Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2026 жылдың 21 қаңтарында мемлекеттік сатып алулар порталында Бөрлі ауданы әкімі аппаратының БҚО, Бөрлі ауданы, Ақсай қаласындағы автомобиль жолдарын күтіп-ұстау және ағымдағы жөндеу бойынша (Оңтүстік және Солтүстік бөліктері, сондай-ақ Қызылтал ш/а) жалпы сомасы 7,2 млрд теңгеге мемлекеттік сатып алулар жарияланған.
Аталған жұмыстар көгалдандыруды (көгал отырғызу, ағаштар мен гүлдер егу және оларды күтіп-баптау) қарастырғанымен конкурс құжаттамасы «Өсімдіктер дүниесі туралы» Заңның міндетті талаптарына сәйкес келмегені анықталды.
Атап айтқанда, жоспарланған көшет отырғызу мен көгалдар жасауға қатысты дендрологиялық жоспар және көгалдандыру жұмыстарының көлемі мен құнын айқындау үшін қажетті дефектілік акт болмаған.
Сонымен қатар, көгалдандыру жұмыстары жеке лот ретінде бөлінбеген, ал жұмыстарды орындау учаскелері мен нақты мекенжайлары құжаттамада нақтыланбаған.
Есептеулерге сәйкес аталған іс-шараларға 826,3 млн теңге қаражат қарастырылған.
Атап өту қажет, дендрологиялық жоспар көгалдандыруды жоспарлаудың негізі болып табылады, онда қолданыстағы жасыл қорды, түрлік құрамды және орналастыруды ескере отырып, отырғызуға немесе күтім жасауға жататын өсімдіктердің саны көрсетіледі. Мұндай жоспарлар болмаған жағдайда жоспарланған көшет отырғызу қажеттілігін, отырғызылатын тұқымдардың негізділігін және жұмыстардың нақты учаскелерге байланысын растау мүмкін емес.
-Анықталған заңбұзушылықтар жұмыстардың көлемін негізсіз айқындауға, сатып алудың ашықтығын төмендетуге және бюджет қаражатын тиімсіз жұмсауға, оның ішінде тиісті бастапқы құжаттарсыз және нақты учаскелерге байланыссыз жұмыстарға ақы төлеу тәуекелдеріне жағдай жасаған,-делінген хабарламада.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша мемлекеттік сатып алулардың күші жойылып, нәтижесінде негізсіз жалпы сомасы 826,3 млн теңге сомасында бюджет қаражатының жұмсалуына жол берілмеді.
Осыған дейін СҚО-да мемлекеттік сатып алу талаптары бұзылып, 11,2 млн теңге қайтарылғаны туралы жаздық.