Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Әлеуметтік желілерде елорда орталығында түсірілген видео тарап жатыр. Астана тұрғыны Тұлпар көпірі маңындағы Есіл өзенінің суы ерекше ашық жасыл түске боялғанын түсіріп алған. Жағдайға қатысты қалалық әкімдік пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Балдырға ұқсамайды"
Видео авторы өзен суының ерекше түсіне назар аударып, мұның себебі не болуы мүмкін деген сұрақ қойған.
"Бұл не өзі? Білесіздер ме, бұл балдырға ұқсамайды. Бояу сияқты. Өзенге бояу төгіп жібергендей. Жалпы, бұл не? Маған тіпті қорқынышты", – дейді видео авторы.
Видео әлеуметтік желілерде тез тарап кетті. Пікір қалдырушылар да судың мұндай түске боялу себебі туралы түрлі болжамдар жасап, құзырлы органдарды жағдайды тексеруге шақырды.
Әкімдік не дейді?Қалалық әкімдіктегілер бұл құбылыстың судың маусымдық гүлдеуі екенін, жаз мезгілінде аптаптан, ағыстың баяулығынан және көк-жасыл балдырлардың белсенді көбеюінен болатынын түсіндірді.
"Су нысанының жекелеген учаскелерінде фитопланктонның (цианобактериялардың) қарқынды дамуынан туындаған судың маусымдық гүлдеуі байқалады. Бұған ауа температурасының жоғары болуы, ағыс жылдамдығының төмендігі және қолайлы гидрометеорологиялық жағдайлар ықпал етеді. Мұндай құбылыс жаз мезгіліне тән", – деді әкімдіктегілер.
Мамандар судан сынама алып үлгерді. Зертханалық зерттеулерден кейін қандай да бір шара қолдану қажет не жоқ екені белгілі болады.
Әкімдік балдырлардың гүлдену қарқынын азайту және су қоймасының экологиялық жағдайын жақсарту үшін хлорелла суспензиясын қолдана отырып, биологиялық тазарту әдісін қолдануды жоспарлап отырғанын хабарлады.
Анықтама: пайдалану жоспарланып отырғанын хабарлады. Хлорелла суспензиясын қолдану арқылы биологиялық тазарту - бұл судың гүлдеуімен күресудің экологиялық қауіпсіз тәсілі. Хлорелла - көк-жасыл балдырлардың (цианобактериялардың) өсуін тежеуге көмектесетін, суды оттегімен байытатын және су айдынының табиғи қалпына келуіне ықпал ететін бір жасушалы жасыл балдыр.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл биологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіруге, көк-жасыл балдырлардың дамуын тежеуге, судағы оттегі мөлшерін арттыруға және табиғи өзін-өзі тазарту процестерін жандандыруға мүмкіндік береді.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу