Qazaq24.com, 7kun.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) активтерінің бір бөлігін шетелдік нарықтарға инвестициялап отыр.
Соның ішінде Таяу Шығыс елдеріне салынған қаражат көлемі 367,2 млрд теңгені құрайды.
Ұлттық банктің мәліметінше, бұл қаржы өңірдегі сенімді компаниялар мен үкіметтердің бағалы қағаздарына орналастырылған. Яғни қор шетелдік облигацияларды сатып алып, пайыздық табыс табуда.
Қордағы жалпы актив көлемі 25,9 трлн теңгеге жеткенін ескерсек, Таяу Шығысқа бағытталған инвестициялар оның шамамен 1,4%-ын ғана құрайды.
Сарапшылардың айтуынша, өңірдегі геосаяси тұрақсыздық белгілі бір тәуекелдер тудыруы мүмкін. Дегенмен БЖЗҚ қаржысы салынған елдердің басым бөлігі, әсіресе Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясы, жоғары инвестициялық рейтингке ие. Бұл олардың қарыз міндеттемелерін орындау қабілеті жоғары екенін білдіреді.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк өкілдері теңгенің нығаюы салдарынан наурыз айында зейнетақы қоры шамамен 240 млрд теңге инвестициялық табыстан қағылғанын мәлімдеген еді.