Бүкіләлемдік білім технологиялары көрмесі өтті

23.01.2026

24.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Келер айдан бастап университет оқытушыларының әрқайсының жеке виртуалды көмекшісі болады.

Профессорлар студенттерге көрнекі құралдар дайындап, әуре болмайды, өздерінің негізгі міндеті оқу-ағарту ісімен айналысады. Бұл туралы Лондонда өткен Бүкіләлемдік білім технологиялары көрмесінде айтылды. БЕТТ шоуда тағы қандай тың жаңалықтар жария болды?

ChatGPT Education бағдарламасы - әлемге әйгілі OpenAI технологиялық компаниясының өнімі. Оны пайдаланушы қазақстандық ұстаздардың қолы енді шынымен ұзарады. Яғни жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары сабақты оңай жоспарлап, тапсырмаларды тез дайындап, күрделі тақырыптарды қарапайым тілмен жеткізудің жолдарын үйренеді. Бағдарлама 6 елде ғана қолжетімді, оның ішінде Қазақстан да бар.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- 165 мың лицензия беріледі бізге келесі 3 жылда. Біз 47 мың оқытушыларымызды, профессорларды жоғары білім профессорларын 22 мыңнан астам ғылыми зерттеу институттың қызметкерлерін осы жаңа ChatGPT-мен қамтамасыз ететін боламыз, оқытамыз. 

Көрмеге 9 қазақстандық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қатысты. Олар өздерінің академиялық бағдарламалары мен ғылыми-зерттеу жобаларын ұсынды. Экспозиция университеттеріміздің даму деңгейін, ғылыми білім беру әлеуетін паш етті. Жалпы делегация құрамында отандық 15-ке жуық университет ректоры болды.

Бейбіткүл Кәрімова, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры:

- Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Кембридж, Сассекс, Рединг университеттерімен академиялық алмасу бағдарламасы, тағылымдамадан өту бағдарламасы және зерттеу бағдарламаларын жүзеге асыруда. Яғни біздің ғылыми әлеуетіміздің артуы арқылы білім сапасының артатыны сөзсіз деп ойлаймын. 

Қазақстанды халықаралық академиялық хабқа айналдыру — мемлекет дамуының басым бағыттарының бірі. Соңғы 3,5 жылдың ішінде 40-қа жуық серіктестікке қол қойылып, елімізде шетелдік университеттердің 33 филиалы жұмыс істей бастады. Биыл тағы жетеуін ашу жоспарланып отыр. Халықаралық студенттердің де саны артып, 35 мыңға жетті.

Филл Стивенс, Cardiff Kazakhstan университетінің провосты:

- Алғашқы оқу жылында студенттер санының 316-ға жетуі зор жетістік деп ойлаймын. Бұл негізінен салалық министрліктің және үкіметтің қолдауының арқасында жүзеге асып отыр. Студенттеріміз өте алғыр әрі белсенді. 

Іс-шара аясында қазақстандық делегация әлемнің жетекші технологиялық компанияларының өкілдерімен бірқатар іскерлік кездесу өткізіп, білім беру жүйесіне заманауи цифрлық шешімдерді және жасанды интеллект технологияларын енгізу мүмкіндіктерін талқылады. Отандық бастамалар халықаралық деңгейде мойындалды.

Әбутәліп Мүтәлі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазақстанда мынау жасанды интеллект арқылы инклюзия саласында білім беру жобасы бүгінгі сессиялардың бірінде премия алғалы отыр. Осыған байланысты менің айтарым қазақстандық шешімдер де әлемдік деңгейде бағалануда. 

Биылғы көрмеде көбіне жасанды интеллектті сыныпта қолдану және цифрлық қауіпсіздік пен этика тақырыптарына басымдық берілді. Сондай-ақ инклюзивті білім мен мұғалімдерді жаңа технологиялармен жұмыс істеуге даярлау жағы да назардан тыс қалмады.

Ғалымжан Қараманұлы

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью