C5+1 формат: Мәдени ықпалдастықты ілгерілету бастамасы

06.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Өткен жылдың қараша айын­­­да Вашингтонда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаты­суымен «Орталық Азия – АҚШ» саммиті өткен болатын. Саммит қорытындысында қатысушы мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа бағыттары ай­қын­далып, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше мән берілді.

Осы уағдаластықтарды іске асыру мақсатында Ташкент қаласында Орталық Азия елдері мен АҚШ мәдениет министрлерінің C5+1 форматындағы кездесуі өтті. Қазақстан тарапынан жиынға Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты. Іс-шараға сондай-ақ АҚШ Мемлекет­тік хатшысының қоғамдық дипломатия және қоғамдық байланыс­тар мәселелері жөніндегі орынба­сары Сара Роджерс қатысты.

Кездесу барысында тараптар мәдени-гуманитарлық ынты­мақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Аида Балаева Мемлекет басшылары саммиті аясында мәдени мұраны сақтау жөніндегі Бірлескен мәлім­деме қабылданғанын атап өтіп, бұл құжат мәдени құндылықтар­ды қорғау, музей ісі саласындағы ықпалдастықты дамыту және мәдени мұраны цифрландыру бағытындағы көпжылдық әріптестікті нығай­туға арналған ортақ ұстанымды айқындайтынын жеткізді.

Министр C5+1 форматындағы ынтымақтастық аясын кеңейту бірлескен жұмысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, мәдениет және креативті индустриялар са­ласындағы өзара іс-қимылды кү­шейту, цифрлық жобаларды дамыту, кәсіби тәжірибе алмасуды жолға қою, туристік маршруттарды ілгерілету және халықаралық серіктестікті кеңейту алдағы кезең­дегі негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді.

Кездесу қорытындысында қа­ты­сушылар Орталық Азия елдері мен Америка Құрама Штаттары мәдениет министрлері кеңесінің хаттамасына қол қойды. Құжатта тараптар мәдени мұраны сақтау жөніндегі Бірлескен мәлімдеменің ережелерін іске асыруға бейілділігін қуаттап, өнер, әдебиет, театр, кинематография және музыка салаларында бірлескен іс-шаралар мен фестивальдар өткізу арқылы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаласты.

C5+1 форматындағы кездесу аясында Аида Балаева АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Сара Роджерспен де жеке кездесу өткізді. Келіссөздер барысында мәдениет саласындағы байланыстарды нығайту, сондай-ақ жасанды интеллект бағытында­ғы бірлескен жобаларды дамыту мәселелері талқыланды. Тараптар қол жеткізілген келісімдер алдағы уақытта өзара әріптестікті кеңейтуге берік негіз болатынына сенім білдірді.

Ташкенттегі халықаралық кездесу алаңы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға да мүмкіндік берді. Осыған орай Аида Балаева Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі Озодбек Назар­бековпен екіжақты кездесу өткізді.

Тараптар екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыс­тарды дамыту мәселелерін жан-жақты талқылап, әсіресе әдебиет пен театр өнері салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударды. Кездесу барысында 2024–2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының толық орындалғаны атап өтілді.

Келіссөздер қорытындысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Мәде­ниет министрлігі арасында ­2026–2027 жылдарға арналған мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі жаңа іс-шаралар жоспарына қол қойылды. Құжат екі ел арасындағы мәдени байланысты одан әрі нығайтуға, бірлескен іс-шаралар өткізуді кеңейтуге және ортақ жобаларды іске асыруға бағытталған.

Осылайша, Ташкентте өткен кездесулер мәдениет саласында­ғы өңірлік және халықаралық ын­тымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге серпін беріп, Қазақстан­ның Орталық Азия кеңістігіндегі мәдени ықпалдастықты дамыту­ға бағытталған бастамаларына халықаралық қолдаудың жоғары екенін көрсетті.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью