Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Ведомство мәліметінше, педиатриялық көмекті ұйымдастырудағы өзгерістер учаскелерді қысқарту немесе жүйені әлсіретуге емес, балаларды медициналық қолдаудың кеңейтілген кешенді моделін енгізуге бағытталған.
Баланы кешенді медициналық сүйемелдеуді қамтамасыз ету және мамандандырылған көмекті күшейту мақсатында 2025 жылдың маусым айынан бастап тұрғылықты жері бойынша емханаларда 366 педиатриялық бөлімше жұмыс істей бастады.
Педиатриялық бөлімшелерді құрудың негізгі міндеттері – туғаннан бастап балалардың денсаулығын жүйелі бақылау, даму бұзылыстарын ерте анықтауды күшейту, көпбейінді тәсілді енгізу, жалпы практика дәрігерлері мен педиатрлар арасындағы үйлестіруді арттыру және мамандандырылған көмекті отбасының тұрғылықты жеріне жақындату.
Бөлімшелер құрамына:
педиатр кабинеттері, Даму және ерте араласу орталықтары, патронаж қызметінің дәрігер-супервайзер кабинеті, мейіргер кабинеттері, баланы дамыту жөніндегі мамандар, тамақтану жөніндегі ресурстық орталық, шу оқшаулағышы бар аудиологиялық скрининг кабинеті, егу кабинеті және мектеп медицинасы кабинеті кіреді.Жаңа туған нәрестелерге, 3 жасқа дейінгі балаларға және ерекше қажеттіліктері бар балаларға ерекше назар аударылады. Даму ерекшеліктері анықталған жағдайда бала даму және ерте араласу орталығына жіберіліп, оны педиатр, патронаждық мейіргер, реабилитолог, логопед, психолог және басқа да мамандардан құралған көпбейінді топ сүйемелдейді.
2025 жылдан бастап медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарының базасында 336 даму және ерте араласу орталығы жұмыс істейді. Бір жыл ішінде бұл орталықтарда 72 мыңнан астам балаға консультация беріліп, даму бұзылыстарын анықтау көрсеткіші 21,5%-ға артқан.
Ата-аналарға медициналық көмекпен қатар, бала күтімі, тамақтандыру, дамыту және тәрбиелеу мәселелері бойынша да түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Министрлік мәліметінше, қолданыстағы медициналық-санитарлық алғашқы көмек моделінің негізінде отбасылық-бағдарланған тәсіл жатыр. Отбасы біртұтас жүйе ретінде қарастырылып, медициналық қолдау жан-жақты әрі үздіксіз жүзеге асырылады. Бұл модельде барлық отбасы мүшелерінің, соның ішінде балалардың денсаулығын бақылауды қамтамасыз ететін жалпы практика дәрігерлері шешуші рөл атқарады.
Денсаулық сақтау министрлігі педиатриялық қызметті нығайту бойынша жұмысты жалғастырып, әрбір балаға білікті медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ететінін мәлімдеді.
Айта кетейік, Қазақстанда педиатр қабылдауы қызметінің құны қанша теңге болатынын мынау сілтеме арқылы біле аласыз.