БҚО өзендерінде мұздың қалыңдығы өткен жылғыдан жоғары болып отыр

08.03.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапановтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, қазіргі таңда облыс аумағында 30 гидрологиялық бекет жұмыс істейді.

Тілеген Қойшыбайұлының сөзіне қарағанда, 2025 жылы Жайық, Шаған, Деркөл, Шыңғырлау, Қалдығайты, Шиелі өзендерінде қосымша 7 гидробекет іске қосылды. Биыл Жайықта тағы бір гидробекет ашылды.

- Сондай-ақ 2025 жылы Шаған өзенінде Бәйтерек ауданы Мичурин ауылы гидробекетінде қайық өткелі, Деркөлде Зеленыйда, Барбастауда Теректі ауданы Покатилов елді мекенінде аспалы өткел құрылысына жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптамадан өткізілді. Бұл жобаларды биыл жүзеге асыру жоспарланып отыр, - деді Т.Шапанов.

Оның айтуынша, облыс аумағындағы өзендерде жағдай қалыпты, мұз құрсауында. Өзендердегі мұз қалыңдығы 18-84 см арасында, бұл өткен жылғыдан (21-65 см) 20 см жоғары.

Тағы бір назар аударатын жайт, гидрологиялық мониторингпен қамтылмаған аумақтарда еріген сулардың күтілетін көлемі Батыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан метеостанциялардан түскен атмосфералық жауын-шашынның деректері бойынша географиялық-ақпараттық жүйелер (ГАЖ) құралдарында интерполяцияны пайдалана отырып анықталды. Облыстың шығыс аумағында 1 шаршы км жерден еріген қар суының мөлшері 0.004-0.008 млн текше метр диапазонында қалыптасуы мүмкін. Жайық, Қараөзен мен Сарыөзен алаптары арасында бұл көрсеткіш 1 шаршы км аумаққа шаққанда, 0,004-0,007 млн текше метр көлемінде болжанып отыр. Облыстың батыс бөлігінде күтілетін еріген қар суының көлемі 0,004-0,009 млн текше метр аралығында болуы ықтимал. Жергілікті атқарушы органдар еріген қар суы жинақталатын аумақтарда елді мекендерге төнетін қауіптің алдын алу және болдырмау шараларын дер кезінде қабылдауы қажет.

- Қардың көп болуына және күзгі ылғалға қарамастан, биылғы су тасқыны 2025 жылғы деңгейге сәйкес келуі мүмкін. 2025 жылы мұз қабыршағының болуынан және топырақтың қатуынан су жерге сіңбей, бетімен ақты. 2026 жылы мұз қабыршағы болмаған жағдайда еріген судың бір бөлігі топыраққа сүзіліп, жерасты суларын қоректендіреді. Бұл судың максималды шығынын азайтады. Ресейдегі «Приволжское УГМС» федералды мемлекеттік бюджеттік мекемесінің гидрологиялық болжамына сәйкес Жайық өзені бойынша Көшім гидробекетінде тасқын көлемі 3,5-5,5 текше км болуы (2025 жылы 4,43 текше км) мүмкін. Жайық өзенінде Орал қаласындағы гидробекетте судың ең жоғары деңгейі 500-600 см (қауіпті шегі – 850 см, 2025 жылы – 476 см) шамасында болады деп болжанып отыр. Наурыз айында күн күрт жылынып, қатты жаңбыр жауса, мұз жамылғысы еріген қар суымен қосылып, тасқынға соқтыруы мүмкін, - деп қосты Т.Шапанов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда су тасқынынан келер қауіп қандай екендігін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ БҚО-да қай өзендерден елді мекендерге қауіп төнуі ықтимал екендігі хабарланды.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью