттер мен хабарламалар тараған болатын.
Бұл облыстағы бірінші жағдай емес. 2025 жылғы наурызда БҚО-ның Жәнібек ауданында белгісіз ҰҰА бөлшектері табылды. Сол жылдың қазан айында Бөрлі ауданында дронға ұқсас нысанның сынықтары анықталған еді. Аталған фактілердің барлығы бойынша полиция тексеру шараларын жүргізді.
Қазіргі уақытта соңғы құлаған аппараттың түрі мен қай елге тиесілі екенін анықтау үшін мамандар сараптама жүргізуде. Жағдай өңірлік Полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға салдарынан зардап шеккендер мен қираған нысандар жоқ. Облыс тұрғындарына сабыр сақтап, анықталмаған ақпаратты таратпау ұсынылады.
Бүгін, 09:17