БҚО да жол учаскелерінде құбыр салу жұмыстары толық аяқталмай отыр

16.02.2026

Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Залмұқановтың мәлім еткеніндей, бұдан екі жыл бұрынғы ірі су тасқыны салдарынан автожолдардың 140 учаскесінде зақымдану деректері тіркелген болатын.

Мұрат Дүйсенұлының сөзіне қарағанда, 2024 жылы жергілікті бюджет резервінен 937,9 млн теңгеге 23 жоба қаржыландырылып, 44 учаскеде жұмыстар атқарылды. Соның ішінде 10 учаскеде су өткізгіш құбырлар орнатылып, 34-інде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

2025 жылға жалпы сомасы 1,9 млрд теңгеге 60 су өткізгіш құбырды күрделі жөндеу үшін 24 жоба дайындалды. Соның нәтижесінде облыстық маңызы бар Аңқаты-Сарыөмір автомобиль жолында 2, Шыңғырлау ауданында 11 су өткізгіш құбыр салынды. Теректі ауданында Дуана ауылына кірме жолға 2 және Рыбцехқа 2 құбыр салынды.

- Алайда 2025 жылы қаражаттың кеш бөлінуіне байланысты мердігер мекеме барлық жоспарланған жол учаскелерінде құбыр салу жұмыстарын толық аяқтай алмады. Осыған байланысты Теректі ауданында Сатымшеген ауылына кірме жолға 1, Қандыққа 2, Құмақсайға 1 және Төнкеріске 2, барлығы 6 су өткізгіш құбыр салу жұмыстары биыл жүргізілетін болады. Қазіргі уақытта мердігер ұйым – «АСФА» ЖШС қажетті құрылыс материалдарын алдын ала әзірлеп қойды, - деді М.Залмұқанов.

Оның айтуынша, көктемгі су тасқыны кезеңінде халықтың қауіпсіз және үздіксіз көлік қатынасын қамтамасыз ету мақсатында Шыңғырлау және Қаратөбе аудандарында 3 көпір құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Атап айтқанда, Қаратөбе ауданында Қалдығайты, Қоржын ауылында Жақсыбай және Шыңғырлауда Шыңғырлау өзені арқылы өтетін көпір салу көзделіп отыр. Аталған нысандарды аса маңызды және жалпы мемлекеттік маңызы бар жобалар тізбесіне енгізу үшін ҚР Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне тиісті хат жолданды.

Сонымен қатар республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу барысында 7 көпір және 96 су өткізгіш құбыр салынды. Оған қоса облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күрделі жөндеу кезінде 1 көпір және 43 су өткізгіш құбыр тұрғызылды.

- Бюджет қаражатының кеш бөлінуіне байланысты Шыңғырлау ауданында су өткізгіш құбырлардың бетін топырақпен жабу жұмыстары күзгі мезгілде жүргізілген. Осыған байланысты қауіпті учаскелерде көктемгі су тасқыны кезеңінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыру, қапшықтар, инертті материалдар және қажетті ауыр техниканы (тиегіш, самосвал және өзге де арнайы техника) алдын ала жеткізу жөнінде тиісті тапсырмалар берілді, - деп қосты басқарма басшысының орынбасары.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда су тасқынынан келер қауіп қандай екендігін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ су тасқынына дайындық барысында БҚО-ның бірқатар ауданында техникалар саны сәйкес келмей отыр.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью