БҰҰ да Қазақстанның UN Water халықаралық ұйымын құру бастамасы таныстырылды

21.03.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Іс-шараға Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров қатысты. Ол өз сөзінде су ресурстары қоғамдық денсаулықтың, азық-түлік қауіпсіздігінің және орнықты дамудың негізі екенін атап өтті. Сондай-ақ суға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету әділеттілік пен инклюзия мәселелерімен тікелей байланысты екенін айтты.

Қазақстан тарапы климаттың өзгеруі, экожүйелердің деградациясы, тұрақсыз тұтыну және гидрологиялық циклдің бұзылуы салдарынан жаһандық су ресурстарына түсетін қысым күшейіп отырғанын мәлімдеді. Қауіпсіз ауыз су мен санитарияға қолжетімділік тапшылығы сақталып отырған жағдайда халықаралық ынтымақтастықты нығайту және су саласындағы жаһандық басқару жүйесін жетілдіру ерекше маңызды екені атап өтілді.

Осыған байланысты іс-шара қатысушыларына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-80 реформасы аясында БҰҰ қамқорлығымен мамандандырылған халықаралық су ұйымын құру бастамасы таныстырылды.

– Бұл бастама институционалдық тиімділікті арттыруға, функциялардың қайталануын азайтуға және су мәселесіне тиісті саяси деңгей беруге бағытталған, – деп мәлімдеді ҚР СІМ.

Сондай-ақ аталған мәселе бойынша алғашқы халықаралық консультациялар биыл сәуір айында Астанада өтетін өңірлік экологиялық саммит аясында ұйымдастырылатыны хабарланды. Қазақстан БҰҰ-ға мүше мемлекеттер мен серіктестерді су мәселесіне қатысты диалогқа белсенді қатысуға шақырды.

Еске салайық, 2025 жылғы 20 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Токиода өткен «Орталық Азия – Жапония» диалогының алғашқы саммитінде Қазақстан БҰҰ аясында жаңа халықаралық ұйым – UN Water International Organization құруды ұсынған болатын. Бұл құрылым су мәселесіне қатысты әртүрлі ұйымдардың өкілеттіктерін біріктіруге бағытталған.

Айта кетейік, БҰҰ отандық инклюзивті жобаны жоғары бағалады.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью