Бүйрек қатерлі ісігін қалай ерте анықтауға болады

24.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Солтүстік Қазақстан облысы көпбейінді аурухана онкологиялық орталығының онколог-дәрігері Луиза Утел бүйрек қатерлі ісігінің алдын алу, қауіп факторлары және ерте диагностика туралы айтып берді.

— Бүйрек қатерлі ісігі бойынша өңірдегі жағдай қандай?

— СҚО-да бүйрек рагы бойынша жылда науқастар тіркеліп отыр. Мәселен, 2024 жылы есепке 89 сырқат алынды, былтыр 78 адамға диагноз қойылды. Ал осы жылдың алғашқы екі айының өзінде 22 адам диспансерлік есепке қойылды. Бұл — жиі кездесетін обыр, сол себепті халық арасында профилактика мен ерте тексерудің маңызы туралы ақпараттандыру өте маңызды.

— Бұл аурудың дамуына не әсер етеді?

— Бүйрек қатерлі ісігінің пайда болуына бірнеше қауіп факторлары әсер етуі мүмкін. Ең алдымен, бұл — темекі шегу. Темекі тартатын адамдарда бұл аурудың пайда болу қаупі шамамен 1,5-2 есе жоғары болады. Сонымен қатар қауіп факторларына артық салмақ пен семіздік, артериялық гипертензия, қант диабеті, бүйректің созылмалы аурулары жатады.

Тағы бір маңызды мәселе — кейбір дәрілік препараттарды, әсіресе ауырсынуды басатын немесе гормоналды дәрілерді дәрігердің бақылауынсыз ұзақ уақыт қабылдау обырдың пайда болуына әкеледі. Бұдан бөлек, зиянды өндірістік факторлар, яғни химиялық заттармен тұрақты байланыста жұмыс істеу, сондай-ақ тұқым қуалайтын бейімділік те аурудың даму қаупін арттыруы мүмкін. Егер адамда осы қауіп факторларының біреуі немесе бірнешеуі болса, ол өз денсаулығына ерекше көңіл бөліп, тұрақты түрде медициналық тексеруден өтіп тұруы қажет.

— Бүйрек қатерлі ісігінің алдын алу үшін не істеу керек?

— Бұл аурудың алдын алу көбіне саламатты өмір салтын ұстанумен байланысты. Ең алдымен, темекіден толық бас тарту қажет. Бұл — қатерлі ісіктің көптеген түрінің даму қаупін азайтатын ең тиімді шаралардың бірі.

Екіншіден, дене салмағын бақылауда ұстау қажет. Дұрыс тамақтану, майлы және өңделген тағамдарды шектеп, көкөніс пен жеміс-жидекті көбірек тұтыну және жеткілікті мөлшерде су ішу керек. Сонымен қатар артериялық қысымды бақылауда ұстаған жөн. Қан қысымы жоғары адамдар дәрігердің кеңесін алып, тағайындалған емді тұрақты түрде қабылдауы тиіс.

Обырдың алдын алудың тағы бір маңызды жолы — физикалық белсенділік. Аптасына кемінде 150 минут орташа физикалық жүктеме ағзаға пайдалы әсер етеді. Дәрілік препараттарды да тек дәрігердің нұсқауымен қабылдау керек. Ал зиянды өндірісте жұмыс істейтін адамдар жеке қорғаныс құралдарын міндетті түрде пайдалануы тиіс.

— Бұл аурудың алғашқы белгілері қандай?

— Өкінішке қарай, бүйрек қатерлі ісігі басқа обырлар сияқты көбіне алғашқы кезеңдерде ешқандай белгі бермеуі мүмкін. Дегенмен кейбір жағдайларда зәрде қан пайда болады, бел аймағында ауырсыну байқалады. Сондай-ақ, себепсіз салмақ жоғалту, ұзақ уақыт бойы дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің төмендеуі және жоғары қан қысымы болса дәрігерге көрінген жөн. Әрине, бұл белгілер міндетті түрде қатерлі ісікті білдірмейді. Дегенмен, толық тексеруден өткен дұрыс.

— Ауруды ерте анықтау үшін қандай тексерулерден өту керек?

— Ең қарапайым әрі тиімді әдістердің бірі — бүйрекке ультрадыбыстық зерттеу жасату. Тіпті ешқандай шағым болмаса да, 40 жастан асқан адамдарға жылына кемінде бір рет УЗИ тексеруінен өту керек. Бұл зерттеу қатерлі ісіктерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Ерте анықталған жағдайда емдеу әлдеқайда тиімді болады және толық сауығу мүмкіндігі жоғары.

— Халыққа қандай кеңес берер едіңіз?

— Ең бастысы — денсаулыққа жауапкершілікпен қарау. Зиянды әдеттерден бас тарту, дұрыс тамақтану, физикалық белсенді болу және созылмалы ауруларды бақылауда ұстау өте маңызды. Сонымен қатар жыл сайын профилактикалық тексеруден өтіп тұру қажет. Егер қандай да бір күмәнді белгілер байқалса, дәрігерге қаралуды кейінге қалдырмау керек. Ерте диагностика әдетте адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Осыған орай өңір тұрғындарына 28 наурызда түске дейін онкологиялық орталықта ашық есік күні өтетінін айтқым келеді.

Бұған дейін елімізде бір жылда 43 мыңнан астам адамнан қатерлі ісік анықталғанын жазған едік.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью