Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Елордадағы Конгресс-орталықта таң ондаған делегацияның келуімен және әртүрлі тілде қызу әңгімелесумен басталды. Олимпиада басталмай тұрып-ақ, орталық айналасы кішігірім әлем картасына айналды. Әр команда өз елінің бір бөлшегін ала келген.
Біреулер бірдей футболка киіп келсе, енді бірі мемлекеттік туын ұстап жүр, ал кейбірі ерекше бас киімдерімен бірден көзге түседі. Оқушылар танысып, бір-бірімен суретке түсіп, алдағы сындарды талқылап жатыр. Қобалжу мен қызығушылық қатар сезіледі - алда бірнеше жарыс күні күтіп тұр, бұл көптеген қатысушы үшін технологиялар әлеміне жол ашатын маңызды белес болмақ.
Фото © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол
Астанада жасанды интеллект бойынша үшінші халықаралық IOAI 2026 олимпиадасы ашылды. Әлемнің 103 елінен келген 120-дан астам команда елордада жиналып, машиналық оқыту, компьютерлік көру және жасанды интеллектінің өзге де бағыттары бойынша білімдерін сарапқа салып, күрделі есептердің шешімін табуға тырысады. Tengrinews.kz тілшісі ашылу салтанатына қатысып, Астана жас мамандарды қалай қарсы алғанын көріп қайтты. Алғашқы минуттардан-ақ бұл іс-шара жай ғана мектеп олимпиадасы емес екені байқалды.
Фото © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол
Бір кеңістікте ондаған елден келген мектеп оқушылары, тәлімгерлер мен команда жетекшілері бас қосты. Біреулер көршілерімен енді танысып жатса, кейбірі алдағы сынақтарды талқылап жатыр, ал енді бірі алдағы күндердің тығыз бағдарламасына іштей дайындалып үлгерген. IOAI 2026 іс-шараларына жалпы саны 500-ге жуық адам қатысады деп жоспарланған.
Сыртқы жеңілдік пен халықаралық мерекелік атмосфера астарында үлкен бәсеке жатыр. Астанаға қазірдің өзінде жасанды интеллект технологияларымен кәсіби деңгейде жұмыс істейтін оқушылар жиналды.
Фото © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол
International Olympiad in Artificial Intelligence - ең жас халықаралық ғылыми олимпиадалардың бірі. Алғашқы жарыс 2024 жылы Болгарияның Бургас қаласында өткен. Бір жылдан кейін қатысушыларды Бейжің қабылдады. Енді кезек Астанаға келді.
Екі жыл ішінде олимпиада жаңа мектеп жарысынан 103 ел мен аумақтың басын қосқан халықаралық алаңға айналып үлгерді.
Оқушылар үшін бұл - әлемнің түкпір-түкпірінен келген ең мықты құрдастарының арасында өз білімін тексеру мүмкіндігі. Ал елорда үшін - бір кеңістікте технологиялар мен әртүрлі елдің жас таланттары тоғысатын тағы бірнеше айтулы күн.
Фото © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол
Бір қарағанда, жасанды интеллект олимпиадасы үшін нейрожелілердің қалай жұмыс істейтінін жақсы білу жеткілікті сияқты көрінуі мүмкін. Алайда қатысушыларға ChatGPT-ге сұрақ қоюдан әлдеқайда күрделі жұмыс атқаруға тура келеді.
Мұнда математика мен бағдарламалауды терең білу, машиналық оқытуды, компьютерлік көруді және табиғи тілді өңдеуді түсіну қажет.
Оқушының алдына тапсырма қойылады. Әрі қарай бәрі оның өзіне байланысты: алгоритмнің қалай жұмыс істейтінін түсіну, қолайлы әдісті таңдау, код жазу және нәтижені талдау қажет.
Дайын жауап мұнда айтылмайды.
Фото © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол
Жарыс үй тапсырмасы ретіндегі танысу кезеңінен және Астанада өтетін екі жеке турдан тұрады. Бірінші турда қатысушылар алдын ала танысқан есептермен жұмысты жалғастырады. Екінші турда оларды мүлдем жаңа шарттар күтеді.
Ғылыми комитет әрбір офлайн тур үшін негізгі тапсырмаларды дайындады. Қатысушылар дайын құралдарды жай қолданып қоймай, модельдердің мәніне үңіліп, деректермен жұмыс істеп, стандартты емес шешімдер іздеуі тиіс.
Одан кейін командалық жұмыс басталады.
Финалдық командалық сында он мықты команда Alem.ai-ға аттанады. Онда олар өз шешімдерін соңғы нүктесіне дейін жетілдіріп, кейін сарапшылар алдында қорғап шығуы керек.
Олимпиаданы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашты. Қатысушыларға арнаған сөзінде ол қазақстандық оқушылардың былтырғы Бейжің олимпиадасындағы нәтижесін - үш алтын, бір күміс және үш қола медаль алғанын еске салды.
Ақорда баспасөз қызметінің фотосы
"Ел мерейін асыратын бұл жетістік жастарымыздың зияткерлік және шығармашылық әлеуетінің зор екенін көрсетеді", - деді Президент.
Қазақстанның цифрлық болашағы туралы айта келе, Тоқаев жасанды интеллект мемлекетті, экономиканы және бизнесті басқарудың маңызды құралына айналып, қоғамдық өмірдің барлық саласына біртіндеп еніп жатқанын атап өтті.
"Дәл осы олимпиадада әлемді өзгертетін жаңа идеялар мен жобалар дүниеге келуі мүмкін", - деді Мемлекет басшысы.
Ақорда баспасөз қызметінің фотосы
Ашылу салтанатына "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин де қатысты. Ол Telegram негізін қалаушы Павел Дуровтың қатысушыларға қолдау көрсеткенін атап өтті.
"Павел Дуров IOAI қатысушыларына қолдау білдіріп, олимпиада жеңімпаздары үшін 214 эксклюзивті Intelligence Cups шығарылатынын жариялады. Әрбір медалист осы марапаттардың біріне ие болады", - деді ол.
Мусиннің айтуынша, Дуров марапаттардың ең төменгі сатып алу құнына кепілдік берген, ал олардың болашақтағы нарықтық құны шектеулі мөлшеріне байланысты бұдан да жоғары болуы мүмкін.
Ақорда баспасөз қызметінің фотосы
Дегенмен, Қазақстан құрамасы үшін басты марапат - өз алаңында жүлдеге таласу мүмкіндігі болмақ. Бір жыл бұрын жекелей сында Әбу Қанабек, Сұлтанби Исатай және Жәнібек Қасымқан алтын иеленген болатын. Үшеуі де әлемдік финалдың ең үздік 24 қатысушысы қатарына кірді.
Фото © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол
2026 жылғы құрамаға өту жолы да оңай болған жоқ.
Онлайн іріктеуден кейін Қазақстанның түрлі өңірінен ең үздік 40 оқушы Астанаға шақырылды. Екі күн бойы олар мықтыларды анықтау үшін күрделі практикалық тапсырмаларды шешті. Енді Қазақстан құрамасы өз елінде өнер көрсетеді.
Алайда өз алаңында өнер көрсету жарыс жеңіл өтеді дегенді білдірмейді. Астанаға математика және бағдарламалау мектептері мықты саналатын елдердің ұлттық іріктеу жеңімпаздары жиналды.
Фото © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол
Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада қатысушыларының арасында Ямайка өкілдері де бар. Мэтью Уильям үшін Қазақстанға жасаған бұл сапары осындай деңгейдегі жарыстарға екінші рет қатысуы.
Фото © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол
Былтыр ол Пекинде өткен олимпиадада өз елінің намысын қорғап, үйіне күміс медальмен оралған.
"Мен осы салаға ғашық болдым деп ойлаймын. Математиканы және онымен байланыстының бәрін қатты жақсы көремін. Маған жасанды интеллект - болашақтың еншісінде, ал жасанды интеллектінің өзі математикамен тығыз байланысты сияқты көрінеді. Сондықтан менің қызығушылықтарым айналысып жүрген ісіммен үндеседі", - дейді қатысушы.
Дегенмен, Мэтью олимпиадада тек медальдан дәмелі емес. Ол басқа қатысушыларды қарсылас деп атауға асықпайды - ол үшін бұл, ең алдымен, әлемнің түкпір-түкпірінен келген құрдастарымен танысуға, тәжірибе алмасуға және жаңа білім алуға мүмкіндік.
Былтыр ол күміс жеңіп алған болатын. Бұл жолы тұғырдың ең биік сатысына көтерілемін деп үміттенеді.
Думанды делегациялар арасында өз командасынан оқшаулау тұрып, толқумен көпшілікке қарап тұрған бір жас жігіт назарымызды аударды. Ол іштей алгоритмдерді қайталап, алдағы сайысқа дайындалып жатқандай көрінді.
Фото © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол
Біз жағдайды біліп, Қытай құрамасының дайындығын сұрау үшін қасына бардық.
"Бұл менің осындай деңгейдегі алғашқы халықаралық турнирім, сондықтан қобалжу бар екені рас. Бала кезімнен компьютермен дос болдым, жүйе баптауларын шұқылап отырғанды ұнататынмын. Кейін олимпиадалық информатикаға келдім, содан жасанды интеллектіге деген терең қызығушылық туды", - деді Ишен Чжан жылы жымиып.
Бізбен сөйлесе келе, Ишен біртіндеп еркінси бастады. Қарсыластар туралы сұраққа ол еш менмендіксіз жауап беріп, өз командасы үшін негізгі бәсекелестерді атап өтті.
"Польша мен Ресей құрамалары бұл салада өте мықты екенін, олардың базасы өте қуатты екенін білеміз. Біз де қалыспауға тырысып, барымызды саламыз!" - деп қосты Ишен күлімсіреп.
Қытай құрамасының жоспары өте маңызды: жекелей сында жігіттер "алтынды" көздесе, командалық сайыста алғашқы ондықтан (топ-10) төмен түспеуді мақсат етіп отыр.
Сол арада Конгресс-орталықта тағы да бейтаныс тілдегі сөздер естіліп, біреулер кезекті кездесуге асығып, қатысушылар өз командаларына оралып жатты.
Фото © Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол
Олар танысып, шешімдерді талқылап, кодтың алғашқы жолдарын жазып жатқанда, жеңімпаздар кім болатынын дөп басып айту қиын.
Бірақ бүгін Астанада жасанды интеллект бойынша есептерді шешіп жатқан оқушылар арасында бірнеше жылдан кейін әлемдік университеттер, мемлекеттер мен ірі компаниялар таласатын технологияларды жасап шығаратын болашақ мамандар болуы әбден мүмкін.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу