Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Еліміздің ең көрікті демалыс орындарының бірі – Бурабай курорттық аймағында «100 Sarbaz» атты ауқымды әскери реалити-шоу өтуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жобада Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және түрлі спорт клубтарының командалары бақ сынайды. Сайыс Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждің «Амандық» оқу орталығынында өтіп жатыр.
Реалити-шоу аясында қатысушылар әскери дайындықты, төзімділікті, күш-жігерді және командалық бірлікті талап ететін түрлі сынақтардан өтеді. Жарыс алаңындағы тартысты сәттер мен шатырлы қалашықтағы қатысушылардың күнделікті тыныс-тіршілігі тәулік бойы бейнебақылау камералары арқылы таспаға түсіріліп, көрермен назарына ұсынылып отырады. Бағдарлама Jibek Joly телеарнасынан эфирге шығады. Жобаның жүргізушісі – белгілі театр және кино актері Дәурен Серғазин.
Әр команда құрамына 10 әскери қызметші енген. Қазақстан Қарулы күштері атынан жобаға бес команда қатысады. Олар – Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері, Әскери-теңіз күштері, Десанттық-шабуылдау әскерлері және Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждің командасы.
Жоба сегіз бөлімнен тұрады. Әр шығарылымның қорытындысы бойынша ең аз ұпай жинаған команда жобамен қоштасады. Мұндай формат қатысушылар арасындағы бәсекені күшейтіп, әр кезеңнің тартымдылығын арттыра түседі.
«100 Sarbaz» жобасының басты мақсаты – жастардың бойында патриотизмді қалыптастыру, Отан қорғау міндетіне деген құрметті арттыру және әскери қызметтің маңызын кеңінен насихаттау. Сонымен қатар, жоба әскери мамандықтың жауапкершілігі мен маңызын таныстырып, қоғамның Қарулы күштерге деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Әскери реалити-шоу 2026 жылғы 11 тамызға дейін жалғасады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.