Бүгін Амал мерекесі: көне заманнан жалғасқан айрықша дәстүр

14.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Елімізде Ұлыс мерекесін жаңа форматта тойлау үшін 14-23 наурыз күндері Наурызнама онкүндігі деп жарияланды. Әр күн қазақ мәдениетін, қоғамның рухани байлығын көрсететін белгілі бір тақырып пен құндылыққа арналады. Онкүндік қайырымдылық пен мәдени шаралардан бастап, ұлттық салт-дәстүрлер мен экологиялық акцияларға дейін қоғамның барлық саласын қамтуға бағытталған. Осы Наурызнаманың алғашқы күні батыс өңірлерде сақталып қалған, жылдан-жылға аясы кеңейіп келе жатқан Амал күніне дөп келді.

Амал мерекесі, көрісу салты — бұрыннан бар, қазаққа ортақ дәстүрдің үрдісі.

Соның нәтижесінде амал мерекесі республикалық дәрежеде қайта жанданды, ұлттық мерекеге айналды. Көрісу салты, қара шаңырақ ұғымы, қара қазаннан дәм тату дәстүрі жаңғырып, қалыптасты.

Фото: Маңғыстау өңірлік коммуникация қызметі

Көрісу Қазақстанның Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарында да бұрыннан тойланады. Тек Маңғыстауда «Амал мерекесі» деп айтылады.

Оның көрісуден айырмашылығы жоқ, тек атауында ғана. Мұның сыры «Қыстан аман өттік, бір амалын жасадық, бір ісіміз бітті» дегенді білдіреді. Көрісу сондай-ақ Батыс Қазақстанмен көршілес Ресейдің Астрахан, Волгоград, Саратов, Самара, Орынбор облыстарының қазақтар көп шоғырланған жерлерінде аталып өтеді.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Амал мерекесі аясында қазақша күрес, түйе палуан, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, тай жарыс пен аламан бәйге, шашақ құлақты тазы иттерінің жарысы өтеді.

Маңғыстаулық өлкетанушы Алқажан Еділханның айтуынша, жалпы Амал мерекесін кезіндегі ел көсемдері қазақ жазирасында бытырай қоныстанған халықтың ынтымағын сетінетпей, бірлігін мызғытпай ұстап тұру үшін айналымға енгізсе керек. Алыс-жақын ағайын бір-бірінің амандығын біліп, бір-біріне қарайласып тұру үшін көрісу ғұрпы пайда болған.

Амал күнінде кім кімге көрісу керек?

- Жасы кіші жасы үлкенге барып көріседі. Келін өзінен үлкен абысынға, енесіне барып көріседі. Жиен нағашысына барып көріседі. Қыз алған құда өзінен жасы кіші болса да көбінесе қыз берген құдасына барып көріскен. Ұзатылған қыздың жат жұрттағы бірінші наурызына төркін жағы барып көріседі. Көршімен көрісу міндетті. Күні кеше ғана бірге мал қораласаң да, жыл жаңарған күні көрісуің міндет. Себебі жаңа күн туды, Наурыз туды. Амал мерекесін айналымға енгізген көсемдер күніне бір рет амандасуды, жылына бір рет көрісуді аманаттап кеткен. Міндетті түрде қол алысу керек. Қос қолдап амандасқанның жөні тіптен ерек. Аналарымыз алма-кезек қол айқастырып, төс қағысып жататыны әлі күнге дейін көз алдымызда. Ол көрініс айдындағы аққулардың қауышқанындай әсерлі», - дейді А. Еділхан.

Фото: Максат Шагырбаев/ Kazinform

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын Қазақстан халқын Амал күнімен құттықтайды. Осы орайда былтырғы құттықтауында Наурыз мейрамы алдындағы көрісу ғұрпы қайта жаңғырып, жалпыұлттық сипат ала бастағанын атап өтті.

- Халқымыз ежелден осындай ғұрыптар арқылы бауырмалдық пен жанашырлықты, татулық пен мейірімділікті дәріптеп, ұрпақтың бойына асыл қасиеттерді сіңіре білген. Мұның бәрі қазіргі Қазақстанның Адал азамат тұжырымдамасымен толық үндеседі. Бүгінде Наурыз мейрамы алдындағы көрісу ғұрпы қайта жаңғырып, жалпыұлттық сипат ала бастады. Осы бірегей дәстүріміз еліміздің ырысты ынтымағы мен берекелі бірлігін нығайта түседі деп сенемін. Әр шаңырақ шаттық пен қуанышқа кенелсін! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Айдан аман, жылдан есен болайық! — деді Президент.

Әз-Наурыздың бастауы — Амал күнінің мән-маңызы жоғары. Амал келгенде амандық білісу — көне заманнан жалғасқан айрықша дәстүр. Наурыздың өзі парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» дегенді білдіретіні мәлім. Бүгіннен бастап өңір тұрғындары үй-үйді аралап, қазақтың дәстүрі бойынша бір-бірін құттықтап, көріседі. Осы күні ұлттық болмысымыз бен құндылықтарымыз ерекше дәріптеледі.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью