Бүгін Қазақстан азаматтарын Таяу Шығыс елдерінен алып келу үшін бірнеше рейс жасалады

05.03.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Азаматтық авиация комитеті мәліметінше, 5 наурыз күні Қазақстанға жолаушыларды алып келу үшін қазақстандық және шетелдік әуе компаниялар тағы бірнеше рейс орындайды.
Air Astana әуе компаниясы Жидда – Ақтау – Алматы және Жидда – Атырау – Алматы бағыттары бойынша екі рейс орындауды жоспарлап отыр. SCAT Airlines әуе компаниясымен Маскат – Алматы бағыты бойынша 2 рейс орындалады.
Air Arabia әуе компаниясы Шарджа – Алматы бағыты бойынша рейс орындап жатыр. Тәуліктің соңына дейін осы бағытта тағы бір рейс жоспарланған. Flydubai әуе компаниясы Дубай қаласынан Алматы және Астана қалаларына рейстер жасауды жоспарлап отыр (жолаушылар саны нақтыланып жатыр).
3 наурыздан бастап Таяу Шығыс елдерінен Қазақстан Республикасына барлығы 12 рейс ұшып келді. Нәтижесінде 2111 жолаушы елге оралды.
Бүгінге жоспарланған рейстерді ескере отырып, Таяу Шығыс елдерінен Қазақстанға шамамен 4000 азамат жеткізіледі.
Қазақстан азаматтарын елге қайтару жұмыстары уәкілетті мемлекеттік органдар мен әуе компанияларының бірлескен жұмысы аясында жалғасып жатыр.

Айта кетейік, бүгін таңғы сағат 05:00 шамасында Атырау қаласына Сауд Арабиясының Жидда қаласынан 180 жолаушы мінген ұшақ қонды. Кейін олар Алматы қаласына ұшып кетті.

Елге оралған азаматтардың айтуынша, олар Дохадан Эр-Рияд қаласына дейін автобуспен шамамен 13 сағат, кейін Эр-Риядтан Жиддаға 10 сағаттан астам уақыт жүріп, жеткен. Жол бойында қауіпсіздік мәселесі үнемі бақылауда болып, жолаушыларды Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері сүйемелдеген.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью