Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Алматыдан Астанаға бағытталған үйреншікті таңғы әуе рейсі қостанайлық 22 жастағы екі дос үшін күтпеген танымалдылыққа ұласты. Жігіттердің бірі төлқұжат пен кедендік бақылаудан үлкен отырғызу талонымен өтіп бара жатқан видеоролик миллионнан астам қаралым жинады, деп хабарлайды Tengri Travel.
Алматыдан Астанаға бағытталған үйреншікті таңғы әуе рейсі қостанайлық 22 жастағы екі дос үшін күтпеген танымалдылыққа ұласты. Жігіттердің бірі төлқұжат пен кедендік бақылаудан үлкен отырғызу талонымен өтіп бара жатқан видеоролик миллионнан астам қаралым жинады, деп хабарлайды Tengri Travel.
Құжаттың ерекше форматы авиациялық қауіпсіздік қызметінің мамандарын да, миллиондаған желі қолданушысын да езу тартқызды.
Неден басталды?
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Вирустық контент авторы химия инженері мамандығы бойынша магистратурада оқитын және мобилограф болып жұмыс істейтін 22 жастағы Алмас. Оның айтуынша, елордаға досының үйлену тойына билеттерді бір ай бұрын алдын ала сатып алған. Досына креативті пранк жасау идеясы шетелдік трендтер әсерінен кенет туындаған.
"Мұндай идеяны TikTok-тан шетелдіктерден көріп, қайталап көргім келді. Бірақ бұл ой Рамазанмен бірге жүргенде, ұшатын күні есіме түсті. Оған жұмыс бойынша бірдеңе басып шығаруым керек деп, өзім билетті шығарып алдым", - дейді ол.
Алмастың сөзінше, ол әуежайға жеткенше жоспарын құпия сақтауға тырысқан.
"Сонымен бір күн өтіп, әуежайға келгенде ол қобалжи бастады, электронды билетті жіберуімді өтінді. Видеоны кейінірек түсіру үшін барынша сылтау айтып бақтым. Ақыры осы видео шықты, бәрі осындай көңіл-күйден басталды", - деп еске алады ролик авторы.
Сондай-ақ ол бұған дейін достарына мұндай қалжың жасап көрмегенін, бұл видео ол үшін алғашқы эксперимент болғанын атап өтті.
Видеоның екінші кейіпкері Алмастың құрдасы әрі жерлесі Рамазан. Қазір ол Алматыда тұрады және автомобиль детейлингі саласында жұмыс істейді. Жігіт үшін желідегі мұндай үлкен қызығушылық күтпеген жағдай болды.
"Менің қатысуыммен түсірілген видеоның осынша қаралым жинағанына таңғалдым. Мың қаралым болар деп ойлап едім, бірақ миллион болады деп күтпедім. Контент адамдарға ұнағанына, туған-туыстарыма, жақындарыма және әріптестеріме жеткеніне қуаныштымын. Егер Алмас болмаса, мұның ешқайсысы болмас еді", - деді ол.
Алмастың айтуынша, мұндай роликтер шетелде баяғыда танымал болған, алайда Қазақстан мен ТМД елдерінде мұндай формат өте сирек кездеседі, бұл аудиторияның ерекше назарын аударған болуы мүмкін.
Көрермен реакциясыПікір қалдырушылар жағдайдың күлкілі екеніне қарамастан, әуежай қызметкерлеріне үлкен түрлі-түсті қағазды еш саспастан ұсынған Рамазанның суыққандылығын ерекше атап өтті.
Ролик астындағы пікірлерде көпшілік пранктің өзін ғана емес, әуежай қызметкерлерінің жағдайға түсіністікпен қарап, жылы жымиғанын да жазды. Желі қолданушылары отырғызу талонының көлеміне қатысты әзілдесті.
"Есесіне күту кезінде астыңа төсеп жатуға болады. Пысық дос екен", "Бұл не қылған дәрінің нұсқаулығы", "Енді осы қағазды ұшақта жамылып ұйықта", "Ең бастысы осы талонмен момақан болып барды-ау", - деп әзілдеді пікір жазушылар.
Өзгелері ерекше басылымды пледпен, ұшатын кілеммен, тіпті дастарқанмен салыстырды. Кейбіреулер мұндай билетті ұшу кезінде жамылуға немесе баннер ретінде пайдалануға болады деп қағытты.
"Нағыз адал дос қой", "Қызметкерлердің бәрі күлімсіреп тұр", "Есесіне бәрінің көңіл-күйін көтерді", "Қызметкерлер бұл күнді ұзақ ұмытпайтын болды", - деп жазды желі қолданушылары.
Құжаттың стандартты емес көлеміне қарамастан, Рамазан бақылаудың барлық кезеңінен сәтті өтті. Достар Астанаға аман-есен ұшып кетіп, жолаушылар мен терминал қызметкерлеріне ғана емес, бүкіл Қазнетке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Тағы оқыңыз: “Адамдар жылап, дұға етті“: Шымкентке ұшып шыққан ұшақ қона алмаған
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу