Брюссельден Ақтөбеге дейін: Қазақстан жол құрылысына 229,5 млрд теңге тартты

23.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға арналған халықаралық бизнес-конференция аясында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Еуропалық қайта құру және даму банкімен республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автомобиль жолын қайта жаңарту жобасын іске асыру туралы келісім жасасты.

ЕҚДБ қарызының сомасы 229,5 млрд теңгені құрайды. Құжатқа ұлттық компания атынан «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев қол қойды.

Жоба аясында автомобиль жолының 763–791 шқ және 819–1025 шқ аралығындағы 234 шақырым учаскесі қайта жаңарту көзделген. Жол I техникалық санатқа ауыстырылып, төрт жолақты қозғалыс, асфальтбетон жабыны және сағатына 120 шақырымға дейінгі есептік жылдамдық қамтамасыз етіледі.

Қайта жаңаратын учаске Қазақстанның көлік жүйесі үшін стратегиялық маңызға ие. Ол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық бағытының, Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасының №1 дәлізінің және Е38 еуропалық маршрутының құрамына кіреді. Бұл бағыт Еуропа, Орталық Азия және Қытай арасындағы маңызды көлік байланысын қамтамасыз етеді.

«Еуропалық қайта құру және даму банкімен келісімге қол қою – елдегі ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірін іске асырудағы маңызды қадам. Бұл тек жолды қайта жаңарту ғана емес. Бұл – Қазақстанның транзиттік әлеуетіне, жол қозғалысы қауіпсіздігіне, Ақтөбе облысының дамуына және еліміздің Еуразиядағы негізгі көлік торабы ретіндегі рөлін нығайтуға салынған инвестиция. Жоба аяқталғаннан кейін аталған учаске халықаралық дәліздің өткізу қабілетін арттыратын, бизнеске, логистикаға және өңір тұрғындарына жаңа мүмкіндіктер ашатын заманауи төрт жолақты магистральға айналады», деп атап өтті ұлттық компания басшысы Дархан Иманашев.

Жобаның жалпы құны 523 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыру халықаралық қаржы институттарының – Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің қатысуымен жүзеге асырылады.

Жобаны іске асыру көлік дәлізінің өткізу қабілетін едәуір арттыруға, жол жүру уақытын қысқартуға, көлік шығындарын азайтуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді. Есептеулерге сәйкес, жаңғыратын учаскеден өту уақыты 1,4 сағатқа дейін қысқарады.

2048 жылға дейінгі болжам бойынша қозғалыс қарқындылығы 763–791 шқ учаскесінде тәулігіне 26 989 автокөлікке дейін, ал 819–1025 шқ учаскесінде тәулігіне 11 492 автокөлікке дейін жетеді деп күтілуде.

Жоба шеңберінде заманауи интеллектуалды көлік жүйелерін енгізу жоспарланған. Олардың қатарында жол жүру ақысын электронды түрде алу, қозғалыстағы көлік құралдарын автоматты өлшеу кешендері, ауа райы мен жол жағдайын мониторингтеу жүйелері, сондай-ақ жол активтерін басқару және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған цифрлық шешімдер бар.

Жоба Design-Build-Maintain (DBM) моделі бойынша іске асырылады. Бұл тәсіл жобалау, құрылыс және жолды кейінгі күтіп-ұстау жұмыстарын қамтиды. Мұндай модель нысанның ұзақ мерзімді сапасын қамтамасыз етуге және жол инфрақұрылымының өмірлік циклін тиімді басқаруға бағытталған.

Сонымен қатар жобаны іске асыру құрылыс кезеңінде 3 007 жұмыс орнын және жол пайдалануға берілгеннен кейін 124 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жұмыс орындарын ашудан түсетін жиынтық экономикалық тиімділік 25,5 млрд теңгеге бағаланып отыр.

Жол бойы сервисін дамытуға да ерекше назар аударылады. Көлік дәлізі бойында қонақүйлер, техникалық қызмет көрсету станциялары, жанармай құю бекеттері, кемпингтер және қоғамдық тамақтану нысандарынан тұратын заманауи инфрақұрылым қалыптастыру жоспарланған.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясында атап өткендей, «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автомобиль жолын жаңғырту Қазақстанның жол инфрақұрылымын жаңғыртуға, халықаралық көлік дәліздерін дамытуға және елдің транзиттік әлеуетін нығайтуға бағытталған негізгі жобалардың бірі болмақ.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью