Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Оның айтуынша, Каспий теңізіндегі су деңгейі кейінгі 30 жылда шамамен екі метрге төмендеді, ал ғасырдың соңына қарай әлі де азаюы мүмкін.
- Каспий теңізі – ол бірегей экожүйе, әлемдегі ең үлкен жабық су айдыны. Ол бес елдегі миллиондаған адамдардың өмір сүруін қамтамасыз етіп отыр. Бірақ бүгінде Каспий өте қиын жағдайда тұр, яғни су деңгейінің төмендеуі порттарға, балық шаруашылығына, инфрақұрылым мен жағалаудағы елді мекендерге қауіп төндіреді, - деді Ингер Андерсен.
Ол осы ахуалға климаттың өзгеруі әсер етіп отырғанын, Еділден келетін су ағынының азаюын, ресурстарды шамадан тыс пайдалану қарқын алғанын атап өтті.
- Бірлесе әрекет етуіміз керек. Осы өңірдегі елдер бұл құлдырауды тоқтатудың жолын тауып, ынтымақтастықтың нақты тетіктерін әзірлеуі үшін Астанада өтіп жатқан Өңірлік экологиялық саммитте уағдаластық тетіктерін пысықтауы тиіс, - деді ол.
И.Андерсеннің айтуынша, осы жылы өңірлік іс-шаралар жоспарын аяқтап, ол ғылыми мониторинг, климатқа бейімделу және Каспий теңізінің экожүйесін қорғаудың жол картасы болуы тиіс.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Ресейге Еділ суын бірлесіп реттеу туралы ұсыныс жасайтынын жазған едік.
Бұған дейін хабарланғандай, Өңірлік экологиялық саммитте Әзербайжан Премьер-министрі Әли Асадов Каспий теңізі маңындағы елдердің күш-жігерін біріктіруге шақырды.