Бүгін Дүниежүзілік су ресурстары күні

22.03.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Қазір климат өзгеріп, экологиялық жағдай күрделеніп тұрған шақта су мәселесі Қазақстан үшін ерекше маңызды болып отыр. Сондықтан министрлік су қорын тиімді басқаруға және халық арасында суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға баса мән беріп келеді.

Былтыр қабылданған жаңа Су кодексінде алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізілді. Бұл – халықты да, экономиканы да су тапшылығынан және судың ластануынан қорғау, сондай-ақ трансшекаралық су ресурстары саласында ұлттық мүддені қамтамасыз ету деген сөз. Су көздерінің тартылып кетпеуі үшін «экологиялық ағын» деген түсінік енгізілді. Бұл – өзен, көл мен теңіздің табиғи қалпын сақтап тұруға қажетті ең төменгі су деңгейі.

Сонымен қатар су нысандарын қорғау талаптары күшейтілді. Әсіресе шағын өзендер мен көлдерге ерекше көңіл бөлініп отыр. Сулы-батпақты алқаптар мен мұздықтарды қорғаудың арнайы тәртібі енгізілді. Ал жергілікті билік 2027 жылдың 10 маусымына дейін елді мекендердегі су қорғау аймақтарын нақты белгілеп шығуы тиіс.

Суды үнемдеуді ынталандыратын нақты тетіктер де қолға алынды. Мәселен, өндіріс орындары біртіндеп суды қайталама және айналымды пайдаланатын жүйеге көшуі керек. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізуге кететін шығындарға берілетін субсидия көлемі ұлғайтылды. Мұндай жүйені қолданатын шаруалар үшін суару суының құнына да қолдау күшейтілді.

Су шаруашылығын жаңғырту мақсатында пилоттық режимде жұмыс істейтін Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. Бұл бірыңғай цифрлық платформа Қазақстандағы жерүсті және жерасты суы туралы барлық деректі бір жерге жинайды.

Жас ұрпаққа экологиялық тәрбие беру де басты назарда. Былтыр «Суды үнемде – болашақты сақта!» ауқымды жобасы басталды. Жоба аясында ел бойынша 2 миллионнан астам оқушының қатысуымен су үнемдеу тақырыбында ашық сабақтар өткізілді.

Биыл бұл бастама жалғасын тауып, оған колледж студенттері де қосылды. Министрлік Парламент депутаттары, халықаралық ұйым өкілдері және шетел елшілерінің қатысуымен жүздеген мың балаға экологиялық сағаттарды тұрақты түрде өткізіп келеді.

Сонымен қатар тұрмыста суды қалай үнемдеуге болатыны жайлы ұсыныстар әзірлеп, бекіттік. Бұл материалдар қоғамдық орындарда таратылып жатыр.

Су – тіршілік көзі. Су қорларын қорғау және оны ұтымды пайдалану мемлекет, экономика салалары мен әр азаматтың бірлескен күш-жігерін талап етеді. Қабылданып жатқан шаралар жүйелі сипатқа ие және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ қоғамда су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Айта кетелік елімізде барланған жерасты суларының 3,5 пайызы ғана пайдаланылады

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью