Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Қазақстанда ата-аналар чаттарына арналған бірыңғай регламент әзірленуі мүмкін. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты, деп хабарлайды Tengri Education.
Үкіметте өткен брифингте министрге мектеп чаттарында ата-аналар мен педагогтердің қарым-қатынасына қатысты нақты ереже қажет пе деген сұрақ қойылды. Талқылауға болатын мәселелер тізбесі мен мұғалімнің хабарламаларға жауап беру уақытын бекіту мүмкіндігі де қозғалды.
Жұлдыз Сүлейменова регламенттің қажеттігімен келісті.
"Қазір біз осы талқылаудың бәрін жинақтап, пікірлерді қарап жатырмыз. Кейбір ата-аналардың мұны жақсы түсініп, қолдап отырғанын көріп отырмыз (...) Меніңше, иә, регламент қажет", - деп жауап берді министр.
Сүлейменованың айтуынша, бастапқыда сағат 18:00-ден кейін мұғалімдердің ата-аналар хабарламасына жауап бермеуі туралы нұсқа талқыланған. Алайда министрлік бұл уақыт барлық мектепке бірдей сәйкес келмейтініне назар аударды.
"Қазір бізде сабақтары сағат 20:00-де аяқталатын екі ауысымды мектептер бар, сондықтан негізгі фокус өзгереді", - деп түсіндірді ол.
Шенеуніктің пікірінше, ата-аналар чаттарында қандай сұрақтар шұғыл жауапты талап ететінін, қайсысын кейінге қалдыруға болатынын, ал қай мәселелерді мүлдем талқылауға шығармау керектігін анықтап алу қажет. Сонымен қатар ереже мұғалім немесе сынып жетекшісі қай чаттарда болуы керек, ал қайсысында болмауы тиіс екенін де айқындауы мүмкін.
"Егер қажет болса, Оқу-ағарту министрлігі ата-аналар чаттарына қатысты осы мәселелердің барлығын реттейтін бірыңғай нормаларды әзірлеуге дайын. Меніңше, бұған уақыт келді. Бұлай жалғаса бермейді", - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Бұған дейін оқу-ағарту министрі ата-аналарды педагогтердің жеке уақытын құрметтеуге шақырып, мектеп чаттарындағы қарым-қатынастың түсінікті ережелерін бекіту қажеттігін айтқан болатын. Сүлейменова сабақтан кейін мұғалімнің жұмысы аяқталмайтынын еске салды: педагогтер дәптер мен бақылау жұмыстарын тексеріп, келесі оқу күніне дайындалуы, сондай-ақ демалу мен күш жинауға уақыт табуы керек.
Бұл ретте министр бұл жерде ата-аналардың мұғалімдермен араласуына тыйым салу туралы сөз болып отырған жоқ екенін атап өтті. Балаға қатысты расында шұғыл жағдайлар туындағанда, педагог жұмыс күні аяқталғаннан кейін де жауап бере алады.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу