Burger King те дау: Аутизмі бар қызметкердің құқығы қалай қорғалады?

16.02.2026

Azh.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Соңғы күндері Burger King желісінде жұмыс істеген 27 жастағы аутизмі бар қызметкер Әлібек Қаратайға қатысты жағдай қоғамда қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды NEGE.

Оқиға туралы Threads әлеуметтік желісінде Әлібектің анасы, әлеуметтік кәсіпкер Жанат Қаратай жазды. Оның айтуынша, ұлы Burger King Kazakhstan компаниясында төрт жыл бойы аспаз болып жұмыс істеген. Алайда жаңа аймақтық басшы тағайындалғаннан кейін оған қысым көрсетіле бастаған.

Жанат Қаратайдың сөзінше, күз айларынан бастап Әлібектің көңіл күйі өзгеріп, кейін оның жұмыстан кетуге мәжбүр болғаны белгілі болған. Анасы жаңа басшының инклюзивті орта қағидаттарын түсінбегенін және аутизмі бар адамдардың да өзге қызметкерлермен тең дәрежеде еңбек ете алатынын ескермегенін алға тартты. Қазір отбасы Әлібектің адамдарға деген сенімін қалпына келтіруге тырысып жатқанын жазды.

Қоғамда резонанс тудырған жағдайға байланысты Burger King Kazakhstan өкілдері түсініктеме беріп, компанияда ішкі тексеру басталғанын хабарлады. Компания мәліметінше, Әлібек Қаратай жұмыстан шығарылмаған және ресми түрде қызметкер мәртебесін сақтап отыр.

Ресми ақпаратқа сәйкес, 2026 жылғы 29 қаңтарда HR департаментіне қызметкердің демалысқа шығу ниеті туралы хабарлама түскен. Осыдан кейін Әлібек уақытша жұмысын тоқтатқан. Алайда белгіленген тәртіпке сай ресми өтініш берілмеген. 6 ақпанда оның анасы компанияға келіп, ұлының жұмыстан шығу туралы өтінішін тапсырған. Компания өкілдері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес мұндай өтінішті қызметкердің өзі жазуы тиіс екенін атап өтті.

Сонымен қатар компания Әлібекке басқа мейрамханаға ауысу мүмкіндігін ұсынғанын хабарлады. Қазіргі уақытта ұжымдағы жағдайды зерделеу және барлық стандарттардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында ішкі талдау жүргізіліп жатыр. Компания өкілдері қоғамды расталған деректерге сүйенуге және асығыс қорытынды жасамауға шақырды.

Бұл жағдайға байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де мәлімдеме жасап, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаменті оқиғаның мән-жайын тексеріп жатқанын хабарлады. Ведомство өкілдері еңбек заңнамасы аясында барлық фактілерге құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.

Бүгін, 10:58

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью