Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
АСТАНА, 25 тамыз – Sputnik. Атырау облысының Индер аудандық ауруханасына дене жарақатымен жүкті әйел түсті. Оны күйеуі ұрған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оқиға туралы бұған дейін КТК телеарнасы хабарлады. Ақпаратты Атырау облысының полиция департаменті растады.
Жәбірленуші күйеуі бұған дейін де оған бірнеше рет қол көтергенін айтқан. Ауруханаға түскен күні әйел жан сауғалап, көршісінің үйіне қашып барған. Сол жерде жедел жәрдем шақырылған.
"Жолдасым намаз оқиды, бірақ сол түні үйге мас болып келді. Жатқан жерімде екі рет ұрды. Басым, құлағым бәрі шыңылдап кетті. "Алла-ай, Алла-ай" деп жатқанымда, кіші қызым тұрып кетті. Балаларымның екеуі де ояу жатқан екен. Олар қорыққаннан ұйықтап жатқан кейіп танытқан", – деді әйел.
Жәбірленушінің айтуынша, ауруханаға келген полиция қызметкері оны қорғаудың орнына "отбасыңды сақта" деп сабырға шақырған.
Жәбірленуші – үш баланың анасы, қазір төртінші баласына жүкті. Күдікті ер адам қамауға алынды.
"Қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", – деп хабарлады Атырау облысының полиция департаменті.
Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.