Браконьерлікпен күреске бағыт керек

13.08.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Алайда кейінгі жылдары өзеннің экологиялық ахуалы күрделеніп, браконьерлік, су деңгейінің төмендеуі, өндірістік ластану мен климаттың өзгеруі табиғи қорларға бұрын-соңды болмаған қысым түсіруде. Осындай жағдайда балық қорын қорғауға жауапты инспекторлардың өздері кадр тапшылығымен бетпе-бет келіп отыр.

Жайық-Каспий өңіраралық бас­сейндік балық шаруашылығы инспек­циясының Дамбы балық инспекциясы бөлімінің қызметкерлері тәулік бойы өзенде рейд жүргізеді. Олардың міндетіне заңсыз балық аулаудың алдын алу, өз­ен­ге жасырын орнатылған ау-құрал­дарын анықтау, балықшылардың заң талаптарын сақтауын бақылау және өзеннің қауіпсіздігін қамтамасыз ету кіреді.

Дамбы балық инспекциясы бөлімінің басшысы Еламан Хабибуллиннің айтуынша, жыл басынан бері инспек­торлар 544 заңбұзушылықты анықтап, 345 әкімшілік хаттама толтырған. Оның ішінде 15 іс әкімшілік сотқа жолданған. Сонымен қатар өзеннен 500-ге жуық заңсыз ау құралы тәркіленген.

«Тәркіленген торлар арнайы қоймаға жеткізіліп, заңнамаға сәйкес үш ай өткен соң жойылады. Бұдан бөлек, инс­пек­торлар өзен түбіне тасталып кеткен немесе иесіз қалған браконьерлік торларды тралдау жұмыстары кезінде тұрақты түрде шығарып келеді», – дейді ол.

Алайда статистика бір қарағанда оң нәтиже көрсеткенімен, мамандар бұл көрсеткіштердің артында шешілмеген күрделі мәселелер тұрғанын айтады. Дамбы бөлімінде бүгінде 14 мемлекеттік инспектор мен 22 техникалық қызметкер жұмыс істейді.

«Бұл сан қағаз жүзінде жеткілікті болып көрінуі мүмкін. Бірақ Жайық өзенінің жүздеген шақырымға созылған арнасы, ондаған тармақтары мен канал­дарын есепке алғанда, мұндай күш барлық аумақты толық бақылауға мүм­кіндік бермейді. Әсіресе көктемгі балық өрістеу кезеңінде, күзгі маусымда және қыс мезгілінде жұмыс бірнеше есе көбейеді. Дәл осы уақытта браконь­ерлер де белсенді әрекет етеді», –  дейді Е.Ха­бибуллин.

Оның айтуынша, заңсыз балық аулау­мен айналысатындар бақылау әлсіз тұстарды алдын ала зерттеп, көбіне түнгі уақытта немесе ауа райы қолайсыз кезде әрекет етеді. 

«Осының салдарынан инспек­тор­лардың жұмысы тек рейд жүргізумен ғана шектелмей, тәулік бойы кезекшілік атқаруға ұласады», – дейді Дамбы балық инспекциясы бөлімінің басшысы.

Инспектор жұмысы – қауіпті әрі ауыр қызмет

Көпшілікке балық инспекторының қызметі тек өзен жағасын бақылаумен ғана байланысты көрінуі мүмкін. Алайда іс жүзінде бұл – физикалық төзімділікті, құқықтық білімді және батылдықты талап ететін мамандық. Инспекторлар күннің аптап ыстығы мен қақаған аяз­ын­да, дауылды ауа райында өзенде жұмыс істейді.

Кейбір жағдайда заңсыз кәсіппен айналысатын адамдар қарсылық көрсетіп, инспекторларға қауіп төндіретін оқиғалар да кездеседі. Осындай ауыр еңбекке қара­мастан, саладағы еңбекақы деңгейі мен әлеуметтік қолдау көптеген жастарды бұл мамандықты таңдауға ынталандырмай отыр.

Сарапшылардың пікірінше, кадр тап­шылығының басты себептері – ең­бек­ақының бәсекеге қабілетті болмауы, қыз­меттің тәуекелі жоғары болуы, әлеу­мет­тік кепілдіктердің жеткіліксіздігі, жастар арасында мамандық беделінің төмендеуі және шалғай учаскелерде жұмыс істеудің қиындығы. Егер бұл мә­селе бүгін шешілмесе, алдағы жылдары тәжірибелі мамандардың зейнетке шығуына байланысты кадр жетіспеушілігі одан әрі күшеюі ықтимал.

Инспекторлардың қарамағында қыз­меттік катерлер мен жүзу құралдары болғанымен, қазіргі заман талаптарына сай бақылау технологиялары толық енгізілді деу қиын. Бүгінде көптеген мемлекеттерде табиғатты қорғау құры­лымдары дрон, тепловизор,  спутниктік мониторинг,  GPS-бақылау, автомат­тандырылған бейнебақылау және жасанды интеллект негізіндегі бақылау жүйелерін қолданады. Мұндай техноло­гиялар үлкен аумақты аз уақыт ішінде бақылауға мүмкіндік береді. Дәл қазіргі уақытта ойдағы-қырдағы инспекцияның бәрі бірдей осы технологиялармен 100 пайыз қамтамасыз етілді деу қиын. Де­ген­мен елімізде мұндай құралдарды кезең-кезеңімен енгізу инспекторлардың жұмысын едәуір жеңілдетіп, адам рес­урсы­ның тапшылығын азайтуы мүмкін.

Балық саласының байырғы маманы Нұрдәулет Ахметтің пікірінше, заңсыз аулаумен күрес тек өзен жағасында жүргізілмеуі керек. Браконьерлік жолмен ауланған балықты сатып алатын нарық тоқтамай, заңсыз кәсіп те тоқтамайды.

«Сондықтан бақылау мына бағыт­тарды да қамтуға тиіс. Заңсыз өнім өткі­зілетін сауда орындарын анықтау,  тасымалдау арналарына бақылауды күшейту, заңсыз өнімді сатып алушыларға жауапкершілікті және  көлеңкелі нарық­пен күресті арттыру керек», – дейді ол. Яғни мәселе тек өзенде емес, тұтас сау­да тізбегінде жатыр.

Бекіренің тағдыры – Жайықтың тағдыры

Жайықтың басты ерекшелігі – оның әлемдік маңызы бар табиғи экожүйе екендігі. Бұл өзен – Каспийдегі бекіре тұқымдас балықтардың табиғи көбеюіне мүмкіндік беретін санаулы су арнасының бірі. Алайда соңғы жылдары мамандар бірнеше күрделі қауіптің қатар күшей­генін айтып келеді. Яғни  Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі, Жайықтың тай­ыз­дануы, климаттың өзгеруі, өнеркә­сіптік ластану, заңсыз балық аулау және уылдырық шашатын табиғи орындардың азаюы. Бұл факторлардың барлығы өзара байланысты. Егер браконьерлік азаймаса, табиғи жолмен көбейетін бекіре қорының қалпына келуі ондаған жылдарға созылуы мүмкін.

Балық қорын қорғауды күшейту мақсатында жыл сайын елімізде «Бекіре» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі. Акция барысында инспек­торлар, полиция және басқа да құқық қорғау органдары бірлескен рейдтер ұйымдастырып, бақылауды күшейтеді. Мұндай шаралар белгілі бір нәтижесін бергенімен, сарапшылар олардың уа­қытша сипатта ғана екенін айтады. Өйткені рейд аяқталған соң браконьерлер қайтадан заңсыз әрекеттерін жалғас­тырады. Сондықтан жүйелі нәтиже беру үшін бақылау үздіксіз болуы қажет. Экологтардың пікірінше, табиғатты қорғауда тек айыппұл мен рейдке сүйену ұзақмерзімді нәтиже бермейді. Ең алды­мен қоғамның табиғатқа деген көзқарасын өзгерту қажет.

«Бұл бағытта  мектептердегі эко­логиялық білімді күшейту,  жастарды табиғатты қорғау акцияларына тарту, заңды балық аулаудың мәдениетін қалыптастыру, қоғамдық бақылауды дамыту,табиғатты қорғауға бағытталған ақпараттық жұмыстарды көбейту маң­ызды. Табиғатты қорғау – тек мемле­кеттік органның емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін қоғамдық сана түсінуі керек. Сондай-ақ ғылыми мони­торингті күшейту, су айдындарын қал­пына келтіру жұмыс­тарын жүйелі жүр­гізу, экологиялық мәдениетті қал­ып­тастыруға бағытталған ұзақмерзімді бағдарламаларды іске асыру маңызды», – дейді эколог-маман Қарлығаш Есжанова.

Көпшілік Жайықты тек балықпен байланыстырады. Алайда өзеннің экономикалық маңызы әлдеқайда кең. Өзен аймақтағы ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, өнеркәсіп, ком­муналдық шаруашылық және халықты ауызсумен қамтамасыз ету жүйесінің маңызды бөлігі саналады.

Сонымен бірге Жайық өңірдегі ба­лық өңдеу кәсіпорындарының, балық­шылар кооперативтерінің және шағын кәсіпкерліктің негізгі табиғи ресурсы болып отыр. Сондықтан өзеннің эколо­гиялық жағдайының нашарлауы тек табиғатқа емес, мыңдаған адамның табы­сына, жұмыс орындарына және жергілікті экономиканың тұрақтылығына әсер етеді.

Жайық – тек Атырау өңірінің емес, Қазақстанның стратегиялық табиғи байлығы. Оның экожүйесін сақтау бір­неше инспектордың ғана міндеті бол­мауға тиіс. Бұл – мемлекет, құқық қорғау органдары, ғылым, жергілікті билік және қоғам бірлесе атқаратын жұмыс.

Бүгінде кадр тапшылығы, техникалық мүмкіндіктің шектеулілігі және браконь­ерлікке сұраныстың сақталуы күресті күрделендіріп отыр. Егер бұл мәселелер кешенді түрде шешілмесе, Жайықтағы табиғи тепе-теңдік бұзылып, бекіре қорының қалпына келуі бұрынғыдан да қиынға соғуы мүмкін. Ал Жайықты сақтау – бір ғана өзенді емес, келер ұрпаққа аманат болатын ұлттық табиғи мұраны сақтап қалу деген сөз.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью