Бүгін Данияда жалпыхалықтық сайлау өтеді

24.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Алты миллион халқы бар Данияда азаматтар 179 орыннан тұратын парламент — Фолькетинг депутаттарына дауыс береді. Сондай-ақ жалпыұлттық сайлауда Гренландия мен Фарер аралдарынан екі-екіден өкіл сайланады.

АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландияға қатысты «ұлттық қауіпсіздік» туралы бірнеше рет мәлімдеме жасағаннан кейін күрделі кезеңді бастан кешіріп отырған елде сайлау нәтижелерін тағатсыздана күтіп отыр.

Социал-демократиялық партияның жетекшісі әрі премьер-министр Метте Фредериксен Гренландия мәселесінде «дағдарысты басқаруды» сәтті жүргізгенін айтып, өз партиясы жеңіске жетіп, үшінші рет билікке келеді деген үміт білдірді.

Сайлаудағы тағы бір фаворит — оңшыл-орталық бағыттағы Venstre партиясының көшбасшысы әрі қорғаныс министрі Троэльс Лунд Поульсен.

Фредериксен мен Поульсен — бір үкімет құрамындағы екі негізгі үміткер — ұлттық телеарналарда бірнеше рет пікірсайысқа қатысты. Фредериксен зейнетақы жүйесі мен байлық салығы мәселелерімен айналысатынын айтса, Поульсен мұндай шаралар экономиканы әлсіретеді деп мәлімдеді.

Соңғы сауалнамаларға сәйкес, Фредериксеннің партиясы бірінші орында, ал Поульсеннің партиясы екінші орында тұр.

Гренландияға қатысты мәлімдемелер көлеңкесіндегі сайлау

Данияны әлем назарында ұстаған басты мәселе — Трамптың Гренландияны «басып алу» туралы мәлімдемесі. Бұған жауап ретінде Дания оны өз егемендігі үшін «қызыл сызық» деп атады.

Сондай-ақ Данияның Гренландияға әскер жіберіп, ықтимал қауіп жағдайында әскери дайындық жүргізіп жатқаны хабарланды.

Сарапшылардың айтуынша, Дания парламентіне Гренландиядан сайланатын екі өкіл де АҚШ тарапынан болуы мүмкін мәлімдемелерге қарсы тұруда маңызды рөл атқарады.

Шошқа шаруашылығы сайлауға әсер етуі мүмкін

Әлемде шошқа етін экспорттау бойынша жетекші орындардың бірін иеленетін Дания жылына шамамен 28 миллион бас шошқа өндіреді. Осыған байланысты халықтың едәуір бөлігі ауыл шаруашылығында жұмыс істейді.

Солшыл-орталық партиялар шошқа шаруашылығы экологиялық мәселелер туындатады деп, оны қатаң реттеуді ұсынса, оңшыл-орталық партиялар өндірісті одан әрі арттыруды қолдайды.

Дат БАҚ-тарының пікірінше, халықтың басым бөлігін құрайтын фермерлердің дауысы ертеңгі сайлаудағы күштердің арақатынасына әсер етуі мүмкін.

Алғашқы нәтижелер кешке жарияланады

Сайлауға 12 партия қатысып жатыр, ал 90 орын алған партия үкіметті өз бетінше құру құқығына ие болады.

Сарапшылардың пікірінше, бұл сайлауда бірде-бір партия жеке дара билікке келе алмайды. Ал қазіргі сыртқы істер министрі Ларс Локке Расмуссеннің Moderaterne партиясы «теңгерім сақтаушы» рөлін атқаруы мүмкін.

Даниядағы сайлаудың алғашқы бейресми нәтижелері 24 наурыз кешке жарияланады.

Айта кетейік, қаңтар айында Гренландия мен Дания тұрғындары Трампқа наразылық білдірді. 

Бұған дейін Дания премьер-министрі Трамп әкімшілігін Гренландияға қарсы «сес көрсетуін тоқтатуға» шақырды.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью